Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОҚАН БИЛІГІ ТҰСЫНДАҒЫ СЫР ӨҢІРІ (АҚМЕШІТ ЖОРЫҒЫ)

ҚОҚАН БИЛІГІ ТҰСЫНДАҒЫ СЫР ӨҢІРІ (АҚМЕШІТ ЖОРЫҒЫ)



В.Перовскийдің Ақмешітті алу үшін жасаған келесі бір айласы жорық кезінде қоқандықтар мен хиуалықтардың күш біріктіріп шығуына тосқауыл қою үшін оларға қарсы дипломатиялық әдістерді қолдана отырып, екі хандықтың арасындағы араздықты өршітеді де Хиуаны соғысқа араласпауға көндіреді. Сонымен қатар Перовский Кіші жүздің билеуші сұлтандарына жорыққа қажетті заттарды таситын түйелерді қазақтардан күштеп жинап алу жөнінде тапсырма береді.Орынбор генерал-губернаторының бұл нұсқауы қазақтардың ашу-ызасын келтіргені соншалықты, шыдамы таусылған қазақтың көптеген рулары Есет Көтібарұлына барып қосылады да, Ақмешіт жорығына түйе жинап беруге көмектескен сұлтандар мен билердің ауылдарын шабады. Сыр өңірінің қазақтары өздерін жаулауға шыққан патша әскерлерінің жорығына барынша зиян келтіріп, оны әр түрлі амалдармен тоқтатуға тырысты.
Тіпті, жергілікті тұрғындар патша әскерлеріне Ақмешітке баратын оңай жолды көрсетуден бас тартқан. Мәселен, 1854 жылы 8 қаңтардағы Перовскийдің Сырдария шебінің қолбасшысына жіберген нұсқауында: «...Ал Досбол би осының алдында да бізге оң пейілін көрсетпеген болатын. Сұлтан басқарушылардың талабы бойынша оған Ақмешітке баратын жолдарды көрсет деген кезде ол және оның руластары Жөлектің маңында көшіп жүрсе де, жолды білмейтіндігін айтып, жол көрсетуден бас тартты», - делінген.
Орыс әскерлерінің Ақмешіт қаласында жорығы алдындағы дайындық барысында Орынбор қаласына түрлі себептермен көптеген көрнекті ғалымдар, өнер қайраткерлері бас қосты. Олардың ішінде композитор А.Алябьев, орыс түсіндірме сөздігінің авторы В.Даль, жер аударылған ақын А.Плещеев пен суретші Т.Шевченко, шығыстанушы ғалымдар А.Макшеев, Н.Ханыков, суретші баталист В.В. және т.б. болған.
1853 жылы 22 сәуірде әскер саны анықталғаннан кейін патша әскерінің Ақмешітке қарай жорығы басталады. Деректер бойынша жорыққа 1 генерал, 6 штаб офицері, 34 обер-офицер, 16 шенеунік, 113 унтер-офицер, 9 кернейші, 1561 қатардағы жауынгер, 424 саптан тыс жауынгерлер қатысқан.
Патша өкіметі бұл әскери іс-шараға жоғары деңгейде дайындалып, сол уақыттағы орыс әскерінің барлық түрлері: жаяу әскер, атты әскер, зеңбірек батареялары, инженерлік топтар, саперлік бөлімдер, казактар және әскери флотилия кірген. Жорыққа кейін тағы да 2 обер-офицер мен 158 жауынгер қосылып, жорық әскері 1068 түйеге артылған азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Бутаков бастаған «Перовский» кемесі мен «Обручев» баржасы қосымша күш ретінде Сырдария өзенімен жоғары қарай жорық әскеріне ілесіп жүзді.
Ақмешітке жеткен Перовский бастаған патша әскерлері бекініске тіке шабуылға шығуға бата алмай, бекіністі қоршауға алып, батареяларды орналастыру үшін оның жан-жағынан траншеялар қазады. Бекіністі қорғаушыларға сырттан көмекке әскер келтірмеу амалын қарастырған Перовский Жаңадариядағы тоспаны бұзып жібереді.
Кейін орыстардаң осы амалы өз-өзін ақтады. Себебі Ақмешітке көмекке келе жатқан қоқан әскері тоспадан жайылған судан өте алмай, уақыттарын өткізіп алады. Жорыққа шыққан әскердің азық-түлігі санаулы күнге ғана жететін болғандықтан, В.Перовскийдің бекіністі қоршау арқылы бағындырмақ болған жоспары іске аспады. Оған қоса бекініс маңайындағы қазақтар да басқыншыларға мал мен жем-шөп сатудан бас тартты.
В.Перовский енді шешуші шабуылға көшпесе, онда жағдайының қиындай түсетінін біліп, 1853 жылы 8 шілдеде барлық батареялардан бекініске қарай оқ жаудырды. Бекіністі қорғаушылар жаудың күші әскери техникалық жағынан да, адам саны жағынан да көп басым болғанына қарамастан ұзақ уақыт төтеп беріп, патша әскерлерінің зеңбіректерден атқылауына қарсы шабуылмен жауап беріп, бірнеше орыс әскерін өлтіріп кетеді. Бекіністі қорғаушылардың ерлігіне Перовскийдің өзі де таң қалып, Булгаков деген досына жазған хатында былай дейді: «Бекіністегі 300 адамды өз еркімен берілуге мәжбүр ете алар емеспіз».
Қоқан хандығындағы өзара таластар, Ұратөбе билеушісі Абду-Гафардың Хұдияр ханға қарсы шығуы сияқты Қоқан хандығының өз ішіндегі бытыраңқылық Ақмешіт бекінісін Ресей империясының тез жаулап алуына жағдай жасады. Бірақ, осыған қарамастан, ташкенттіктер Ақмешітті қорғап жатқан өз қандастарына көмекке әскерлерін жібере алады. Қоқандықтардың күшті әскері Ақмешітке қарай көмекке келе жатыр деген хабар алғаннан кейін, В.Перовский жолдағы өткелдерден қоқандықтарды өткізбеу үшін, күшейтілген орыс әскерлерін жібереді де, генерал И.Падуровқа Жөлекті алуды тапсырады.
Генерал Падуровтың Жөлекті алып, жағдайы оңтайланған В.Перовский Санкт-Петербургтен алып келген галваникалық құралдарды қолдану арқылы Ақмешіт бекінісінің қабырғасын бұзып, күшті артилериялық атқылауға ұшыратады.
Ақмешіт бекінісін қорғаушылар өз күштерінің әлсіздігіне қарамастан, орыс әскеріне қарсы үш аптадан аса ерлік пен қарсы тұрып, аянбай соғысады. В.Перовский бекіністі қорғаушылардың берілуге дайын тұрғанына қарамастан 27 шілдеде 3 мыңдай жақсы қаруланған әскермен бекіністің ішіне басып кіреді.
Ақмешіт үшін болған шайқаста қорғаушылардың 206 адамы өліп, 35 адам жарақаттанса, орыстар жағынан 9 адам өліп, 16-сы ауыр жарақаттанып, 30 адамы жеңіл жарақат алған.
Тұтқынға түскен 74 қоқандықтың біреуі ғана бұхаралық саудагер, қалғандарының барлығы жергілікті жердің қазақтары болып шықты. Олардың бәрі кейін орыс билігіне қарсы шықпаймыз деген уәде бергеннен соң ауылдарына қайтарылған. Ақмешітті басып алған патша өкіметі бекініске мыңға жуық әскермен бірге 16 зеңбірегі бар күшті гарнизонды орналастырады. Сол жылдың 26 тамызында І Николай Ақмешіт бекінісін Орынбор генерал-губернаторының құрметіне «Перовский» форты деп өзгертті.
Осылайша, Перовский бастаған орыс әскерлерінің Сыр бойына жасаған басқыншылық жорығы Ресей империясы үшін әскери стратегиялық және саяси – экономикалық жағынан аса маңызды болды. Орыс әскерлерінің Ақмешітті басып алуы Ресей империясының иелігіне 500 шақырымдық жерді қосып қана қойған жоқ, бүкіл Кіші жүз қазақтарының жайлауларымен бірге қыстауларына да бақылау жасауға мүмкіндік берді.
Әскери және саяси-экономикалық жағынан үлкен маңызы бар Ақмешіт бекінісінен айрылып қалғанына көнгісі келмеген қоқандықтар орыс билігінен оны қайтару жолында бар күштерін салып, жанталаса күресті. Қоқан хандығындағы билік үшін талас-тартыс пен қазақ қыпшақтары мен сарттардың арасында болған өзара қырқысу соғысының зардабы зор болды.
Ақмешіттің қоршауда болған уақытында оған дер кезінде көмекке келуі және орыс әскерлеріне тойтарыс беру мүмкін болмады. Яғни, Қоқан хандығындағы отырықшы халықтармен көшпенділердің арасында жиі болып тұратын билік үшін соғыстың салдарынан қоқандықтардың орыстарға қарсы күресі жүйелі түрде жүргізілмей, үзік-үзік бөліктерден тұрды.
Қорыта келе, Қоқан хандығы билігі кезіндегі Сыр өңірі халқының әлеуметтік тарихын жан-жақты зерделеп, ашып көрсету қажет. Сыр өңіріне қатысты Алматы, Ташкент, Москва, Орынбор, Санк-Петербург қалаларындағы мұрағаттардан құжаттарды саралап, ғылыми айналымға енгізу керек.
27 қыркүйек 2018 ж. 2 270 0