турнир
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясындағы міндеттерді жүзеге асыру аясындағы шаралар легін спорттық жарыстар да жалғастыруда. Соның бірі, «Мұз айдыны» спорт кешенінде ҚР Тәуелсіздігі күніне орай 2004-2005 жылы туылған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасындағы волейбол турнирі болды.
Жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жарысқа Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарынан 12 команда, 150 спортшы қатысып, ойын өрнегін көрсетті.
Тартысты өткен турнирде ұлдар арасында 1-орынды Шиелі ауданының Бестам ауылы, 2-орынды Қызылорданың №2 олимпиадалық резерв мектебі, 3-орынды Шиелінің №9 олимпиадалық резерв мектебінің командалары иеленді.
Қыздар арасында 1-орынға Маңғыстау облысы Шетпе кентінің командасы шықты, екінші орынды Қызылорданың №2 олимпиадалық резерв мектебі, 3-орынды Жаңақорғанның Байкенже ауылының командалары иеленді.
Ұлдар арасында «Үздік шабуылшы» - Бекнұр Болат (Қызылорда) және Нұрдаулет Жолдасбеков (Бестам), «Үздік тосқауылшы» - Қамбар Құрбаналиев (Түлкібас), «Үздік үйлестіруші» - Рауан Еркінұлы (Шиелі), «Үздік төреші» - Мыңжасар Өмірбек (Қызылорда) номинацияларын иеленді. Қыздар арасында «Үздік ойыншы» - Камила Мұратова (Қызылорда), «Үздік шабуылшы» - Аққу Сәрсенбек (Шетпе), «Үздік қорғаушы» - Сағыныш Асанқызы (Қызылорда), «Үздік хатшы» - Сарина Тыныштықбай (Қызылорда) аталым иегерлері марапатталды.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегер командаларға диплом, медаль және естелік сыйлықтар табысталды.