ЕЛ БІРЛІГІ – ЕҢ АСЫЛ ҚАСИЕТ
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынып, жас ұрпақтың бойынДа патриоттық сезімді қалыптастыру керектігі туралы айтты. Ал туған жерге сүйіспеншілік туған тарихыңды тереңнен білуден басталады. Еліміздің тарихында есімі алтын әріптермен жазылатын тұлғалар, халқына пана бола білген арда ұлдары, ел есінде қалған біртуар перзенттер бар. Ал, ел есінде қалған осындай өршіл рухты тұлғалар туралы бүгінгі жас ұрпақтың білгені жөн.«Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, адамзаттық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп, еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа! Елдік те, ерлік сияқты сын сағатта танылады. Ел бірлігі – ең асыл қасиет», - деген еді Мемлекет басшысы Н.Назарбаев. Қазақ халқының жадында қалған хандарының бірі – Абылай хан.
Абылай хан – мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломат. Арғы тегі – Жошы хан, бергі бабалары қазақ ордасының негізін салған Әз Жәнібек, одан соң еңсегей бойлы ер Есім хан, салқам Жәңгір хан.
Абылай – Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Жәңгір ханның Уәлибақы, Тәуке деген екі ұлы болады. Жәңгір қайтыс болып, таққа Тәуке отырғанда, Уәлибақы хандыққа өкпелеп, Үргенішті билеген нағашы атасы Қайып ханның қолына барады. Уәлибақының баласы Абылай жекпе-жекке шыққанда жауы шақ келмейтін батыр болыпты. Осы Абылайдан Көркем Уәли туады. Оның баласы Әбілмансұр «ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, үйсін Төле бидің қолына келеді. Аш-жалаңаштықтан жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап Төле би оған «Сабалақ» деп ат қойып, түйесін бақтырады.
Жазба деректерде Абылайдың шетел басқыншыларына қарсы табанды соғыс жүргізгендігі айқын көрсетіледі. 1752 жылы ол бастаған қазақ әскері шамасы 15-20 мың адамдай ойраттар қолының шабуылына тойтарыс береді. 1753 жылы желтоқсанда Абылай бес мың жауынгерімен жоңғар әскерлерімен шайқасып, бірталай қазақ жерін азат етті. 1754 жылы сәуірде Абылай бастаған 1700 қазақ әскері он мың қалмақпен соғысуға мәжбүр болса, сол жылдың шілде-тамыз айларында төрт мың әскермен Жоңғарияға жорық жасап, үш мың қалмақты тұтқынға алып келген. Арада екі жыл өткен соң Абылайдың бастауымен қазақтар қытайлар мен қалмақтардың біріккен күшімен екі рет шайқасып, оның бірінде жеңіліп, екіншісінде жеңіске жетеді. 1757 жылы Абылайдың алты мың әскері Қытайдың қырық мың әскерімен шайқасынан соң, қытайлар Абылайдан бітім сұрады.
1771 жылы жасы жеткен Әбілмәмбет хан дүние салды. Қалыптасқан дәстүр бойынша орта жүздің ханы болып, не Әбілмәмбеттің інілерінің бірі, не үлкен ұлы Әбілпейіз сайлануға тиіс еді. Алайда, басты сұлтандардың, старшындардың, Әбілпейіздің өз қалауымен үш жүздің басшы өкілдері Түркістанда Абылайды хан көтерді. Абылай іс жүзінде жалғыз орта жүздің ғана емес, бүкіл қазақ ордасының ұлы ханы болды. Тарихи деректер, аңыз жырлар да Абылайдың үш жүздің әміршісі ретінде ардақталғанын көрсетеді. Қытай императоры, Жоңғария хандығы, Орта Азия мемлекеттері Абылайды бүкіл қазақ ханы деп ресми түрде танығанымен, Абылайханның беделінің өсіп бара жатқанынан сескенген Ресей патшасы Екатерина II Абылайға орта жүз ханы ретінде ғана сый-сыяпат көрсетті.
Абылай қаһарлы хан болумен қатар, қазақ халқының рухани қасиетімен еркін сусындаған дарынды күйші ретінде де танылды. Ол «Ақтолқын», «Алабайрақ», «Бұлан жігіт», «Дүние қалды», «Жетім торы», «Қайран елім», «Қара жорға», «Сары бура» тағы басқа күйлер шығарған.
Абылай өмірін ат үстінде, жорықтарда өткізді. Халқының азаттығы мен амандығын тілеген хан Абылай Арыс өзені жағасында қайтыс болды. Сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің ішінде Қабырхана мен Ақсарай арасындағы дәлізде жерленген.