Қазақ театрының атасы
Сыр топырағынан талай тарландар, ақын-жырау, шайырлар, қазақ зиялылары шыққаны тарихтан белгілі. Ұлтының ұлылығын ұлықтаған, ақтық демі таусылғанша бар болмыс-бітімімен, пәк жүрегінің асыл сенімімен елі мен жерінің өркендеуіне баға жетпес қызмет атқарған ұлы тұлғалардың бірі де бірегейі – Темірбек Жүргенов.Қазақстандағы мәдениет, әдебиет, өнер саласының талантты ұйымдастырушыларының бірі, республиканың көрнекті мемлекет қайраткері, қалың жұртшылық арасында «Темір Нарком», «қазақтың Луначарскийі» атанып үлкен құрметке, зор беделге ие болған нар тұлғалы азамат.
Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, көк аспанда қалың елге жол сілтеген, қазақ тілін қызғыштай қорыған Темірбек Қараұлы тек қана қазаққа ғана емес, иісі түркі жұртына мәлім, Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға, қаламы қарымды сыншы-көсемсөз иесі саналады. Текті ұл топырағы киелі Сыр елінде, яғни Жалағаш ауданының Жаңаталап ауылында 1898 жылы дүниеге келген. Сондай-ақ, Темірбектің ұстаздар жағынан да жолы болады. Олай дейтініміз, Сыр бойының белгілі ағартушы-ақыны Тұрмағанбет Ізтілеуұлы мен Аламесек орыс-қазақ мектебінде сабақ берген, қазақ тарихындағы алғашқы орысша-қазақша және қазақша-орысша сөздіктің авторы Досмұхаммед Букиннің тәлім-тәрбиесін алады. Алғашқы ұстазының шарапатты әсерімен жас бала бірнеше шығыс тілін меңгеріп, шығыс мәдениетінің жауһарларымен жастай танысса, соңғы ұстазының көмегімен Еуропа мәдениетін, соның ішінде орыс мәдениетін, әдебиетін, тілін, осы қоғамдағы озық идеяларды терең игерді. Мектеп бітірген соң, 1917 жылы Уфа жер шаруашылығы училищесіне оқуға түседі. Алайда, оны тәмамдай алмайды.
«Переводчиктің қиялы»
Сөз қадірін білетін, сөз баққан ортада өскен Т.Жүргеновтың 1920 жылы Орынборда «Ұшқын» газетінде жарық көрген «Переводчиктің қиялы» атты сықақ өлеңі бала жігіттің сөз өнерінде қара жаяу еместігін бірден танытқан. Абайдың «Болыс болдым, мінеки» өлеңінің үлгісінде жазылған бұл сахналық интермедия қазақ әдебиетіндегі сатиралық монологтардың алғашқы үлгілерінің бірінен саналады. Ұлы даланы отарлауда белсенділік танытқан Ресей патшалары мен жоғары лауазымды шенеуніктерін қадау-қадау атағаны әсте кездейсоқтық емес. ІІ Екатеринаны, Горчаков пен Обручевті, Перовскийді, Черняевті ұлттық тарихтың зорлықшылары ретінде айыптаған. Бір өлеңнің ішіне сол заматтағы жемқорлық, парақорлық сынды шенеуніктердің іс-әрекетін әсемдеп сыйғызады.
Жүргенов – тілді де тісті,
жігерлі де іскер адам
Ең алғаш еңбек жолын 1918 жылы «Қазақ мұңы» газеті редакциялық алқасының құрамына еніп, Торғайдағы кеңестер съезін шақыру бюросының мүшесі болудан бастайды. 1919 жылы Ырғыз уезі Кенжеғара болысы революциялық комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалған. 1920 жылы БК(б)П қатарына өтіп, Ырғыз уездік революциялық комитетінің, уездік жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. 1921-1923 жылдары Орынборда жұмысшы факультетінде оқиды. 1923 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің құқық факультетіне оқуға жіберіледі. Ал, 1926 жылы Ташкенттің қазақ педагогикалық институтының директоры болып тағайындалады. 1929-1930 жылдары Тәжікстан үкіметінің қаржы комиссары, 1930-1933 жылдары Өзбекстан үкіметінің халық ағарту комиссары, 1933-1937 жылдары Қазақстан үкіметінің халық ағарту комиссары қызметтерін атқарды. Ол Қазақстанның халық ағарту комиссариаты жұмысына С.Аспандияров, Қ.Жұбанов, Ғ.Мүсірепов сияқты қайраткерлерді тартты. Осы орайда, 30-жылдар басында Голощекин лаңынан кейін тұралап жатқан ұлттық білім мен мәдениеттің тамырына қан жүгіртіп, 4000 мектеп салдырып, қазақтың «Луначарскийі» атанған ағарту комиссары, тұңғыш ұлттық опера өнерін дүниеге келтірген, 1936 жылғы Мәскеудегі сәтті өткен қазақ өнер декадасы, «Шахнаманың» тұңғыш қазақшаға аударылуы, «Хан Кене», «Жалбыр», «Шұға» пьесаларының алғаш көрсетілімдері, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін өзі басқаратын мәдениет комитетінің қарауына алуы ойға оралады. Жанашыр азамат қазақ жастарының КСРО-ның орталық қалаларындағы оқу орындарында білім алуына көмек көрсетіп отырды. М.Әуезов, Ж.Шанин, Ә.Қастеев, т.б. қайраткерлердің шығармашылық жұмыспен айналысуына жағдай жасады.
Т.Жүргенов 30-жылдардың басында әдеби сын мақалалар жазуға, соның ішінде театр сынына көбірек көңіл бөлген. Тарихшы Рамазан Сүлейменов: «Театрдың жұмысына Жүргенов талантты қазақ ақын-жазушылары – Сейфуллинді, Майлинді, Әуезовты, Мүсіреповты, Мұқановты және басқаларды тартты. Ол бұлардың барлық дерлік сценариясы мен либреттосын талқылауға тікелей өзі қатысып отырды. Жүргенов театрдың ұлттық режиссер кадрларын даярлауда көп еңбек сіңірді. Ол Москвадағы театрлық жоғары оқу орындары мен студияларында қазақстандық жас артистер үшін арнайы орын бөліп отыруына қол жеткізді. Темірбек Қараұлы Станиславскийдің жүйесін кең насихаттады және мұның нәтижесі қазақтың талантты режиссері Жұмат Шаниннің шығармашылығынан айқын көрінді. Темірбек қазақ өнерінің қанат жаюына қыруар тер төкті» – деп жазады. Ал, белгілі өнер қайраткері Құрманбек Жандарбеков ол туралы: «Біз оны қазақ театрының атасы ретінде білеміз. Біз оны қазақ өнері мен әдебиетінің білімдары ретінде танимыз. Біз оны Қазақстандағы оқу-ағарту ісінің талмас жанашыры ретінде білеміз», — дейді.
Сол бір естен кетпес 1937 жылы басталған жаппай саяси қуғын-сүргін науқаны қыруар игі істердің басы-қасында жүрген Т.Жүргеновті де өзінің шеңгеліне іле кеткені белгілі. Оған «халық жауы, ұлтшыл, кеңеске қарсы терроршы-көтерілісші, шпиондық-диверсанттық ұйымдарға басшылық еткен, жұмыстарына белсене араласқан» деген сияқты ақылға сыймайтын бірнеше айыптар тағылған. 1938 жылы 25 ақпанда ату жазасына кесіліп, Алматының ігесіндегі Қандысай деген жерінде қаза табады. Бұл кезде есіл ердің жасы небәрі 39-да болса керек. Қоғамда әділеттік орнап, қазақ тілі салтанат құру үшін аянбай тер төккен мемлекет және қоғам қайраткері Т.Қараұлы 19 жылдан соң яғни, 1957 жылы 16 көкекте КСРО Жоғары сотының әскери коллегиясының қаулысымен заң жүзінде толық ақталады. Мұқым қазақ елі Т.Жүргеновтың еңбегін ескерді. Оның асыл армандары орындалып, 1993 жылы Алматыдағы қазақ ұлттық өнер академиясына Т.Жүргеновтің есімі берілді. Алматы, Қызылорда қалаларында, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы мен Қызылорда облысының Жалағаш аудандарында Т.Жүргенов есімімен аталатын мектептер мен көшелер бар. 1998 жылы Жүргеновтің 100 жылдығы республика көлемінде аталып өтті. Туған жері Жалағаш кентінде ескерткіш орнатылды. Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, публицист Т.Қараұлының 120 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтпек. Алдағы уақытта, ҚР МСМ ұйымдастыруымен Талдықорған қаласында 7 Орталық Азия театрларының халықаралық фестивалі, Астана қаласынан Т.Жүргеновтың ескерткішін орнату және Қызылорда қаласының сол жағалауында ашылатын жаңа аудан аумағынан көше беру мәселелері қолға алынуда.
Гүлнәр
ДҮЙСЕБАЙ.