Ерлік пен елдік еншілес
Өткен жиырмасыншы ғасыр екі бірдей дүниежүзілік соғысымен тарихта қалды. Әсіресе, екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат әлемінің басында бұрын соңды болмаған құрбандығымен, қырғынымен тым ерекше түнеріп тұр. Сол зұлматтың сахнасында фашистік Германия мен кеңестік Одақтың көпұлтты халқы басты тұлғаларға айналды.Мысалы, сол соғыста Қазақстаннан 1 млн. 900 мыңнан аса жауынгер аттанып, олардың жартысына жуығы ғана майдан даласынан тірі қайтқан екен. Қалғандары қасиетті қандарын орыстың орман даласы мен Еуропаның қорғанды қалаларына дейін қасықтап төгіп өткені ақиқат. Бұл ақиқаттың астарында қаншама көзсіз ерліктер мен жанкешті арпалыстардың жатқанын ұмыту мүмкін бе?! Соғыс – ешқашанда әдептіліктің ұстанымы болған емес. Соғыстың қасірет екені қандай рас болса, сол жанталастарда батырлықтың баяны болмай, ерліктің, ержүректіліктің еленбей қалуы да – қасірет.
1939 жылғы санақтан жалпы саны 6 милоннан сәл ғана асатын қазақ ұлтынан 107 Кеңес одағының батыры шыққан екен. Бұл, сол кездегі орыс, украиндарды қоспағанда белорус, татар, өзбектерге қарағанда сан жағынан аз, қазақтардан шыққан ең жоғары үлес. Осы жерде ең болмаса тарихи әділдік үшін мына шындықты да айта кету керек сияқты. Мемлекет, қоғам бар жерде белгілі бір саясаттарда болады. Саясат – әрине бірінші кезекте биліктің мүддесін көздейтіні белгілі. Сондықтан «Батыр» атағын 107 қазақ алған болса, тағы да 107-ден де көп қазақ сол атаққа лайық бола тұра ысырылып қалғаны әбден мүмкін.
Сондай батырлардың бірі – Шиелі ауданы, Жаңатұрмыс ауылында тұрып, өмірден өткен – Қалмағанбет Қосжанов. Бұл кісі 1913 жылы осы күнгі Ы.Жақаев ауылында дүниеге келген. Әліппені төте жазумен танып, кейін бастауыш сыныпты орыс мектебінде жалғастырады. 17 жасынан бастап үкімет, ел ісіне араласып, көзге түсе бастайды. Көп ұзамай Шиелі-Жаңақорған аудандарының комсомол, партия қызметіне белсене араласады. Тыныш өмірдің түндігін түріп, соғыс басталады. Аласапыран шақта алдымен алдыңғы қатардың салмағы ауыр емес пе? Ең әуелгі «Орыс-Фин» қақтығысына 1939 жылы Қалмағанбет Қосшанов та шақырылып, сонау Корея түбегіне аттанды. Міне, қара түндікті қараша үйдің қазағы жаңа ғасырлардағы қиянға қашқан жол сапарларын Қалмағанбет 1939 жылы соғыс сүрлеуінен бастап жүріп, 1945 жылы Берлин бастионына дейінгі бүкіл майдан даласын керзі етігімен кешіп өтті. Сұрапыл соғыста зеңбірекшілер бөлімінің командирі болды. Ал, жеңіс туы желбіреп тұрған сәтте Жуковпен бірге мінберде қатар тұрып сөз сөйлеген қазақ командирі деген абыройға ие болды.
Жанын жаралап, тәнін паршалаған талай жарақаттарын арқалап 1945 жылдың жаз айында елге оралған Қалмағанбет Қосжановты есеңгіреп, құлап-тұрып күн көріп жатқан ел онша еркінсіте қойған жоқ. Шаруаға, жұмысқа жекті. Ел басқарды, комсомол, партия басшылығын мойнына алып, қайта құру, елдің есін жию, жұртты жұмысқа жұмылдыру ісімен күндіз аттан түспей, түнде шамын өшірмей соғыстан бетер сапырылыспен еңбек етті.
Жалпы, Қалмағанбет Қосжанов көпшілік ортасында, елдің ішінде күрделі сәттердің төңірегінде белсене өмір сүрген жан. Егер ол, еліміздің бас шаһарларының бірінде тұрған болса, Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов секілді аты аңызға айналар еді. Бір беткей мінез, айтарын айтып, ұнамайтынын қағып тастайтын, қатқыл жүрек Момышұлына тән тәкәппарлық қасиет осы кісіде түгел бар болды. Өйткені, Қ.Қосжанов сонау ерлік пен ездіктің, елдік пен күмәннің, мықтылық пен күштіліктің дүдәмал тұсында ұлт батырларына лайық өмір сүрді.
Қазір елімізде өткенге тағзым ретінде, батыр рухты бабаларға лайықты баға берілуде. Бұл, әрине, өте дұрыс шешім. Ұлтымыздың ұлылығына үлес қосқан аталар мен әкелерге құрметтен бөлек бұл үрдіс болашақ ұрпағымызға да үлкен болар еді. Осындай сәтте сұранып тұрған бір тұлға Қ.Қосжановтың өмір жолы мен тарихы.
Осы ретте ауыл азаматтары батырдың есіміне бір көше немесе Жаңатұрмыс ауылдық мектебіне батыр есімін беруді сұраймыз.
Ысқақ Маханов, Базарбай Әлиев, Жетпісбай Молдажанов, Ермағанбет Сейтіматов, Жантөре Бердібаев, Құралбай Шығанбаев,
Үсен Алшынбаев.