Жарыс күнделігі
Біріккен Араб Әмірлігінің (БАӘ) Фуджейра қаласында семсерлесуден өткен Олимпия ойындарының іріктеу турнирінің алғашқы күні жерлестеріміз жанкүйерлерін қуанта алған жоқ. Артем Саркисян («сабля») мен Софья Ақтаева («шпага») ширек финалда қарсыластарына есе жіберіп, көздеген мақсатына жете алмады. Есесіне келесі күні қоржынымызға екі жолдама түсті. Байрақты бәсекеде барлық бәсекелесінен басым түскен Әйгерім Сарыбай финалда гонконгтік спортшыға 15:13 есебімен сан соқтырды.
- 3–5 мамыр аралығында Тәжікстанның бас шаһары Душанбеде дзюдодан Grand Slam турнирінің жалауы желбірейді. Олимпия ойындарына қатысу үшін рейтингтік ұпайлар берілетін бәсекеде Қазақстанның туы астында Мағжан Шамшадин, Нұрқанат Серікбаев (60 кг), Еламан Сұлтанбай, Алмас Ғалымов (66 кг), Дастан Шаяхметов, Дархан Қойбағар (73 кг), Абылайхан Жұбаназар (81 кг), Аян Байғазы, Дидар Хамза (90 кг), Ислам Бозбаев, Нұрлыхан Шархан (100 кг), Еламан Ерғалиев және Ерасыл Қажыбаев (+100 кг) сынды саңлақтар өнер көрсетеді.
- Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының алтыншы тур ойындары аяқталды. Бұл матчтарда мынадай есептер тіркелді: «Тұран» – «Астана» – 0:2, «Атырау» – «Қызылжар» – 2:0, «Тобыл» – «Жеңіс» – 1:1, «Қайсар» – «Қайрат» – 1:0, «Елімай» – «Ордабасы» – 1:1, «Жетісу» – «Ордабасы» – 2:1.
- Стенд атудан Эдуард Ещенко Париж Олимпиадасының жолдамасына иелік етті. Ол «скит» бағдарламасы бойынша іріктеуден өтіп, финалға жолдама алды. Нәтижесінде, үшінші орынды еншілеп, ғаламдық додаға қатысатын спортшылардың тізіміне қосылды. Бұл – мергендердің екінші жолдамасы. Бұған дейін «трап» жаттығуы бойынша Мария Дмитриенконың бағы жанған еді.
- Жеңіл атлетикадан Шанхайда өткен «Гауһар лигасы» турнирінде Дэйзи Джепкемей сәтсіз өнер көрсетті. Қазақстанның намысын қорғайтын кениялық легионер 3 000 метрге жүгіруде мәре сызығын жетінші болып қиып өтті. Оның көрсеткіші – 9:25.10. Бұл жарыстың бас жүлдесін Кенияның желаяғы Беатрис Чепкоеч (9:07.36) олжалады. Угандалық Перут Чемутай (9:15.46) күміс алса, германиялық Геза-Фелиситас Краузе (9:16.24) қолаға қол созды.
- Англияның Хайтон қаласында өткен жарыста орта салмақта жұдырықтасып жүрген танымал кәсіпқой боксшы Тұрсынбай Құлахмет (7-1, 5 КО) польшалық Роберт Таларекпен (28-25-3, 19 КО) күш сынасты. Бұл жекпе-жек төртінші раундта жерлесіміздің айқын жеңісімен аяқталды.
- Қытайда туып-өскен қазақ файтері Мақсат Қайсар (9-3) UFC-дегі төртінші кездесуін өткізді. АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында ұйымдастырылған жарыста қандасымыз 35 жастағы Мексиканың марқасқасы Габриэль Бенитестен (23-11) басым түсті.
- Дзюдодан еліміздің жастар құрамасы кезекті оқу-жаттығу жиынын Түркістан облысындағы «Алма тау» базасында өткізіп жатыр. Жерлестерімізден бөлек бұл жерде Өзбекстан мен Түрікменстанның да балуандары жаттығып жүр.
- Футболдан Қазақстанның Лига кубогінің жеребесі тартылды. Жүлде қоры 1 млн долларды құрайтын дүбірлі доп додасының топтық турнирінде мына командалар өзара шеберлік байқасады: А тобында – «Қайрат», «Қызылжар», «Ақжайық», «Тараз»; B тобында – «Тобыл», «Ақтөбе», «Қайсар», «Жеңіс»; С тобында – «Ордабасы», «Атырау», «Тұран», «Елімай»; D тобында – «Астана», «Шахтер», «Жетісу», «Каспий». Бұл жарыс 25 мамырда басталып, 24 қарашада мәреге жетеді.
- Бірінші орта салмақта жұдырықтасып жүрген 33 жастағы қазақтың кәсіпқой боксшысы Батыр Жүкембаев 22 мамырда АҚШ-тың Плант-Сити қаласында украиналық Иван Редкачпен күш сынасады. 33 жастағы Жамбыл бокс мектебінің түлегі осы күнге дейін 21 рет рингке көтеріліп, сол бәсекелердің біреуінде ғана ұтылды. Батыр 14 қарсыласын нокаутқа жіберді. 38 жастағы Украина боксшысы 31 кездесудің 24-ін өз пайдасына шешті. Редкач 19 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады.