ЖЕҢІСКЕ ҚҰШТАРЛЫҚ

Бұл әлем чемпионатының финалдық турниріне жолдама алғаннан артық болмаса, кем жетістік емес. Айтатыны жоқ, жігіттер жеңіске деген жігерлік танытты. Глазгода одан кейін Алматыда 210 минут бойы «Селтик» сияқты азулы клубқа гол салғызбау оңай нәрсе емес, әрине.
Иә, «пенальти – лоторея» деп жатады. Бірақ Темірланның үш бірдей пенальти қайтаруы, нүктеге келген ойыншылардың шешуші сәтте салқынқандылық танытуы, бұл нағыз шеберлік дер едім.
Бұл жеңістен кейін елдегі футбол дамуы жаңа бір серпін алатынына күмән жоқ. Мыңдаған балалар футбол секцияларына жазылып, ағаларына ұқсап доп тебуге тырысады.
Сонымен бізді алда не күтіп тұр?
«Реал», «Интер», «Арсенал», «Брюгге», «Спортинг», «Олимпиакос», «Копангаген», «Пафос» деген мықты футбол клубтары күтіп тұр бізді. Соның ішінде «Реал», «Брюгге», «Олимпиакос» пен «Пафосты» өз алаңымызда қабылдаймыз. Әрине, футболды стадионға барып өз көзіңмен көргенге не жетсін?!
Алматыдағы «Селтикпен» ойынға билет алуға 100 мың өтінім түскен, ал орталық стадионның сыйымдылығы – 23 мың орын. Билет сатылымға 5000 теңгемен шығып, бір жарым сағатта сатылып кеткен. «Реалмен» ойынға билет одан да жылдам сатылып кете ме екен?
Ұсыныс ретінде айтарым, Қазақстанның түкпір-түкпірінен, әсіресе, ауылдардан талантты жас футболшылаға билет алып, жолдарын қарастырып, ойын тамашалауға мүмкіндік жасасалса құба-құп болар еді.
Хош, ақыры футбол туралы сөз қозғаған екенбіз «Қайсарымыздың» жағдайына тоқталайық.
Сыр өңірінің басты командасы қазір қауіпті зонада тұр. Бұлай жеңіле берсе, бірінші лигаға түсіп қалуы мүмкін, өйткені «Тұран», «Ұлытау», «Атырау» клубтары да соңы турларда ойынын үдетіп тұр. Бейсенбі күні қызылордалық футболшылар «Астанадан» 5: 1 есебімен ұтылды. Сондықтан қалған ойындарда қайсарлық пен жігерлік танытып ұпайлар алу керек. Виктор Кумыков секілді тәжірбиелі бапкер бұл міндетті орындайды деп сенеміз. Өйткені заманауи УЕФА талаптарына сәйкес соғылып жатқан «Қызылорда – Аренада» жанкүйерлер бірінші топтың ойындарын емес, Премьер лига, Чемпиондар лигасы, Европа Лигасы немес Конференция лигасының ойындарын көргісі келетіні айдан анық.
Шиелідегі футболға келсек, «Алтын күз – 2025» ауыл спортшыларының спартакиадасында біздің жігіттер қола жүлдегер атанды.
Облыс чемпионатында Мағжан Ізбасар баптайтын Шиелі құрамасы әзірге сегіз команда арасында бесінші орында. Соңғы турдың ойындары қыркүйек айында Қызылорда қаласында бұрынғы «Локомотив» стадионында өтеді.
Жаңадан тағайындалған аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Беркінбай Садықұлы ауданда спорт мектептері мен «Шиелі» спорт клубының футбол секцияларында 6 жаттықтырушы 400-ге жуық баланы осы спорт түріне баптап жатқанын айтты.
Айдар БАҚЫТЖАНҰЛЫ