Жүргеновті атқан кім?
Ол кезде Темірбек Өзбекстаннның наркомы (білім және мәдениет министрі) қызметін атқарып, абыройы асқақтап тұрған кез. Өзбекстанға дейін ол Тәжікстанда қаржы министрі қызметін атқарған. Парсы тілін бала күнінде Тұрмағанбет Ізтілеуовтен үйренгендіктен, тәжіктер арасына да тез сіңісіп кеткен. Ғабит Мүсірепов Ташкентте Темірбектің үйінде екі-үш күн қонып, жұмысқа барса жұмысқа, үйге келсе үйге, Темірбектің қасынан қарыс-қадым қалмаған. Темірбек тікелей Мирзоянға звондап, үш шартын қойған.– Бірінші шартым, әкем Қара деген кісі Сыр бойында мыңғырлаған малы бар дәулетті адам. Ертең елге барғасын «байдың баласы», «халық жауы» дейтін болсаңдар, қазір айтыңдар, Ташкентте қаламын, – деген.
– Келістік. Олай айыптамауға жол бермеймін, – депті Мирзоян.
– Екінші шартым. Мен Мәскеудегі Орталық бюроға мүше болуым керек.
– Неге? – деп Қазақстанның бірінші хатшысы таңданыспен сұраған.
– Қазақстанның білімі мен мәдениетіне бөлінетін қаржыны екі адам ғана шешуі керек. Бірі – Мирзоян, екіншісі мен Жүргенов. Үкімет басшысы Орталық бюроға мүше лауазым иесінің үстінен қаржылық құжаттарға өзгеріс енгізе алмайды. Қысқарту жасай алмайды.
– Жарайды. Келістік. Үшінші шартты да айтқан. Алайда, ұмытыңқырап қалыппын.
Сонымен не керек, 1933-37 жж. еліміз бойынша 4 мың мектеп, Алматыдағы Қ. Сәтбаев атындағы технологиялық университет, агроуниверситет, барлығы 7-8 жоғарғы оқу орнының салынуына мұрындық болып, онжылдық мектептің оқулықтарын жазуға барлық зиялылардың басын қосып, Абай атындағы опера және драма театрын салғызып, Жамбыл Жабаев, Күләш Байсейітова, Шара Жиенқұлова, Ғарифулла Құрманғалиев секілді мықты өнер иелерін Мәскеуге еліміздің мәдениет онкүндігіне өткізуге апарады.
«Ескіліктің насихатшысы» деп айыпталып, абақтыда жатқан Тұрмағанбетті босатқызады. Тұрмағанбет Ізтілеуовке Фердаусидің «Шахнамасын» аудартады. НКВД ілікті осы жерден табады. Жүргенов Ізтілеуовке зейнетақы тағайындау жөнінде шешім қабылдаған еді. Сол қағазды тіміскілер наркомның тартпасынан тауып, басын шырғалаңға салады. Негізі, осы кезде Жүргеновтен «халық жауын» шығару туралы Мирзоян тапсырма берген еді.
Енді міне таңырқайтын жағдайды қараңыз. 1938 жылы ақпанда Алматыдағы НКВД ғимаратының жертөлесінде жиырмаға жуық қазақ зиялысы атылып, қала сыртындағы Боралдай шұңқырына жүк көлігімен апарып төге салады. Темірбектің туған қарындасы ол кезде Ұзынағашта тұратын. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін күйеуі жұмыстан танымайтын өзге ұлт өкілін ерте келген екен. Қонақ келсе барын аузына тосатын қазақтың отбасы емес пе, күйеуі мен әлгі екеу ұзақ сөйлесіпті. Қарындасы орыс тілін білмейтін, ұқпайтын болғасын жолдасы:
– Мына келіп отырған кісі сенің ағаң Темірбекті атқан кісі екен. Сол сенен кешірім сұрауға келіп отыр. Темірбектің рухы маза бермей ұйықтай алмай жүрмін, - деп айтқанда жылай кеткен әйелі:
Құдайдың қарғысы атсын. Темкеңнің аруағы атсын! – деп жағасына жармаса кетіпті. Құр сүлдерін сүйреткен әлгі еврей сықырлауық есіктен ақырын ғана ілби шығып кеткен екен дейді.
Нұрлан СОҢҒЫБАЙҰЛЫ
kazakh-tv.kz