Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БЕГАЙЫМ ҚЫРҒЫЗБАЕВА: ҚАЗАҚСТАНДА ӘЙЕЛДЕР ФУТБОЛЫН ДАМЫТУ ҚАЖЕТ

БЕГАЙЫМ ҚЫРҒЫЗБАЕВА: ҚАЗАҚСТАНДА ӘЙЕЛДЕР ФУТБОЛЫН ДАМЫТУ ҚАЖЕТ


Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны және «БИІК-Қазығұрт» клубының жартылай қорғаушысы Бегайым Қырғызбаева Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында өткен жылды қорытындылап, жаңа маусымнан не күтетінін айтып берді.
– Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінен іркілмей өтіп, негізгі кезеңде сынға түсуде. Біздің команданың соңғы ойындарына қандай баға бересіз?
– Іріктеу кезеңінде Грузия, Эстония және Латвия командаларынан басым түстік. Әрі қарай кәрі құрлықтың ең мықты құрамаларымен кездестік. Біздің топтағы командалардың барлығы ФИФА рейтингінде әлдеқайда жоғары орналасқан. Сол себепті әр ойын қиынға түсті. Сондай-ақ, біздің қоманданың құрамы алпыс пайызға өзгергенін ескерген жөн. Басқаша айтқанда, көптеген қыздар еліміздің бас командасында алғашқы ойындарын өткізді.
Алайда, осындай жағдайға қарамастан, жасыл алаңда әр ойында соңына дейін күресіп, ұпай жинауға тырысамыз. Біздің құраманың ойынында аз да болса алға жылжу бар деп санаймын. Өткен жылдары еуропалық командалардан ірі есеппен ұтылған болатынбыз. Осы іріктеу кезеңінде аз есеппен жол бердік. Әрине, әлі де жақсы ойын көрсетуге болады. Әзірге бар күшімізге қанағат тұтуға тура келеді. Ал, өз кезегінде бұл нәтиже әрі қарай жұмыс істеуге ынталандырады және спорттық рухты көтеруге көмектеседі.
Өкінішке қарай, кей жағдайда сәттілік жетіспей жатады. Мәселен, Уэльспен ойында төреші қарсыластың қақпасына пенальти белгілемеді. Олардың ойыншысы өз алаңында қолмен ойнаған болатын. Сол сәтте кездесу басқаша өрбуі ғажап еді. Алайда, ойынның соңғы минуттарында салқынқандылық жетіспей, өз қақпамызға гол өткізіп алдық. Футболшылардың барлығы бар күш-жігерін сарқыды. Алайда, қолдан келмеді. Әрі қарай дайындықты жалғастыруға негіз бар.
– 2015 жылы Қазақстан құрамасы Уэльспен екі рет кездесіп, қос ойында бірдей есеппен (0:4) жеңіліп қалды. Ал, биылғы екі кездесуде біздің қыздар тең ойын көрсетті. Осы екі іріктеу кезеңінің айырмашылығы қандай?
– Ең алдымен Уэльс құрамасының құрамында ешқандай өзгеріс болмағанына назар аударған жөн. Сондай-ақ, олар осы уақыт аралығында шеберліктерін арттыра түскен. Қарсыластың іріктеу тобында көш бастап келе жатқаны да кездейсоқ емес. Қазақстан құрамасы екі-үш жыл осы құрамды сақтап қалса екен деймін. Сол кезде жақсы нәтижеге үміттенуге болады. Біздің команданың болашағы зор.
– Іріктеу кезеңінің қалған ойындарының қайсысында ұпай жинауға болады?
– Тәртіп бұзбай, бір-бірімізбен түсінісіп ойнасақ, Ресей құрамасынан ұпай алуымыз әбден мүмкін. Бірінші ойынды өз алаңымызда қабылдаймыз. Босния және Герцеговина құрамасымен өтетін матчта да ұпай алуға мүмкіндік бар. Ал, Англияға келсек, қарсыластың бізден екі бас жоғары тұрғанын мойындау керек.
– Өткен маусымда «БИІК-Қазығұрт» сапында кезекті рет ел чемпионы атандыңыз. Ел біріншілігі туралы өз пікіріңізді білдіріп өтсеңіз?
– Қазақстан чемпионатында бәсекелестікке төтеп бере алатын екі кәсіби клуб бар. Олар – «БИІК-Қазығұрт» және «Оқжетпес». Қалған клубтар балалар және жасөспірімдер мектебінің резерві. Осындай қарсыластардың арасында «БИІК-Қазығұрт» нағыз фаворит екені айқын. Ішкі біріншіліктің бәсекелестігі арта түссе екен деймін. Сол кезде ұлттық құрама да нығая түседі. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының жаттықтырушылары тек екі команданың ойыншыларынан іріктеу жүргізуге мәжбүр.
– Дегенмен «БИІК-Қазығұрт» еуропалық аренада бірнеше рет жоғары нәтиже көрсетті. Чемпиондар Лигасында ел намысын қорғаған қазақстандық клубтың 1/8 финалға дейінгі жарыс жолы қалай болды?
– Топтық кезең оңайға соқпады. Қарсыластардың ішінде өте жылдам ойнайтын әрі техникалық шеберлігі жоғары португалиялық «Спортинг» командасы болды. Әр ойынға тиянақты дайындалып, қарсыласты мұқият зерттедік. Соның арқасында келесі айналымның жолдамасына ие болдық. Плей-офф кезеңінде шотландиялық «Глазго Сити» ұжымынан екі кездесудің қорытындысы бойынша басым түстік. Ал, «Лион» футболшыларының деңгейі жоғары екенін мойындаймын. Оларға лайықты қарсылылық көрсете алмадық. Чемпиондар Лигасының төрт дүркін чемпионына қарсы тұру үшін әлі де көп еңбек ету керек.
– Қазақстан чемпионатында «БИІК-Қазығұрт» клубына бәсекелес клуб жоқ. Ел біріншілігінен еурокубок ойынына қалай ауысазыдар?
– Ұлттық құрама мен Чемпиондар Лигасының ойынына дайындықты кезең-кезеңімен жүргіземіз. Бұл ойындарға жақсы дайындықпен келуге тиіспіз. Еуропадағы маңызды кездесулердің алдында ұлдармен футбол ойнаймыз. Олар әлдеқайда жылдамырақ әрі шеберліктері мықты.
– Қазақстан чемпионатының деңгейін арттыру үшін қанша команда қажет деп санайсыз?
– Бірнеше жыл бұрын Премьер-Лиганың алғашқы алты клубының құрылымында әйелдер командасы ашылсын деген бастама көтерілген еді. Осы жобаны жүзеге асыра алсақ, әйелдер футболының дамуына үлкен серпіліс алып келер еді. Біздің елде футбол ойнауды қалайтын дарынды қыздар көп. Мәселен, Шымкентте өткен мектеп лигасына 500-ден астам команда қатысты. Бұл туралы алғаш рет естігінде қатты таңғалдым. Біздің болашағымыз осы! Қазақстанда әйелдер футболын дамыту қажет. Қыздардың футбол секцияларына үлкен ықыласпен келетінін білемін.
– «Мектептегі қыздар лигасы», «Қыздар футболының фестивалі», «Бұқаралық спорт апталығы» – бұл біздің елдер әйелдер футболын дамытуға бағытталған шаралардың бір бөлігі. Сіздің көзқарасыңыз бойынша осындай жобалар қыздардың футболмен шұғылдануына әсерін тигізе ме?
– Мұндай шаралар әйелдер футболын дамытуға демеу болады. Әзіл деп ойлап қалмаңыз, бұрын Қазақстанда әйелдер футболының бар екенін білмейтін адамдар көп болды. Футбол ойнайтынымды таныстарыма айтқанда, маған «Әйелдер футболы!? Ондай да бар ма!?» деп жауап қатқандар болды. Ал, қазір бәрі басқаша. Көптеген адамдар әйелдер футболын бақылайды. Олар стадионға келіп, біздерге қолдау көрсетеді. Осындай шаралардың арқасында футбол ойнайтындардың саны көбейіп, бәсекелестік арта түседі деп сенемін. Жақында Астана мен Қарағанды қалаларында футзалдан республикалық турнир өтті. Сол жарыста допты емін-еркін меңгерген бұрымдылардың көздерін көрсеңіздер ғой. Мен олардың әрқайсысының болашағына үмітпен қараймын. Әрине, кәсіби жетістікке жету үшін үнемі еңбек ету керек.
– Жаңа маусымда жанкүйерлерге айтар тілегіңіз?
– Осы сәтті пайдалан отырып, қазақстандық футбол жанашырларына бақыт, табыс және денсаулық тілегім келеді. Жаңа жеңістер көп болсын!
Еркін ҚАЛДАН
14 қаңтар 2018 ж. 836 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930