ТАУ КӨТЕРЕР ТОЛАҒАЙЛАР ТАРТЫСЫ
Тарихтың тарғыл беттерінде – қазақтың аты, заты және хақы қалды. Егеменді ел болғалы есімізді жиып, өзгелермен тереземізді тең ұстап келеміз. Сол теңдігіміздің тегеуріні тектілік нарқын әспеттеп, бүгінде атағымыз күллі әлемге қарыштап тұр. Мәселен, бойындағы күштің жойқындығын түрлі амал-тәсілдермен көрсеткен Балуан Шолақтың даңқы көзі тірісінде күллі шартарапты шарлаған еді. Елу бір пұт гір тасын көтеріп, әйгілі балуандармен күреске түскені, ешқашан жауырыны жерге тимей, жүйрік ат үстінде тік тұрып немесе шалқалап жататыны туралы естігенде таңғалмайтын жан жоқ. Алып күш иесі Қажымұқан да қазақ ұлтының теңдесі жоқ балуаны еді. Бұрынғы өткен батыр бабалардың мұндай ерлігі біз үшін аңыз-әфсана секілді көрінетін. Алайда сондай батырлардың жалғасы бүгінгі қазақ жігіттерінің арасынан табылатындығы ерекше қуантады.
Жақында ауданда толағайлар тартысқан керемет күн болды. Құрбан айт мерекесі аясында ұйымдастырылған шараға біз де қатысып, тамаша әсер алып қайттық. Шараның ұйымдастырушылары аудандық орталық мешіті мен өңірдің жастары және Шиелі «Біз біргеміз» қоғамдық қоры ұлттық өнер үшін қызмет етіп жүр. Сайыстың жалпы жүлде қоры 1 млн теңгені құрады. Мерекелік думанды топқа түскен жауырыны қақпақтай саңлақтардың қай-қайсысы да жүлдеден үмітті еді. Бәйгенің аты бәйге болған соң, үздіктерден қара үзіп шыққан оғландар топ жарды. Сайыс белгілі бір атаулардан тұрды. Атап айтсақ, балалар арасындағы қазақ күресі мен аймақтық командалық арқан тартысы, қылыш көтеру және көшпенділер мен алыптылар сайысы.
Мерекелік кештің шымылдығы балаларға арналған спорттық ойындармен басталды. «Мен», «мен» деген кішкентай балдырғандар қазақша күресіп, жүлделі орындармен марапатталып, велосипед ұтып алды. Сондай-ақ 3000 балаға сыйлықтар таратылды. Орталық алаңға жиналған бүлдіршіндердің қалай қуанғанын көрсеңіз?!
Келесі арқан тартыста 12 команда қатысып, бақ сынасты. Нәтижесінде I орынды Ы.Жақаев ауылы, ал II орынға Нартай ауылы іліксе, III орын Бала би ауылы жеңіп алды. Әрмен қарай тартысты жарыс қарапайым халықтың арасында өткізілген қылыш көтеру және көшпенділер жарысымен жалғасты. Оған да арнайы сыйлықтар ұсынылды. Нақтырақ жеткізсек, толағайлар 100 келілік тасты құшақтап қашықтықтан жүріп өтсе, енді бірі бөрене көтеріп, арба сүйреді. Содан кейін гірді және қапты көтеріп күш сынады. Білектілер мен жүректілер жарысы жоғары деңгейде өтті. Бақ таластықта бақ пен қатар баптың да шабатынын ескерсек, толағайлар текетіресі нағыз айыз қандырар сайысқа айналды.
Олай дейтініміз, орталық алаңның бопыдай шаңын бадырая қаққан сайыпқырандар сай-саланы қиқуға толтырып, күйбең тірліктен әбден қажыған көрермендерді бір серпілтті. Әсіресе алыптар айқасының финалдық бәсекесі ерекше толқумен қатар, еріксіз алақан ұрғызып отырды.
Алыптар сайысының нәтижесі бойынша толағайдың бас жүлдегері атанған шиелілік Қуаныш Шәріпбекұлы жеңімпаз белбеуі мен 150 мың теңге ақшалай сыйақыға ие болды. Екінші орынға Арыс қаласының намысын қорғауға келген Азамат Мақұлбеков жайғасса, үшінші орынды жерлесіміз Бағлан Айтбай иеленді. Қоса кеткен жөн, алыптар сайысында өз мықтылығын көрсеткен Қуаныш алдағы уақытта Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына жолдама алды.
Сонымен қатар жарысқа қол күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР рекордшысы Тимур Спатаев келіп, қатысты. Қатысқаннан бөлек жастарға қолдау көрсетіп, кешті жүргізді.
– Бұл кешегі Балуан Шолақ, Қажымұқан, Иманжүсіп сияқты алып күш иелерінің ізін жалғаушы ұрпақтарының рухын оятып, қазақы намысын шыңдау үшін ұйымдастырылып отырған сайыс деуге болады. Бүгін бұл сайысқа күштері бойына сыймай, буырқанып тасыған 16 жігіт «сен тұр, мен атайын» деп сақадай сай тұрды. Алыптар сайысы – саламатты өмір салтын насихаттайтын турнир. Ендеше қызықты әрі тартысты додада кіл мықтылар дара шықты, – деді ол.
Сонымен мерекенің соңы концерттік бағдарламаға ұласып, жиылғандар мәресәре болып тарқасты. Ал біз жарысқа түскен жігіттерге қарап баяғы батырлардың бейнесін көргендей болдық.
Айнұр ИБРАШЕВА