Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕРДІҢ ЕСІМІ ЕЛГЕ БЕРІЛДІ

ЕРДІҢ ЕСІМІ ЕЛГЕ БЕРІЛДІ



″Туады ерлер, ел үшін″
Өлмейді ісі мәңгілік,
Өшпейді абзал есімдер.
Ұрпаққа жетіп мәңгілік,
Кетпейді естен асыл ер, – деп Жұбан Молдағалиев жырлағандай көзі тірісінде халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, басын тәуекелге тіккен ерлердің бірі Тұрсынбай Бүркітбайұлы.
«Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі» бабаларымыздың әрбір жүріп өткен жолы – біз үшін үлгі, шежіре, тағдыры – тарих. Тұрсынбай датқа Сыр бойындағы датқалардың арасындағы жасы үлкені, әрі батыл мінезімен де ерекшеленетін, қайсарлығымен халықтың қошеметіне бөленген жан.
Ол, қазақ халқы бостандығынан
айырылып, бодандыққа бой ұра бастаған тым ауыр кезеңде ғұмыр кешті. Сол тұста халық ерге қарады, қаһармандық қарымына үміт артты, сенді, батырларына арқа сүйеді. Елдің еңсесі еңкейген тұста батыр Тұрсынбай датқа елдің сенімін ақтады. Ерте есейген ол ел билігіне 22 жасында араласып, 40 жылдан астам датқалық қызмет атқарған. Ал, құжаттарда оның есімі 1840 жылдардан бастап байқалады.
Елі үшін ерлік көрсеткен батырлардың есімі естен кетпес үшін халық оның аңыз-әңгімелерге айналдырып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырғаны белгілі. Сол секілді, Тұрсынбай датқа туралы елді кезген аңыз-әңгімелер жетерлік.
Елге сүйеу болып, халық арасында қаһармандықтың символына айналған Тұрсынбай датқа есімін елді мекенге беру туралы осыдан бір жыл бұрын қолға алынған болатын. Бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық бұл бастама айналдырған бір жылдың ішінде шешімін тапты.
Ендігі жерде өмірі өнеге, есімі мақтан, даулы мәселенің қисынын тауып қиып айтатын беделді би, шешен болған Тұрсынбай датқаның есімімен ел аталып, ұрпақ жадында сақталатын болады. 13 мамыр күні батыр Тұрсынбай Бүркітбайұлының 220 жылдық мерейтойына орай Қоғалы ауылдық округі, Ботабай ауылына Тұрсынбай датқа есімін беру құрметіне шара өткізілді. Аталмыш шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері Алтыншаш Жағанова, Қожахмет Баймаханов, Бәкір Әбдіжәлел, Жалағаш ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев және еліміздің алыс жақын аймақтарынан қадірлі қонақтар келіп, бабаларына тағзым етті. Арнайы ас беріліп, құран бағышталды.
Ерұлан ДАТКЕНОВ.
15 мамыр 2018 ж. 1 792 0