Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Абайдың «Ақтолқын» күйі

Абайдың «Ақтолқын» күйі

Ұлы Абайдың осы уақытқа дейін бізге жеткен «Май түні», «Майда қоңыр», «Торы жорға», «Абайдың желдірмесі» қатарлы төрт күйі бар. «Май түні», «Торы жорға» күйлерін жазушы, журналист Шығыс Қазақстандық Ғайса Сармурзиннің (1904-1987) орындауында, күйші-зерттеуші, ғалым Уәли Бекенов 1983 жылы жазып алып, нотаға түсірген (М. Әбуғазы Шығыстың шыңырау күйлері. – Өскемен: 2009. – 303 б.). Ал Абайдың «Майда қоңыр» күйі Шығыс Қазақстанның Шұбартау өңірінен шыққан атақты күйші Жүнісбай Стамбаевтың орындауында 1965 жылы жазылып алынып бізге жетті (Таласбек Әсемқұлов. Талтүс. СД күйлер жинағы. СД 3. 2015. Otuken.kz.). Біз де бала күнімізден ел арасындағы күйшілерден Абайдың атымен аталатын күйлерді естіп өстік.

П.И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде 3 курста оқып жүргенімде, ұстазымыз күйші-зерттеуші М. Әбуғазымен бірлесіп «Әшім және Іле аймағының күйлері» атты Іле бойындағы күйшілердің күйлерін негіз еткен бір кітап құрастырдық. Осы кітапқа қатысты материалдар жинау мақсатында 2008 жылдың жаз кезінде ҚХР-ның Іле қазақ автономиялы облысына күй жинау жұмыстарымен бардым. Іленің Күнес ауданы Зекті қалашығында тұратын Имаш Асқарбекұлы (ол кезде 88 жаста еді) және Камал Мақайұлымен болған бір сұхбатта Іле бойындағы ертедегі күйшілердің орындауында «Абылай ханның сыбызғысы», «Абайдың ақтолқыны», «Қызылмойын Қуандықтың күйі», «Қарайт батырдың күйі» сияқты ескі күйлердің соңғы кездерде ұмыт бола бастағанын өкінішпен айтты. Әшімнің «Ақ ерке» деген күйін «Абайдың ақтолқыны» деп жаңсақ айтып отыр ма деген оймен, әңгімеге араласып анықтап сұрағанымда, Имаш ақсақал маған «Ақ ерке» күйінің басқа күй екенін, ал  «Абайдың ақтолқыны» атты күйдің бұрыннан бері тартылып келе жатқан көне күй екенін айтты. Сондай-ақ Имаш Асқарбекұлы 1950 жылдардың шамасында Қазақстаннан келген зерттеушілердің осы «Абайдың ақтолқыны» атты күйін естіп, бір жоғымыз табылды деп қатты қуанып, жазып алғандарын да осы әңгімесінде айтып берді (осы деректер бар 2008 жылғы және 2013 жылы жазылып алынған екі бейне таспа интернет сайтта Ардаби Мәулеттің жүктеуінде  ютуб парақшасында тұр. Имаш Асқарбекұлы мен Камал Мақайұлы атақты Әшім күйшіге шәкірт болып, қолынан күй үйренген көнекөз кісілер болғандықтан, бұл кісілер айтқан осы мәлімет, ұлы Абайдың күйлері туралы ендігі жерде ізденуімізге үлкен үміт ұшқынын оятқандай болды.
2010 жылы жаз айында ҚХР-дағы қандастарда сақталған музыкалық мұраларды жинау экспедициясы кезінде, Іле қазақ автономиялы облысы Қорғас ауданы Сарыбұлақ ауылының Шыбарағаш деген жерде тұратын 73 жасқа келген Мәлік Әлиақынұлы есімді күйші ақсақалды жүздестірдік. Ол кісінің орындауында ескі халық күйі «Кенесары-Наурызбай», «Жалғыз қурай сұртеке», Әсет ақын Найманбайұлының «Ән күйі» және «Кертолғау» атты екі күйін, Тергеусізден бері жалғасып келе жатқан Қызылмойын Қуандықтың күйі деп тартылатын екі күймен қоса Тергеусіздің «Мұң-зар», «Нүсіпақынға арнау», «Кеңес» және өзінің «Ана», «Жұбай» т.б. он неше күй жазып алдық. Мәлік ақсақалмен әңгімелесе келе, Сарыбұлақ өңірінде Тергеусіз Бәлекейұлы деген ел басқарған ақалақшы (мансап аты), күйші болғанын, ол кісіден қалған күйлердің Мәлік күйшіге Тергеусіздің бел балалары Ыбырай, Дәуіт арқылы жеткенін білдік. Мәлік ақсақалдың айтуы бойынша Тергеусіздің Қуанышбай деген кенже баласы да ғаламат күйші болыпты. Әшім күйші Іле облысының орталығы Құлжа қаласында «Қазақ-қырғыз мәдени ұйымында» өнер көрсетіп жүрген кезінде, Қуанышбай Әшіммен рухани қарым-қатынаста болғаны айтылады. Қуанышбай Тергеусізұлы 1980 жылы магнитафонның кассетасына өз қолымен шертіп жаздырған күйлері Тергеусіздің немересі Сатыбалды Ыбырайұлының қолында сақталған екен. Бұл үнтаспаны көшіріп алдым. Барлық күйлерді атын атап шертіпті. Жазылған ескі күйлердің арасында «Абайдың ақтолқыны» деген күй де шертіліпті. Одан басқа «Кенесары-Наурызбай» атты ескі халық күйі, әйгілі ақын Әсет Найманбайұлының «Ән күйі», «Кертолғау» күйлері және Қызылмойын Қуандықтың күйі деп тартылатын екі күй, Тергеусіздің «Нүсіпақынға арнау», «Кеңес» қатарлы жиыны 8 күй жазылыпты. Бұл фоножазба көшірмесі менің жеке архивімде сақтаулы тұр.
Әңгімеміздің басында «Абайдың ақтолқыны» күйінің болғаны туралы деректі жеткізген күйшілер Іленің шығысы Күнес ауданында өмір сүрген Әшім күйшінің шәкірттері екенін айтқанбыз, ал күйдің өзін шертіп  үнтаспасын қалдырған Іленің батысы Қорғас ауданында өмір сүрген Қуанышбайдың өзі де, әкесі Тергеусіз күйші де заманында әйгілі Әшім күйшілермен тығыз рухани қарым-қатынаста болғаны айтылады. Ол туралы біз кездескен Күнес пен Қорғастағы күйшілердің әңгімесінен де естідік.
Енді осы «Абайдың ақтолқыны» деген күймен, осыған дейін табылған Абайдың басқа күйлерінде әуендік немесе құрылымдық жақтан қандай да бір ұқсастық, жақындық бар ма деген оймен ақынның күйлерін бір-бірлеп тыңдап шығып,салыстырған пікірімізді  оқырманға ұсынғанды жөн көрдік: Абайдың «Май түні» күйін тыңдап отырғанда, орта буында астыңғы ішекте «e-ре», үстіңгі ішекте «В-си бемоль» дыбыстарынан әндете басталатын әуен, бірден кіші сағадағы «a1-ля+g1-соль» дыбыстарына көтеріліп қайтадан орта буынға және бас буынға барып шалқып қайтып отырады. Бұндай қоңырлатып бастап, бірден жоғары дыбысқа әуендік секірулер жасау көбінесе әнге тән, Абай әндеріне тән ерекшелік. Күйде әуен бір қалыпты жүріп келе жатып, арасында ырғақтық өзгеріс жасап, кідіріп секіртпе ырғыққа ауысып, қайтадан бастапқы жүрісіне келеді және күй аяқталар кездегі қайырма буындарда қайтадан секіртпе ырғақтар арқылы, үстіңгі ішекте «g-соль» дыбысынан «fis-фадиез» дыбысына жарты тондық лига арқылы ауытқу жасап, құлаққа бейне бір аккордық дыбыс қатарын елестетеді. Мұндай тәсіл көбінесе әннің басталуы немесе аяқталуы кезінде қолданылады. Сондықтан ұлы Абайдың әншілік әлеміндегі кең тынысты, нәзіктікке толы интонациялық  ерекшеліктері осы күйлерінде анық көрініп тұр. Біздің қолымызға  түскен «Абайдың ақтолқыны» атты күйде, орта буын «d/g – ре-соль» дыбысынан салмақты, ойлы басталады. Жалпы бұл күйде ойшылдың басқа күйлеріне қарағанда мазмұнындағы зар мен мұңның, өкініштің бейнеленуі дыбыстық және оң қолдағы салмақтап шертілетін қағыс ерекшелігінен байқалады. Ырғақтық және дыбыстық жағынан «Абайдың ақтолқыны» күйі «Майда қоңыр» күйіне жақындығы бар.  Мысалы, «Абайдың ақтолқыны» атты күйде негізгі бастапқы әуен орта буында астыңғы ішек «е-ми» дыбысынан басталып «d-с-h – ре-до-си» дыбыс қатарымен үстіңгі ішектегі «a-g – ля-соль» дыбыстарының қабысуымен орындалатын сөйлем, «Майда қоңыр» күйінде де кездеседі. Екі күйдегі сөйлемнің әуендік, дыбыстық жақындығын ноталық таңбалануынан байқауға болады.
Күйші Қуанышбай Тергеусізұлының орындауындағы «Абайдың ақтолқыны» атты күйдегі сөйлемнің ноталық таңбалануы (күйді нотаға  түсірген А. Мәулетұлы):
 1
 
Күйші Жүнісбай Стамбаевтың орындауындағы «Майда қоңыр» күйінегі сөйлемнің ноталық таңбалануы (күйді нотаға  түсірген М. Әбуғазы):
 
 22
Күйдегі әуендік, дыбыстық жағындағы және бір кездесетін жағындағы, домбыраның орта буыннан кейінгі, кіші сағаға дейінгі «е/a – ми/ля» дыбысынан басталып, астыңғы ішектегі «d-е-f - ре-ми-фа» дыбыстар арқылы  айтылатын сөйлемде анық көрінеді.
Жүнісбай Стамбаевтың орындауындағы Абайдың «Майда қоңыр» күйіндегі сөйлемнің ноталық таңбалануы:
 333
 
Қуанышбайдың орындауындағы «Абайдың ақтолқыны» атты күйдегі сөйлемнің ноталық таңбалануы:
444
 
Бұл екі күйде өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай, музыкалық дыбыстардың алмасуына байланысты орындалу кезінде ырғақтық (ритм) жағынан аздап айырмашылық болғанымен, екі күй айтар мазмұны жағынан бір-біріне жақын. Екі күйде де сабырлы ой, өткенге өкініш айтып отырған сезімдер, шертпе күйлерге тән екі ішекті кезек теріп және оң қолдағы тегеурінді шертіп алу әдісі арқылы анық көрініп тұр.
Құрметті оқырман! «Абайдың ақтолқыны» атты күйдің, өз заманында ел билей жүріп соңына осындай мол мұра қалдырған күйші Тергеусіз Бәлекейұлы арқылы баласы Қуанышбайға көшіп, одан бізге жеткендігін әңгімеміз барысында айттық.  Енді осы Тергеусіз Бәлекейұлы жайында қысқаша тоқтала кетейік.
Тергеусіз Бәлекейұлы 1886 жылы ҚХР ШУАР Іле қазақ автономиялы облысы Текес ауданының Қарағанты деген жерінде дүниеге келген. Тергеусіз дүниеге келгеннен кейін көп ұзамай рулы ел, Өр Текестен Қорғастың Сарыбұлақ ауылына қоныс тебеді. Әкесі Бәлекей аздап домбырашы, әрі өрімші кісі болған. Тергеусіз қызай ішінде Меңіс – Тілеуберді – Жанғабыл – Торғай – Көрпеш руынан тараған. Тергеусіз домбыраны алғаш 7 жасында  нағашысы домбырашы әрі ақын Нұрыбектен үйренеді. 13 жасқа келгенде халық күйлерінің басын қайрып тартқан. Ақылына таланты сай Тергеусізді, елдің игі-жақсылары жастайынан ел басқару ісіне баулиды. Ол 1928  жылдан 1933 жылға дейін зәңгі (мансап аты: жүз түтінді басқарады ), 1933 жылдан 1947 жылға дейін ақалақшы (мансап аты: мың түтінді басқарады) болып халықтың саяси өміріне белсене араласады. Өзі басқарған Бессарбұлақ, Ақсу, Бесағаш, Ноғайты, Ойманбұлақ қатарлы жерлердегі халық арасындағы қайшылықтарға әділ төрелік етіп отырған.
Тергеусіз 1947 жылдың аяғында өз ауылы Сарыбұлақта бақилық болған. Тергеусіздің артында «Нүсіпақынға арнау», «Өрелі кер», «Ерулік кеңес», «Кеңес», «Бурылшаның күйі», «Теріс қақпай І, ІІ», «Арнау», «Өр Текес», «Арман-ай», «Көкқамыр», «Жылжып өткен дүние», «Қос төбе» қатарлы артында 20-дан астам күй қалды. Тергеусіздің күйлері жайында бұдан бұрын Шалқар ұлттық радиосынан, белгілі күйші, радио-журналист Сәрсенғали Жүзбайдың «Күй шашу» бағдарламасы арқылы қазақ еліндегі өнер сүйер, күй сүйер ағайынға насихатын жасаған болатынбыз.
Абайдың күйлері шекараның арғы жағындағы елге қалай баруы мүмкін деген сұраққа да өзімізше жауап іздеп көрелік. 
ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезінде Шыңжаң қазақтарының білімі мен ағарту ісі, өнері мен әлеуметтік-саяси жақтарында қызмет еткен қайраткерлердің барлығы дерлік қазақ даласындағы ұлт зиялыларымен тығыз қарым-қатынаста болғаны баршаңызға мәлім. Мысалы, сонау 1920 жылдары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов және Райымжан Марсековтардың Тарбағатайдың Бақты шекарасынан өтіп, Жайырдағы елге баруы, сондай-ақ Іленің арғы жақ бойында туып өскен әйгілі ақын, композитор Таңжарық Жолдыұлы да ХХ ғасырдың басында Жетісу жерінде болып, қазақ даласындағы ұлттық идеямен сусындап еліне қайтып барған соң, ондағы қазақ руханиятына өлшеусіз еңбек етуі, қазақ ән өнерінің классигі Әсет Найманбайұлының арғы беттегі (Шыңжаң жеріндегі) қазақтың арасына барып, қазақ даласындағы ән-күй өнерінің ол жаққа кеңінен насихатталуына үлкен жол ашуы және Әсет ақынның осы «Абайдың ақтолқыны» атты күйді жеткізген Қуанышбайдың әкесі Тергеусіз күйшімен, Мешпет ақынмен Іленің бойында игі істердің басында дәмдес-тұздас болуы қатарлы мәдени-рухани сабақтастықтың болғаны тарихи деректерде бар.  Абай мұрасының Шыңжаң жеріндегі ағайынға таралуына себеп болған шығар деп топшылайтын құнды мәліметтердің бірі, жастайынан Абай мен әкесі Шәкәрімнен тәлім-тәрбие  алған Құнанбай ұрпақтарының ішінен Зият Шәкәрімұлының қуғын-сүргін жылдары, яғни 1931-1935 жылдар аралығында Шыңжаңдағы қазақтар арасына барып мәдени, оқу-ағарту ісімен шұғылданып, ол жақтағы қазақ жастарын ғылым мен білімге үндеу мақсатына «Шал мен баланың айтысы» және «Қарагөз», «Шұға»,  «Қалқаман мен Мамыр», «Жалбыр»  т.б. пьесаларды сахнаға шығарып, Абай мен Шәкәрім шығармаларын халық арасына кеңінен насихаттауы туралы дерек. Міне, осындай тарихи-рухани тұтастықты негіз еткен ұлт зиялыларының жанкешті өнерінің арқасында Абай мұралары екі жақтағы қазаққа кеңінен таралған болуы мүмкін деген ой туады. 
Ұлы ойшыл, данышпан Абайдың музыкалық мұрасы туралы қазақтың музыкатану ғылымының негізін салған академик Ахмет Жұбановтан бастап, Б.Г. Ерзакович, А.В. Затаевич т.б. өнертанушы ғалымдар аса құнды ғылыми пікірлерін берді. Қазақ музыкасын шынайы жанашырлықпен зерттеген Б.Г. Ерзаковичтің өзі Абайдың ән-күй мұрасын толығырақ жинап, зерттеу үшін әлі де экспедициялар ұйымдастыру керектігін баса айтқан. Бұған дейін жарық көрген Абайдың күйлерін жеткізген күйшілердің ауыл арасында, бір-екі әуеннің басын қосып күй тарттық деп жүрген жай адамдар емес екені анық. Мысалы, Абайдың «Майда қоңыр» күйін жеткізген Жүнісбай Стамбаев сонау Хан Абылай заманындағы Байжігіт мұраларын дерлік бізге жеткізген Таласбек Әсемқұлов сияқты дәулескер күйшінің жүрегіне күй дарытқан, М. Мағауин т.б. өнер зерттеушілеріміз бен тарихшыларымыздың назарына іліккен заңғар күйші болғандығын барша жұрт біледі. Сол сияқты Абайдың «Май түні», «Торы жорға» күйлерін Ғ. Сармурзиннің орындауында жазып алып, зерттеп-зерделеп жеткізген У. Бекенов те қазақтың күй өнеріне бір кісідей төрелік айтқан күйші-зерттеуші екені бәрімізге аян. Бұл күйлер де сол арнайы ел ішінен іздеу-жинау жұмыстары кезінде табылған олжалар. Абайдың заманында үш ішекті домбыра ұстағаны туралы ақынның көзін көрген көнекөздердің тәлімін алған шежіре ақсақал Шәкір Әбеновтың де айтқан деректері бар екені баршаға белгілі. Ал Қуанышбай Тергеусізұлы арқылы біздің қолымызға түскен «Абайдың ақтолқыны» деген атпен жеткен бұл күйді мың ойланып, сан толғана отырып, зердесі биік өнер зерттеушілерімен қазақ руханиятының жанашырларының назарына ілініп, өз бағасын алса екен, мүмкін болашақ жастардың Абай күйлерін тиянақты ден қоя зерттеуіне осы дүниелердің аз да болса септігі тиер деген үмітпен ұсынып отырмыз. Күллі адамзат бас иген ұлы ақынның ұшан-теңіз рухани әлемі, қазақтай халқы барда әлі жалғасты зерттеле беретіні сөзсіз. 
 
Ардаби Мәулетұлы,
ҚР Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ҒЗИ аға ғылыми қызметкері,
өнертану PhD докторы
https://egemen.kz/article/235971-abaydynh-aqtolqyn-kuyi
02 қаңтар 2021 ж. 551 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031