Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алыста қалған атажұрт

Алыста қалған атажұрт


Мақалаға мән беріп, соңына дейін оқып шықсаңыз, тақырыпқа Түрік киносының атын не үшін қойғанымызды толық түсінесіз деп ойлаймыз.Күнделікті күйбең тірліктен бір сәт босап, көзіңізді жұмып, өткенді саралап, сүріп өткен өмір, жүріп өткен жолыңызды ой елегінен өткізіп көріңізші. Сізге ең ыстық, ең қызықты сәт болашаққа үлкен сеніммен қарап, асқақ армандармен арқаланған, келешектен тек жарқын жетістік, жақсылық күткізген балалық шағыңыз екендігі анық сезіледі. Ал, бұл кезең сіздің туған жеріңізбен байланысып, содан тікелей тамыр тартып тұрса ше? Қазақта «Туған жер-тұғырың, Туған жер-Қыдырың» деген тәмсіл бар. Олай болса Қыдыр болып қолдап, қанаттандырып, өсіріп-өндірген орта, туған өлке, «алыс­та қалған» атажұрт кімді де болса өзіне тартып, балалық балдәурен сүрген жылдарымен, қызықты естеліктерімен құнды болмақ.
Адам баласы есейе келе тек естелік­термен өмір сүрмек. Көмескі тартып, санадан сөне бастаған сәттер туған ауылыңызға келгенде жадыңызда қайта жандана түседі. Туып-өскен жеріңіздің әрбір төбесі мен белі, жасыл желек шөбі, қырқасы мен ойпаңы, құмайт, сортаң, шөлі сізге алыста қалған балалық шағыңыздан сыр шертіп, өзіне қарай қол бұлғап шақырып тұрғандай.
Егер әке-шешеңіз қарт болса, оның жастық шағы, бұл өмірде жоқ болса, оның барлық кезі көз алдыңызда көрініс болып тұра қалады. Туған жер, туған ауыл адам баласына ата-анасын, туған-туысын, құлдыраңдап басып, жүгіріп, ойнап, күлген жерін, құрбы-құрдастарын, сыныптастарын, дос-жарандарының жарқын бейнесін көз алдына келтіреді.
Сондықтан да ол қымбат. «Алтын ұяң – Отан қымбат, құт-береке – атаң қымбат» деген аталы сөздегі «Құт-береке-ата» дегеніміз сірә, атажұрт, туған өлке болса керек. Бүгінде қазақ қоғамында үлкен рухани серпіліс басталды. Атажұртты ардақтау, оның құндылығын бағалауға басымдық берілуде. Мемлекет басшысының өзі бас болып, бұл бағытқа баса мән беріп отыр.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындаған «Туған жер» бағдарламасы аясында бү­гінде республика көлемінде айтулы шаралар ұйымдастырылып жатыр. Өсіп- өн­ген ортасынан шет шығып, шалғай кетіп, жетістікке жеткен азаматтарды «Туған жерге» ту тігуге шақыруда. Ірі кәсіпкерлер, айтулы абырой биігіндегі тұлғалар туған жеріне келіп, бір тал ексе де жақсылық жасасын деп үндеу тастап жатырмыз. Атажұрт алдындағы парызын, борышын өтеп, ауылдағы ағайындарға материалдық-рухани қолдау білдірсін, өзіндегі барлықты, материалдық-рухани байлықты жамағайын-ауылдастарымен, отандастарымен бөліссін деп жатырмыз. Осы тұрғыда «Туған жерге тағзым» акциялары өтіп жатыр. Отаншылдықты, патриотизмді, ұлтжандылықты насихаттаудан туындаған игілікті шараны ел-жұрт болып, жұмыла қолдайтын күн туды.
Туған жердің қадірі мен қасиетін бағалайтын кинофильмдер көп әлемде.
Жуырда яғни, 18 қараша күні кешкілік 19.00 шамасында республикалық КТК арнасында туған жер туралы керемет, әсерлі түрік киносы көрсетілді.
Режиссері Чаган Ырмак. Фильм 2011 жылы Грек және Түрік елдерінің аумағында түсірілген. Киноның таза түрікше атауы «Dedemin Insanlari». Ал, орысша аудармасы «Народ моего деда». КТК арнасында бұл киноның атауы «Алыс­та қалған атажұрт» тақырыбымен аударылып берілді.
Киноның мазмұнына қысқаша тоқтала кетсек артық болмас. Озан Ергеніш атты 10-11 жасар ойын баласы атасы Мехмет Явашқа көңілі толмайды. Себебі, атасы үнемі Измирдің жағалауына келіп, ішіне хат салынған бөтелкені теңізге лақтырып жүреді. Ал, бұны байқайтын көпшілік Мехмет шалды гректің тыңшысы деп лақап таратумен әуре. Осының әсерінен бала Озан өлердей намыстанып, үнемі атасына қырын қарап, ақылын алмай қырсығып әлек.
Мата сатушы Мехмет шалға неме­ресінің қысастығы замандасы Ержан бей арқылы белгілі болады. Бұзық баланың бетін бері қарату үшін ыңғайы келген бір күнгі отбасылық кешкі аста Мехмет өзінің бастан кешкен оқиғасын, теңізге не себепті бөтелке лақтыратындығын жайып салады.
Ол әңгімені «Кейбір нәрселерді ешқашан ұмытуға болмайды. Мысалы, өзіңнің туған жеріңді. Жастық шағыңның бір сәттік қана жарқ ете өте шыққан жерін естен шығарып, санадан өшіру мүмкін емес. Біздің барлығымыздың өзіндік естелігіміз бар. Жеті жасар кезім есімде қалыпты. Крит аралы. Теңіздің шуылы. Кешқұрым тынық сәттерде қыз-жігіттердің айтқан өлеңі, ауыл балаларының ойнап-күлген шуылы, теңіздің иісі» – деп бастайды. Одан әргі оқиға төмендегіше өрбиді....
1923 жылы Осман Империясы түпкілікті тарих сахнасынан кетіп, орнына жаңа Түрік Республикасы құрылады. Империяның бұрынғы отарлары өз алдына тәуелсіздік алып, дербес ел болып жатқан кез. Еуропа, Африка құрлықтарындағы үстем ұлт түріктер жаппай Түркияға қоныс аударып, кейбірі қудаланып, қашып келіп жатыр. Осы жылдары Грек жерінен 2 миллионнан астам түрік ұлтының өкілдері атажұрты Түркияға үдіре келіп, қоныстанады. Оралмандарға жергілікті түріктер қырын қарап, еуропалық елдерден көшіп келгендеріне «дінсіздер» деп ал, азиялық тараптан келгендерді «тыңшылар» деп бөліп жарады. Аталған жайт оралман түріктердің жанына қатты батады.
Бұл кезде Мехмет Яваш Грекияның Крит аралында туып-өсіп, ата-анасы, отбасымен бақытты күндер кешіп жатқан еді. Он жасар шамасы. Ес білген. Әкесі Хасан тас қалаушы ұста. Шешесі Патима наубайханашы. Мұстафа атты құндақтағы інісі бар. Сол 1923 жылдың аяғын ала Крит түріктерінің де басына қаралы күн туып, гректерге қарасты аралдан кетуге тура келеді. Мыңдаған түріктер бір күнде үйлерінен күштеп шығарылып, жолға қажетті киім-кешегін ғана алуға рұқсат етіліп, Криттің Түркияға қарасты жағалауына әкелініп тасталады. Жылап-сықтап жатқан жұрт. У-шу болған бала-шаға. Туған жер, туған ауылды тас­тап кету кімге де болса оңай соқпайтыны белгілі. Оның үстіне Крит түріктері бұл аралды мекендегініне 300 жылдан асқан еді. Жеті атасы осында өскен, осында өнген, осында жерленген жандар атын ғана естігені болмаса өзін өмірі көрмеген, білмеген тарихи отанына кетуге мәжбүр. Оның үстіне ол жақтағы күндері қалай болатыны тағы да беймәлім.
Босқындарды Түркиядан «Гүлжамал» атты алып кеме алып кетуге тиіс. Екі күн кешігіп кеме де жетеді. Бірнеше күн теңізде жүзіп, ашық палубада жатқан құндақтағы інісі Мұстафа сүзек тиіп, ауырып, шетінеп, денесі теңізге тасталады. Бұл оқиғалар бала Мехметтің жүрегіне мұз болып қатып, есінде мәңгі сақталады.
Измирге келіп, осында есейіп, ер жетеді. Үйлі-жайлы, күйлі-баранды болады. Қалаға белгілі ауқатты, қадірлі адам атанады. Күйеу баласы Ибрагим Измир қаласы әкімінің орынбасары.
Бірақ Мехмет шалдың көкейінде туған жерге деген сағыныш оты жыл өткен сайын лаулай түсіп, балалық шағы өткен аралды, Критті бір көруге асық болады. Жағалауға келіп, Критке қарап күрсінуі жиілейді. Бұл 1970 жылдардың ортасы еді. Визасыз шет елдің шекарасына аяқ басу мүмкін емес. Елде қайта-қайта әскери төңкерістер орын алып, азаматтардың әсіресе, көрші, жау пиғылды деп саналатын грек жеріне аяқ басуы мұңға айналған. Екі елдің де басшылығы осындай қатаң тәртіп орнатып қойған. Ал, Мехмет болса, күннен-күнге сағыныштан сарғайып, жүдеп барады. Туған жерді бір көруге құмбыл. Өмір болса өтіп бара жатыр. Крит аралының тұрғындарына арнап өзінің сол жақтағы туған үйінің мекен-жайын көрсетіп, хат жазып, өзінің үйі, ауласы, көшесі туралы естеліктерін қағаз бетіне түсіріп, бүгінгі ахуалынан хабар беруді, суретін салуды өтініп, үшбу хатты бөтелкеге салып, теңізге лақтырумен әуре еді. Міне, осы жайт Мехметтің «грек тыңшысы» атануына себеп болады. Осы әңгімеден кейін тентек Озан атасының жандүниесін түсіне бастайды. Оған деген көзқарасы өзгеріп, атасын жақсы көріп кетеді.
Не керек, арада бірқанша уақыт өтіп, ақыры ауырып, төсек тартып жатып қалған Мехмет өмірінің соңғы сағаты таяғанын сезеді. Бір күні таңертең ерте тұрып, кастюмін киіп, галстугін тағынып, Измир жағалауына келіп, Крит аралын бетке алып, теңізді кешіп, кете барады.
Өзі өлсе де сүйегі теңіз толқынымен туған жерге жетсе деген тілектен туындаған шешім еді бұл.
Әрине, Крит топырағы түрік ұлты үшін, түрік ұлы үшін өгей ел, өгей жер болса да Мехметтің ол жердегі жоғалтқан ең басты құндылығы туған жердің көзге көрінбейтін қасиеті еді.
Бұл қандай қасиет десеңіз сірә, көмескі тартқан естеліктерге толы жастық шақты жадыда қайта жаңғыртудан туған өткенге деген сағыныш пен іңкәрлік атты сезім болса керек.
Мақаланың соңын жасын ғұмыр жас кеткен айтулы ақын Төлеген Айбергеновтың «Аруана-бауыр дүние» атты өлеңімен қорытындылауды жөн көрдік. Аталған өлеңде ақын:
– Аруана жаудың қолына түссе,
ботасын шайнап өлтіріп,
Қаралы мойнын қайтадан артқа
бұрмастай халге келтіріп.
Жеріне тартып отырады екен моншақтап жасы боздаумен,
Омырауын шерге толтырып.
Апталап, айлап таңдайын мейлі
тасбауыр шөлдер құрғатсын,
Қазығын таппай тоқтамайды екен, мәңгілік тіпті түн қатсын.
Туған жер төсін аңсаумен өткен, аруана-бауыр дүние,
Сен маған осынау ақ жүрегіңмен қымбатсың – деген жолдар бар.
Иә, Қарақалпақстанның Қоңырат ауданында 1937 жылы туып, сонда өсіп, ер жетіп, тарихи отаны Қазақ еліне келіп, еңбек етіп, 1967 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының әдебиетті насихаттау бюросында ұйымдастырушысы қызметін абыроймен атқарып жүрген Төлеген Айбергенұлын да туған жері, Қарақалпақтың құмды даласы әрқашан сағыныш сазына бөлеп, өзіне тартып жүрсе керек. Орда бұзар отызында Қарақалпақстанға қайта барып, туған жерін көріп, талықсып, құлап, мәңгілік сапарға аттанып кете барыпты.
Қандай қасиет болсадағы саналы тіршілік иелері үшін туған топырақ, туған жер қымбат. Туған жерге ту тігіп, гүл егейік, түлетейік деген бүгінгі бастама қуантады. Құрметті оқырман, сіз бен біз, туған жердің қасиетін сезініп жүрміз бе? Шалғай кетіп, шет жүргендер адамдық, азаматтық парызымызды өтеп, туған жерге тәу етіп, келіп жүрміз бе?

Нұрболат Сәдуақасұлы.
27 қараша 2017 ж. 1 638 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031