BYE, RUSSIA! ХОРВАТИЯ ЖАРЫС ҚОЖАЙЫНДАРЫНЫҢ ЖОЛЫН КЕСТІ
Көпшілік асыға күткен ширек финалдық ойынның – Ресей – Хорватия кездесуі болғанын ешкім жоққа шығармас. Себебі, Ресей құрамасының чемпионат басталғалы бері сенсациялық түрде жеңістерге жетуі жанкүйер біткенді таңғалдырған болатын. Бұл жолы да көпшілік «қалай болар екен?» деп кездесудің басталуын тағатсыздана тосты.
Сәйкесінше, Хорватия да топтық кезеңде де және плей-офф кезеңінде де өзінің өр мінезімен танылған команда. Лука Модрич бастаған команда талай мықтыны жолдан тайдырып, осы сәтке жеткен. Сондықтан бұл кездесудің тартыссыз өтпеуі мүмкін емес еді.
Матчты қос құрамада 4-2-3-1 схемасымен бастады. Яғни, шабуыл шебіне бір шабуылшыны қойып, оны үш бірдей жартылай қорғаушымен сүйемелдемек. Тиісінше, қорғаныс пен артқы жартылай қорғанысқа 6 футболшы жауапты болмақ. Бұдан қос ұжымның да барынша қақпаларын голдан аман сақтауға тырысқанын, бар акцентті қорғанысқа жасағанын аңғару қиын емес.
Төреші ысқырығы естілгеннен екі команда да шабуылға лап қойды. Ойында тіпті үзіліс болмады деуге де болады. Ресей құрамасының әсіресе, оң қапталы белсендірек қимылдады. Самедов пен Фернандес хорваттардың айып алаңына қарай доп жеткізумен белсенді айналысты. Орыстардың бар күштерін сарқа ойнауы хорваттарды да аздап алаңдатқандай. Черчесовтың командасы ақыры 31 минутта дегендеріне жетіп тынды. Дзюбадан пас алған Денис Черышев алыстан соққы бағыттап, Субашич қақпасынан саңылау тапты. Осылайша, Черышев бұл мундиальдағы төртінші голын соғып отыр.
Алайда Ресейдің басымдығы 8 минутқа ғана созылды. 39 минутта Андрей Крамарич есепті теңестіріп кетті. Бірінші таймның қорытындысы бойынша допты бақылау көрсеткіші 65-35 пайызымен Ресейдің пайдасына шешіліп тұрды.
Ойынның негізгі уақыты тең есеппен аяқталып, кездесу қосымша 30 минуттық уақытқа ұласты. Бұл өз кезегінде Хорватия үшін сәтті басталды. Өз айып алаңында ресейлік қорғаушы Кутепов өрескел қателікке жол берген. Осыдан соң 100 минутта хорваттар бұрыштама добын іске қосты. Нәтижесінде бәрінен биік секірген Домагой Вида есеп басымдылығын командасына сыйлап, жеңісті жақындата түсті.
Қосымша уақыт, яғни, жалпы кездесу Хорватияның жеңісімен аяқталуға жақын еді. Бірақ қызықтың көкесі 115 минутта болды. Айып добына бірінші жеткен Марио Фернандес баспен соққы жасап, Субашичке еш амал қалдырған жоқ. Есеп 2:2.
Кездесу соңы ақыры пенальтиге келіп тірелді.
Бірінші болып нүктеге Федор Смолов келді. Және Субашич қайтарды!
Одан кейін Брозович гол салды. 0:1. Акинфеев доптың бағытын дәл аңғарғанымен, қолы жетпей қалды.
Алан Дзагоев есепті теңестірді. 1:1.
Хорваттардан Матео Ковачич шығып, пенальти орындай алмады. Акинфеев қайтарды.
Ресейлік Марио Фернандес сыртқа тепті. Сөйтіп, Фернандес бүгінгі ойынның қаһарманы және антиқаһарманына айналды.
Нүктеге Лука Модрич келді. Хорватия құрамасының капитаны пенальтиді мүлтіксіз орындады.
Айқасқа Сергей Игнашевич араласты. Ардагер қорғаушы пенальтиді сәтті орындады. Есеп 2:2.
Домагой Вида басымдықты өз командасына сыйлады.
Гузяев гол соқты. Есеп қайта теңесті.
Ал ақырғы соққыны орындаған Иван Ракитич гол соғып, Хорватияны жартылай финалға алып шықты.
Осылайша, Хорватия құрамасы 20 жылдан кейін алғаш рет әлем чемпионатының жартылай финалына шықты. Олар келесі кезеңде Англия құрамасымен ойнайды.
Кездесу хаттамасы
Ресей – Хорватия – 1:1, 3:4 (Гол соққандар: Денис Червшев, 31, Андрей Крамарич, 39)
Ескерту алғандар: Деян Ловрен, 35, Иван Стринич, 38, Домагой Вида, 102, Юрий Газинский, 109, Йосип Пиварич, 114.
Ресей құрамасы: Игорь Акинфеев, Сергей Игнашевич, Илья Кутепов, Федор Кудряшов, Марио Фернандес, Роман Зобнин, Александр Самедов (Александр Ерохин, 54), Далер Кузяев, Денис Черышев (Федор Смолов, 67), Александр Головин (Алан Дзагоев, 102), Артем Дзюба (Газинский, 79).
Хорватия құрамасы: Субашич, Врсалько (Ведран Чорлука, 97), Стринич (Йосип Пиварич, 74), Ловрен, Вида, Ракитич, Модрич, Перишич (Брозович, 63), Крамарич (Матео Ковачич, 88), Манджукич, Ребич.
Стадион: Фишт
Бас төреші: Сандро Рикки
Абай Аймағамбет