Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘКЕМ АЙТҚАН ДИҚАН

ӘКЕМ АЙТҚАН ДИҚАН

Əр адамның алға қойған мақсаты болуға тиіс. Сонда ғана өз бағыт-бағдарын таба алады. Ал, сол мақсат мұратқа жетудің жалғыз жолы еңбек. «Еңбектің ащы тері мен тəтті дəмін татқан жан, өз сыбағасын алған адам» – деп əкем жиі айтады. Сондықтан болар, еңбек жайлы сөз бола қалса, ең алдымен Ыбырай Жақаевты үлгі етіп алады. Оның əрбір ісінен өнеге алып, табысын жіпке тізеді. Ыбырай атамның қолы тиген жер көктеп, көгеріп мол өнім береді дейді.
Əкем де күріш егіп, таңнан қара кешке дейін су кешіп, шаршап келгенде диқаншы болу неткен қиын іс еді деп шошына қарайтынмын. Сонда əкем «жұмыстың жеңілі жоқ, өзің сүйіп істесең шаршау дегенді ұмытасың» дейді. «Ақмая» шаруа қожалығында жұмыс жасайтын əкем күріштің қыр-сыры мен Ыбырай атам туралы жиі айтып отырады. Ыбырай Жақаев салмақты, ашудың емес, ақылдың, даудың емес, мəміленің адамы. Əр саусағы қамшының сабындай, қорғасыннан құйылғандай өте қарулы кісі болған деседі. Диқан баба жайлы қалам тартпаған, пікір айтпаған сол замандағы қазақ зиялысы кемде кем. Соның бірі қазақ əдебиетінің классигі Сəбит Мұқанов. Ол Ыбырайға «дала академигі» деген теңеу беріп, даңғайыр диқанмен сыйлас дос болған əдебиет алыбы. Тек ол ғана емес, «дəн патшасы, ақ күріштің атасы, бірнеше ғасырда дүниеге бір келетін ерекше жан» деген сынды теңеулер де жиі айтылып жатады. Ал, əкем болса ол кісіні еңбекқор, жерге деген сүйіспеншілігі мол, əрдайым шүкірлік пен қанағатты серік еткен адам дейді. Ыбырай атаның күріштің сұлулығын сипаттайтын бір сөздерін жиі айтады. Ол: «күріштің қадірін қазақ даласында Сыр елінен артық кім білген. Күрішті олар күміске теңеп, «күміс күрішке» баласа. Сылаңдаған перизат сұлу қызға теңеп, «Сыр сұлуы», «Сыр аруы» деп те атайды. Себебі, жер бетіндегі дəнді дақылдардың ешқайсысы су ішкені болмаса, су ішінде өсе алмаса керек-ті, ал, ақ күріш тек суда өседі. Су оның атасы да, анасы да. Егер сіз жаздың ыстық аптабында сол ыстықтан жер танабы қуырылған сұрғылт далаға барсаңыз, сол даланың өр төсінде толқып жатқан көкшіл теңізді көрер едіңіз. Сəл жел тұрса теңіз толқиды, бірде шалқиды, тағы бірде тулайды. Оны сіз шын теңіз деп қалмаңыз, ол күріш айдыны, күріш алқабы. Суда сыланып, таңғы шықпен шыланып, күн көзінде күлімдеп тұрған күріштің келбетінен сұлулығы көз тұндырған перизатты көргендей боласыз. Міне Сыр салысының сұлу көрінісі.
Ал, оның өнім беріп, дəнмен ту тұрғызған суреті тіпті бөлек. Бейнетпен келген астың дəмі де ерекше болары хақ. Сырдың сұлу күрішін сүйсіне жеп, тамсанып отырамын. Бұл күріште Ыбырайдың ықыласы, егіншілердің еңбегі, əкемнің əрбір тамшы тері бар деп мақтана жүремін. Еңбек ерді де, елді де көркейтеді. Ісің өнсін десең, Жер Ананы сүй, Ыбырайша еңбек ет деген əке сөзін үлгі етіп келемін. Еңбекпен келген бір уыс дəн – бізге азық, бойға қуат, жанға шуақ береді.
27 қараша 2022 ж. 2 597 0