Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ГАРЕТ САУТГЕЙТТІҢ КОМАНДАСЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛЫНА ШЫҚТЫ

ГАРЕТ САУТГЕЙТТІҢ КОМАНДАСЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛЫНА ШЫҚТЫ


«Самара Аренада» Швеция мен Англия құрамалары кездескен. Салыстырмалы түрде еуропалық қос ұжымның фавориті – Англия саналады. Әрі олар осы чемпионат басталғалы белсенді ойындар көрсетіп, мықтылықтарын дәлелдей түсті. Мундиальдің үздік бомбардирі де – Англия құрамасының капитаны Харри Кейн. Еншісінде 6 гол бар. 
Матч басталысымен ағылшындар қос қапталмен қыспаққа алуға тырысты. Бірақ швециялықтар оңайлықпен берілгісі келмейтін ыңғай танытып, қарымта шабуылдарға шықты. 10 минутқа дейін командалар алма кезек шабуылдады. Бірнеше стандартты соққылар орындалды.
Есеп 30 минутта ашылды. Эшли Янгтың бұрыштамадан берген добына «Лестер» ойыншысы Магуайр бірінші жетіп, қақпаны дәл көздеді.
Гарри Магуайр – әлем чемпионатындағы алғашқы голын ширек финалда соғып отырған екінші ағылшын футболшысы. Бұрын мұндай жетістікке жеткен Алан Маллери болатын. Ол 1970 жылы Германия қақпасына гол салған еді.
Екінші тайм шведтердің белсенділігімен басталды. Бірақ Гарет Саутгейттің командасы сәт өткен сайын өздерінің үстемдігін арттыра түскен. Ақыры матчтың 58 минутында Лингардтың пасын сәтті пайдаланған Делле Алли Швеция қақпасына екінші голды соқты.
Англия құрамасының бұрынғы шабуылшысы Гари Линекердің айтуынша, Деле Алли әлем чемпионатында гол соққан Англия құрамасы сапындағы екінші жас ойыншы екен. Бұған дейін 1998 жылы Франциядағы әлем чемпионатында жас Майкл Оуэн гол соққан еді.
Бұдан кейінгі шабуылдар айтарлық нәтиже берген жоқ. Швеция құрамасының матч соңына қарай жасаған өткір шабуылдарына ағылшын қорғаушылары және «Эвертонның» 24 жастағы қақпашысы Джордан Пикфорд тосқауыл болды. Сөйтіп, бірнеше жыл бойы Англия құрамасының негізгі қақпашысы болып келген Джо Харттың мұрагері бұл чемпионатта өзін жақсы қырынан көрсетуде.
Кездесу хаттамасы
Швеция – Англия – 0:2 (Гол соққандар: Гарри Магуайр,30, Делле Алли, 58)
Ескерту алғандар: Гарри Магуайр, 87 (сары қағаз), Йон Гвидетти, 88 (сары қағаз)
Англия құрамасы: Пикфорд, Уокер, Стоунс, Магуайр, Триппьер, Янг, Лингард, Хендерсон (Эрик Дайер, 85), Делле Алли (Фабиан Делф, 77), Кейн (к), Стерлинг (Маркус Рэшфорд, 90+1).
Швеция құрамасы: Ольсен, Крафт (Понтус Янссон, 85), Линделеф, Гранквист (к), Аугустинссон, Ларссон, Экдаль, Форсберг (Мартин Ульссон, 65), Классон, Берг, Тойвонен (Йон Гвидетти, 65).
Стадион: Самара Арена.
Бас төреші: Бьорн Куйперс.
Абай Аймағамбет
07 шілде 2018 ж. 861 0