Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СОҢҒЫ МИНУТТА СОҒЫЛҒАН ГОЛ

СОҢҒЫ МИНУТТА СОҒЫЛҒАН ГОЛ

15 мамыр күні жергілікті «Қайсар-Шиелі» және алматылық «Жас Қыран» футбол командаларының арасында Қазақстан Республикасы біріншілігіндегі ІІ лига ойынының кезекті кездесу матчы өтті. Ойынды тамашалауға жиналған көрерменнің де қарасы қалың болып, аладоп шеберлеріне ерекше шабыт сыйлады.
Шиелі ауданы, Көкшоқы мөлтек ауданында орналасқан спорт клубының ашық алаңында өткен тартысты ойынға арнайы қолдау көрсетуге аудан әкімі Нұржан Ахатов, аудан әкімінің орынбасы Болат Ысмағұлов және аудан ардагерлері мен спорт жанашырлары барды. Олар екі кезеңнен тұратын теңбіл доп тартысын тапжылмай көріп, жанкүйерлермен бірге үн қосты.
ІІ лиганың 6 туры бойынша І кезеңде қонақ команда алғырлық танытып, қақпаға 2 гол соғып үлгерді. Бірақ жергілікті команда бұған мойымай, қайта жігерлене түскенін байқадық. Көп ұзамай талантты спортшы Бақдәулет Молдақараев есепті 2-1 етсе, артынша Дамир Тәуірбай көрерменнің күтіп отырған соққысын қақпаға салып, есепті теңестірді. Осы салынған голдан кейін біздің де жеңіске деген сеніміміз күшейді. Дегенмен, Алатаудың бөктерінен келген тәжірибелі команда оңай шағыла қоятын жаңғақ емес екенін дәлелдеп, І кезеңнің соңғы минуттарында үшінші голын салды.
Санаулы минуттардан соң, көрермен көз тігіп күткен жарыстың ІІ кезеңі де бастау алды. Үзіліс уақытында жаттықтырушылардың ескертуін, ақыл-кеңесін тыңдап шыққан спортшыларымыз қарқынды ойын өрнегін көрсетті. Көрермен көзайымына айналып үлгерген Сұлтан Мықтыбаев қарсылас команданың қақпасына үшінші голды салып, алаңды дүр сілкіндірді.
Осы орайда «Қайсар-Шиелі» командасының жаттықтырушылары Қанат Шерімбетов пен Бекежан Жаңатаевтың еңбегін айта өткен жөн. Себебі жас спортшыларды әр ойынға бар ықыласымен дайындап, олардың тәжірибесін арттыру үстінде. Еселі еңбектің жемісін, міне шәкірттері жасыл алаңда көрсетуде. Ойынның аяқталуына да жақын қалған сәт.
Тақымын қысып отырған жанкүйерлер үшін маңызды минуттар сырғып өтіп жатты. Есеп тең нәтижеде аяқталады деген шақта Шиелінің тумасы, жергілікті команданың белді ойыншысы Саят Жахмуров жеңіс голын соғып, баршамызды қуанышқа кенелтті.
Сонымен, жергілікті ойыншылар алматылық «Жас Қыран» футбол командасын 4-3 есебімен жеңіп, ІІ лиганың 6 турынан кейін 11 ұпаймен көш бастап тұр. Жеңіс тұғырынан көрінген ойыншылардың келесі кездесу матчын асыға күтеміз.

М.ҚАЙРАТҰЛЫ
20 мамыр 2024 ж. 250 0