Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Батыр – ел қорғаны

Батыр – ел қорғаны


Қазақ хандығының құрылғанынан бергі 550 жылдан астам уақыт ішінде қазақ елінің басына, оның егемендігіне қаншама сын-қатерлер төнгені өткен тарихымыздан белгілі. Сондай қазақ халқының тағдыры таразыға түскен қиын шақ 1723 жылғы Жоңғар шапқыншылығы халық жадында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен жатталып қалды.
Осы әңгіме біраз уақыттан бері маған маза бермей жүр еді. Жақында «Тіршілік тынысы» газетінің №87 нөмірінде «Жеті атаңды білесің бе?» деген мақалам жарық көрген болатын. Мамандығым тілші болғасын ба біраздан бері жазғым келіп жүрген тақырыбым өз атам, өз тегім, өз руым «Баймұрат батыр» жайлы болмақ. Қазақ халқында батыр көп, бірақ аты шықпай танылмай қалғаны қаншама. Себебі бізге жеткен аңыздар ертегі іспетті. Олар жайлы дәйек те, дәлел де аздың қасы. Әңгімеме арқау болған батыр Жоңғар шапқыншылығына қарсы болған азаттық соғысында майданның үнемі алдыңғы шебінде жүріп, ерлік көрсеткен, көзі тірісінде Алтын-Жаппастың жауынгерлік ұранына айналған, Әбілхайыр ханның он екі биінің бірі болған, Жаппастың Қалқаман руынан тарайтын, Есенбайдың немересі Байбөріұлы Баймұрат батыр жайлы болмақ. Естеріңізге сала кетсем, Баймұрат менің бабам, яғни оныншы атам, жетіаталық тізбекте.
Алғашқы аңыз Баймұраттың батыр атануы жайлы болмақ. Баймұраттың балалық шағы Қазақ пен Құба Қалмақ (Астрахан қалмағы) арасындағы жаугершілік заманға сәйкес келеді. Баймұрат соғысқа жастай араласып, өзінің өжет, ержүрек батырлығымен көзге түседі. Бір соғыста жекпе-жекке шыққан қалмақ батырын өлтіріп, сұлу қызын әйелдікке алады екен. Әйелі екі қабат болып, аяғы ауырлаған соң бір күні еліне қашады. Қуғыншылар әйелді еліне жеткізбей ұстап алып келеді. Осы әрекетін екінші рет қайталаған соң қатаң күзет қойғызады. Әйелі аман-есен шекесі торсықтай ұл табады. Баланың атын шешесі артына алаңдай берді деп Алаң қояды.
Кейіндері Баймұрат әйеліне «Еліңе неге қашпақшы болдың?» – деп сұрағанда, әйелі «Баймұрат, сен менің әкемді өлтірген құныкерімсің. Егерде баланы қалмақ еліне барып босанғанымда, ол да батыр болатын еді. Баламды қалмақша тәрбиелеп, қазаққа қарсы салып, әкемнің кегін қайтарайын деп едім. Тәңірім ол арманыма жеткізбеді. Енді, міне, балам қазақтың шаңырағында дүниеге келді. Ендігі жерде балам да қазақ, мен де қазақпын», – деген екен. Шынында да Алаң бала Жоңғар шапқыншылығы кезінде майданда ерлігімен көзге түсіп, батыр атанған. Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов осы Алаң батырдың ұрпағы. (Алаң-Маймақ-Мүсілім-Жәрімбет-Ілияс-Нағи).
Келесі аңыз Баймұрат батырдың қалай «Алтын – Жаппастың» ұранына айналғаны жайлы. Баймұрат батыр бұл кездері Әбілхайыр ханның он екі биінің бірі «Алтын – Жаппастың бұйда ұстары болған» кезең. Баймұрат би 1727 жылы «Бұланты-Біленді» (Қалмақ қырған), 1729 жылғы Аңырақай шайқастарында Алтын-жаппас жасағына басшылық жасаған. Осы соғыстардың бірінде екі жақта да адам шығыны көп болып, қанды қырғын бірнеше күнге созылады. Баймұраттың үлкен баласы Байтүгел өрен батыр алапат күш иесі екен. Майданға бірнеше мәрте қол бастап кіреді. Баймұрат би Байтүгелдің сиреп қалған жасағын жас сарбаздармен толықтырып, батасын беріп, ақ жол тілейді. Былай шыққан соң Байтүгел батыр жас сарбаздарға былай дейді: «Көздерің көріп тұр, әкелерің, көкелерің, ағаларың қан майданда шейіт болып жатыр. Бүгін жауды жеңіп, кегімізді аламыз, не ерлікпен шейіт боламыз. Сондықтан әркім өз әкесін, ұрандасын!» деп алдыға түсіп жау шебіне қарай «Баймұрат! Баймұрат!» деп ұрандап шабады. Қалған жас сарбаздар да Байтүгелге қосылып «Баймұрат! Баймұрат!» деп ұрандап жауға лап қояды. Қарқыны күшті тың күшке төтеп бере алмаған қалмақтар қашып, шеп бұзылады. Қазақтар жеңіске жетеді. Бір сарбаз Байтүгел батырдың майдан шебін бұзып, жеңіске жеткенін айтып Баймұрат биден сүйінші сұрайды. Сол кезде Баймұрат би: «Байтүгел шырағымның даңқы алысқа жетеді екен, бірақта өмірі қысқа болады-ау...», – деген екен. Баймұрат бидің әулиешілдігі де бар екен. Айтқандай-ақ, келесі бір жан беріп, жан алысқан қанды қырғын соғыста Байтүгел батыр майдан даласында ерлікпен қаза табады. Байтүгелдің осы жеңісінен кейін жауға «Баймұрат!, Баймұрат!» деп ұрандап шапқанда жау қашты. Баймұраттың әруағы бар екен. Бұдан былай Алтын-Жаппастың жауынгерлік ұраны «Баймұрат!» болсын деген пәтуаға келеді.
Келесі бір аңызда. Өмірі үнемі жорық үстінде өткен Баймұрат батыр Қырғызбен шекарада Меркеге жақын жерде қалмақтармен болған соғыста аяғынан ауыр жараланады. Бұл жер қазір «Қалмаққырған» деп аталады. Тілерсекке тиген жау оғы сүйегін сындырып, аяғы сіңірімен етке ілініп, салбырап қалады. Дереу шылбырмен жуан саннан тас қылып байлап, салбырап тұрған аяғын кесіп алып, қанжығаға байлап соғысты жалғастыра беріпті. Соғыстың саябырсыған бір сәтінде емшілер кесілген аяқты қазандағы қайнаған майға батырып, қанын тоқтатып, кейіннен емдеп ағаш аяқ (протез) салып беріпті. Сондықтан Баймұрат би өмірінің соңғы кезеңінде «Ақсақ Баймұрат» атанғаны ел аузында әлі күнге дейін айтылады. Осы ретте өткен мақаламда жіберген қатем еске түсті. Менің тегім Қалиева, яғни осы атам Қали да Ұлы Отан соғысында бір аяғына оқ тиіп, ауыр жараланса да немістерге қарсы соғыса берген екен. Кейіннен аяғы ақсақ болып қалған екен. Мен «Ақсақ Баймұрат» әруағы қолдасын дегенде атам Қалиды еске алушы едім. Меркеге жақын, Қырғызбен шекарадағы Сыпытай батыр ауылының жаңында «Баймұрат» деген төбе бар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша осы төбеге кіші жүз Жаппас Баймұрат батырдың аяғы жерленген. Шамасы бұл уақиға 1731 жылы Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романында Баймұрат бидің аяғы сау. Әбілхайыр хан қаза болғанда 1748 жылы Бөпай ханшаға көңіл айту үшін Нұралы сұлтан бастап барған билердің ішінде Баймұрат би де бар. Онда да Ақсақ Баймұрат деп айтылмаған. Абылай хан 1757 жылы Талқы бойындағы соғыста жеңіске жеткеніне Шимойын деген жерде той жасайды. Сонда Бұхар жырау жырында Жаппастардың Бөгембай батыр жасағы құрамында соғысқа қатысқанын, осы тойда Абылай хан соғыста ерекше ерлік көрсеткен батырларға сыйлық жасағаны жайлы жырлайды.
Сонда: Байұлы Бітік, Баспаным,
Қатарынан асқаным.
Жаппастан келген Ақберді,
Түтеткен жаудың аспанын, – деген өлең жолдары бар. Мұндағы Ақберді батыр жаппастардың жаңа буын жас батырларының бірі. Баймұрат батырдың жас шамасын Тынышбек Дайрабай «Ұранға айналған Баймұрат батыр» мақаласында «шамамен Баймұрат батыр 1690-1691 жылдарда туып, 1761-1763 жылдарда өмірден өтсе керек», – деп болжам жасаған. Егерде осы болжамға сенсек, Баймұрат би 1757 жылы 67 жаста болады. Бұхар жырау жырында Баймұрат бидің аталмауы Баймұрат би осы соғыстың алдында аяғынан айырылған болуы мүмкін. Бұл жай әлі де зерттеуді қажет етеді. Бір ақиқаты Баймұрат бидің жау оғынан аяғынан айырылып, ақсақ Баймұрат атанғаны шындық.
Жаппастардың Әбілхайыр хан өмірден өткен соң 1771 жылы Түркістанда Абылайды хан сайлауға қатысқаны жайлы Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп тұқияннан өзіме дейін» кітабында ...«кіші жүзден алтын әлім, төрт шөмекей, жетірудан Тама мен Жағалбайлы, Байұлынан Алаша мен Жаппас қана шар салды» делінген. Әрине бұл кезде Баймұрат би өмірден өткен болу керек.
Баймұрат би батырлығымен қатар ел қамқоршысы да бола білген. Оған мына бір аңыз дәлел бола алады. Жаппастың Қалқаманынан туған Еламан, Есенбай, Жылкелді, Кермен атты балаларынан тараған ұрпақтары қазір рулы елге айналып отыр. Кезінде Еламанның ұрпағы тез көбейіп 50 жігіт бір мезгілде атқа қонатын жағдайға жеткен. Ел арасында оларды Еламанның «елу қарасы» деп атаған. Бір күні жолаушылап келген бір шалға келіндерінің бірі сабаны бастап, қымыз береді. «Елу қарақастың» бірі «Бізсіз неге сабаны бастап қымыз бересің?!», – деп келінге ұрсып, шалға қамшы үйіреді. Сонда нала болған шал тұрып; «Еламан күзге жетпе, күзге жетсең жүзге жетпе. Бес үйің бір жерде отырма!» деп теріс батасын береді. Айтқандай-ақ, күзгі күні «Бізді жау алмайды», – деп мейманасы тасып, қамсыз жатқан Еламандардың ауылын бір түнде жау шауып, «Елу қарақасты» түгел өлтіріп, малын барымталап, әйел, бала-шағасын құлдыққа айдап алып кетеді. Шөп арасына тығылған бір ер бала ғана аман қалады. Оқшау отырған Еламандар ауылындағы оқиғаны Баймұраттар кеш естиді. Ізінен қуғыншы жібергенмен таба алмайды. Кейін жан-жаққа адам жіберіп, тұтқынға түскен Еламандарды іздестіреді. Хиуадан келген бір керуен басы тұтқынға түскен Еламандар құл базарында сатылып кеткенін айтады. Баймұрат би Хиуаға мол қаржымен арнайы адамдар жіберіп, құлдықта жүрген Еламандардың бір баласын тауып, сатып әкеледі. Аман қалған осы екі баланың бірін Жаушы, екіншісін Малай деп атап кетеді. Баймұрат би осы Жаушы мен Малайды өз қамқорлығына алып, отау тігіп үйлендіріп, алдына мал салып, Еламандар ұрпағын жалғастырады. Қазір осы екі баладан тараған Еламандар рулы елге айналып отыр. Ел аузында сол кездегі оқиғаны еске түсіретін
«Еламан елге теңелді,
Ешкі қойға теңелді» – деген нақыл сөз әлі де айтылады. Осы оқиғаның дәлелі ретінде қазір де Жаппастың Баймұрат руы мен Еламан руы сүйектес, туысқан болып табылады. Қазір Нағи ауылында Еламандар мен Баймұрат батырдың балалары Қара, Өтек, Баяу, Малбасар, Алаң, Болаттан тараған ұрпақтары өркен жайып, өсіп-өніп келеді. Сол атадан қалған тәрбие әлі күнге дейін өз күшін жоғалтқан емес. Қанша ұрпақ дүниеге келіп, қаншасы кетсе де әлі күнге дейін Баймұрат пен Еламанның сүйектес екенін байқап келеміз. Дәстүрлер сабақтастығы деген осы шығар бәлкім.
Қазақ хандығының 550 жылдығы тұсында Р.Ілиясов (Нағи Ілиясовтың баласы) бастаған Баймұрат батыр ұрпақтары Баймұрат бабаларының мекендеген жерлеріне арнайы барып жергілікті тұрғындармен, жүздесіп, сұқбаттасып қайтты. Ол жақта да Алтын-Жаппастар, Баймұрат батыр ұрпақтары бар екен. Ақтөбе мен Қостанай облысының шекарасында Баймұрат деген өзен бар. Өзен Ақтөбе облысынан шығып, Қостанай облысындағы «Үлкен көлге» барып құяды екен.(картаға түскен). Оның жағасында Көкір, Махамбет деген жерлер Баймұрат батырдың шөберелерінің атымен аталған. Лысаков пен Ресей шекарасы аралығында «Баймұрат» деген елді мекен – Баймұраттың бұрынғы қонысы екен. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Баймұрат батыр Махамбет төбесіндегі бейітке жерленген. Бірақ қазір бейіті тегістеліп кетіпті. Осы зерттеулер аясында атамның атына ауыл берілді.
Ерлігімен батыр болған, даналығымен би атанған, бүкіл өмірін ел қорғауға арнаған бабам – Баймұрат батырдың өмір жолын зерттеген, Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері, мектепте ұзақ жыл ұстаздық еткен Ә.Құтыбаевтың осы қолжазбалары біз білмейтін біраз аңыздың бетін ашты. Ол кісі көзі тірісінде қазіргі үлгілі ауыл, батыр ауылы Н.Ілиясовтың төңірегіндегі біраз жерлерді зерттеп, қағаз бетіне түсіріп бізге, келешек ұрпаққа мол мұра қалдырды. Ол кісінің зерттеулері жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеуге қосқан мол үлесі деп білемін.

Айдана МАРАТҚЫЗЫ

14 шілде 2019 ж. 1 513 0