"АРДАГЕРЛЕРДІ АРДАҚТАЙЫҚ" ПАРТИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ: АЙТЖАН - АЛҒАБАСТЫҢ АНАСЫ

«Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында "Жуантөбе" бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен ауылдың анасы атанған мыңдаған сәбидің дүниеге келуіне себепкер болып, кіндік шеше атанған Айтжан Пірманқызы Аманбаеваның 90 жас мерейлі мерекесі аталып өтілді. Шараға партияның атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова және ардагер ұстаздар қатысты. Ауыл тарихын тізбелеген бейнекөрініспен басталған шараны мәдениет үйінің директоры, Шиелі ауданының Құрметті азаматы Кенжебай Сыздықұлы тізгіндеді. Ақжарма тілектер, алғыстар жауған күнде Айтжан апаның мерейі тасып, ел-жұртқа шексіз ризашылығын білдіріп отырды. Медицина саласының ардагер ұстазы, акушер Айтжан апаның халыққа жасаған адал еңбегі, ана мен баланың денсаулығын сақтау бағытындағы тәжірибесі өлшеусіз. Көршілес үш ауылдың халқына күн-түн демей, жолдасы екеуі қызмет көрсетті. Сол елдің тілеуі "Алғабастың анасын" тоқсанның төріне шығарды.


"Ұрпақтан-ұрпаққа" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сайлаубай Әбіш, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмайылов, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Палымбет, аудандық көпбейінді Орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Бақтыгүл Мұсағалиева, аудандық "Өскен өңір" газетінің редакторы Нұрболат Пірімбет, отбасы мүшелері құттықтады. "АMANAT" партиясы Шиелі аудандық филиалының атынан құрмет көрсетілді. Мерейтой иесіне арнайы ән-жырдан шашу шашылды.
Өзі кіндігін кескен Шиелілік ақын Бекзат Сыздық келіп, арнау өлеңін оқыды. Ыстық ықылас пен шынайы тілек ұштасқан салтанатты шара өте қызықты да мазмұнды болды.