Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Үш боксшымыз үздіктер қатарында

Үш боксшымыз үздіктер қатарында

Жуырда Boxrec.com порталы әуесқой боксшылардың әлемдік рейтингін жариялады. Бізді бір қуантып отырған жайт, 80 кг салмақ дәрежесінде жұдырықтасып жүрген қазақтың үш бірдей гүрзі жұдырықты жігіті үздіктер тізіміне енді.

Үш боксшымыз үздіктер қатарында

Атап айтсақ, жартылай ауыр сал­мақтағы саңлақтардың рейтингінде Нұрбек Орал­бай екінші орынды иеленген. 23 жас­тағы астаналық былғары қолғап шебері 2018 жылы Будапештте өткен жастар арасындағы әлем бірін­шілігінде бас жүлдені олжалап, көпші­ліктің на­зарына ілікті. Ересектер дуына қо­­сылғаннан кейін де Нұрбек биік белес­терді бағындырды. 2022 жылы ол Амманда ұйымдастырылған Азия бі­рін­шілігінде күміспен күптелсе, былтыр Ташкентте әлем чемпионы атанды. Сонымен қатар биыл Оралбай Париж Олимпиадасында өнер көрсетеді.
Осыдан бес жыл бұрын Екатерин­бургтегі дүниежүзілік додада дараланып, алтын тұғырға көтерілген Бекзат Нұрдәулетов сегізінші сатыға жайғасты. Ұлттық құрама сапындағы өз орнын Нұрбек Оралбайға босатқан 25 жас­­тағы Жаңаөзеннің тумасы бұл күн­дері кәсіпқой рингте бақ сынап жүр. Әзірге аяқ алысы жаман емес. Күні бү­гінгі дейін алты жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіс тұғырынан көрінді.
Үздіктер тізімінде Тоқтарбек Таңат­қан алтыншы орынға табан тіреді. Қытай елінің атынан өнер көрсетіп жүр­ген 27 жастағы қандасымыздың да ба­ғындырған белесі бір төбе. Ол – Азия ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Тоқ­тарбек 2021 жылы Токиода алауы тұтанған Олимпиадаға да қатысты. Бірақ бұл жарыста қандасымыздың жолы болмады.
80 кг салмақ дәрежесінде Александр Хижняк көш бастап тұр. Токио Олим­пиа­дасының күміс жүлдегері, әлем және Еуропа чемпионы, Еуропа ойын­дарының екі дүркін жеңімпазы 28 жас­тағы Украинаның мақтанышы қазіргі кезде Париждегі дүбірлі додаға қызу дайындалып жатыр. Сондай-ақ топ-10 боксшының қата­рына Имам Ха­таев (Ресей), Каллум Пи­терс (Аус­тра­лия), Арлен Лопес (Ку­ба), Тұрабек Ха­би­буллаев (Өзбекстан), Келин Кэсси­ди (Ир­ландия), Саль­ваторе Кавал­ла­ро (Ита­­лия) сынды бокс­шылар еніп отыр.
 
АЛМАТЫ 
16 сәуір 2024 ж. 145 0