Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Азамат» командасы - турнир жеңімпазы атанды

«Азамат» командасы - турнир жеңімпазы атанды


6-7 қаңтар күндері «Евразия» спорт кешенінде ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Мәжит Өтемұратовты еске алуға арналған шағын-футболдан облыстық ашық турнир өтті. Биыл екінші мәрте ұйымдастырылған турнирге Қызылорда, Байқоңыр қалаларынан және аудандардан 16 команда 220 спортшы қатысып, үздіктер анықталды.
Дәстүрлі турнирдің мақсаты білім саласында көп жылдар бойы қызмет атқарған, Қазақ ССР-нің кәсіптік білім беру ісінің үздігі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері және Ерен еңбегі медалінің иегері Мәжит Жәмитұлын еске алып, ұлықтау болса, екінші жағынан бұқаралық спортты дамыту болып табылады. Оның өмірі әлемдегі бейбіт әрі игілікті сала – спортпен байланысты болды. Ол футбол ойнап, салауатты өмір салтын насихаттауға, футболдың дамуына үлесін қосқан.
Жарыс нәтижесінде қызылордалық «Азамат» командасы бірінші орынды иеленді. Олар финалда «Орион» командасын ұтты. Ойынның негізгі уақыты тең аяқталғандықтан жеңімпаз тек айып добын орындау барысында анықталып, есеп 4:2 болды. Үшінші орынды қызылордалық «Престол» командасы еншілесе, төртінші орын «Капстрой» командасына бұйырды.
Турнирде «Үздік қақпашы» номинациясымен Жалғас Қадырберген («Престол» командасы), «Үздік қорғаушы» - Бекзат Құрманәлиев («Орион» командасы), «Үздік шабуылшы» - Бағдат Исмайлов («Капстрой» командасы),
«Үздік ойыншы» - Ержан Қазыбеков («Азамат» командасы) марапатталды.
Жеңімпаз және жүлдегер командаларға кубок, диплом мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
08 қаңтар 2018 ж. 1 361 0