Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жасыл алаңдағы тартысты жарыс

Жасыл алаңдағы тартысты жарыс

Сенбі күні Көкшоқы мөлтек ауданында орналасқан спорт клубының ашық алаңында аққан жұлдыздай жарқ етіп, ерте бақилық болған Жалғас Әлтаев, Өркен Садықов және Нұрсұлтан Қазалбайұлын еске алуға арналған турнир өтті. Оны №219 мектеп түлектері ұйымдастырды.
Турнирге аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков, Аmanat партиясы Шиелі аудандық филиалының төрағасы Болат Сыздық, спорт саласына еңбегі сіңген ардагер, елге белгілі футбол жаттықтырушысы Нұрмағанбет Сахиұлы, кент әкімі Амангелді Өмірәлі қатысты.
Шара барысында аудан әкімі Нұржан Ахатов сөз алып, турнирге қатысушы спортшыларға сәттілік тілеп, елге белгілі футбол жаттықтырушысы Нұрмағанбет Сахиұлына дәстүрге сай иығына шапан жауып, Шиелі ауданының «Құрмет грамотасын» табыстады.
– Тағдырдың жазуымен мына дүниемен ерте қоштасқан ауданның маңдай алды азаматтары Жалғас Әлтаев, Өркен Садықов және Нұрсұлтан Қазалбайұлын еске алуға арналған шағын футболдан аймақтық турнир бастау алғалы тұр. Бұл азаматтардың қай-қайсы болсын, ел мен жерге қызметі сіңген, қамшының сабындай қысқа уақыт ішінде спорт саласына өзіндік үлесін қосып үлгерген. Мәселен, Жалғас бауы­рымыз аты аймаққа белгілі футболшы болды. Тіпті, қызылордалық «Қайсар» командасында доп теуіп, үлкен жетістіктерге жетті. Өркен бауырымыз да аудан спортының дамуы үшін әрдайым демеушілік көрсетіп, көптеген турнирлерді ұйымдастыруға атсалысқан жанашыр жан еді. Дегенмен, тағдырдың жазуымен қыршын кетті. «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» демекші, бұл азаматтардың аты ешқашан ұмытылмақ емес. Осындай турнирлер арқылы есімдері ел жадында жаңғырып, бұрын естімеген, көрмеген азаматтар танып, білетін болады, – деді аудан басшысы.
Айта кетейік, дүбірлі турнирге Жезқазған, Шымкент, Қызылорда облыстарынан және Жаңақорған ауданынан, жергілікті аяқ допшылардан құралған 20-дан астам команда қатысып, бақ сынасты. Дүбірлі доданың алғы шебінен Қызылорда облысының командасы көрінсе, екінші орынды Еңбекші ауылдық округінің жігіттері қанағат тұтты. Ал үшінші орынды «РУ6» ойыншылары иеленді.
– Бізде күн сайын кешкі уақытта 2-3 сағат футбол алаңында доп теуіп, жаттығамыз. Бұл біріншіден өзіміздің денсаулыққа пайдалы. Ал, екінші жағы аудан, ауылдың абройын астақтатып келеміз. Ауылдан жасақталған құрама команда жарыстардан қалыс қалған емес. Әр турнирде бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрініп келеміз. Жеңіс бар жерде, жеңілісте қатар жүретіні белгілі. Жеңіліс тапсақ та, сағымыз сынбай, одан әрі дайындықты күшейтіп, ойын алаңындағы кемшіліктерді түзеуге бет бұрамыз. Кешегі жасыл алаңдағы қарсыластар осал еместігін жарыс алаңында болған спортышлар жақсы біледі. Тартысты ойын болды, – дейді спортшы Тайыр Байдүйсен.
Аудан спортшылары жыл сайын үздік нәтижелерге қол жеткізіп, аудан абыройын астақтатып келеді. Облыс, аудан құрамаларынан құралған ойыншыларды басып озған Еңбекші ауылынан жасақталған команда жетекшісі Қанат Рахманбердіұлы бастаған сайыпқыран спортшылар аудан атын шығарып, мерейін үстем етті.

Дархан Байтілес

12 қыркүйек 2023 ж. 2 186 0