Балуандар белдесті
19-21 желтоқсан күндері Мұстафа Шоқай атындағы жасөспірімдер арасында дәстүрлі қазақ күресінен республикалық турнир өтті.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Алмат Алдабергенов сөз алып, додаға қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Алмат Алдабергенов сөз алып, додаға қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі.
– Мемлекетімізде кәсіби спортты дамыту және халықтың бұқаралық спортпен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында елімізде көптеген спорт кешендері мен алаңдары жаңадан салынып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа кейіпке енуде. Биыл Шиелі кентінде жобалық құны – 530 млн. теңге болатын дене-шынықтыру сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Сондай-ақ Көкшоқы мөлтек ауданында Көкшоқы спорт клубының ашық спорт алаңын 224 млн теңге қаражатқа күрделі жөндеуден өткіздік. Қазіргі таңда спорт кешендерінде және аудан аумағында түрлі деңгейдегі спорттық жарыстар өтуде. Міне, осындай жоспарға негізделген іс-шаралардың бірі дәстүрлі түрде бастау алатын Мұстафа Шоқай бабамыздың атындағы республикалық турнир. Турнирге еліміздің Қызылорда, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Семей Орал қалаларынан 60-тан астам 17-18 жастағы балуандар өз жерлерінің намысын қорғап келді. Осы орайда, бүгінгі спорттық шараның ұйымдастырылуына мұрындық болып, демеушілік көрсетіп жүрген Шиелі ауданның кәсіпкерлеріне және барлық команда жетекшілеріне алғысымды білдіремін, – деді.
Дәстүрге айналған байрақты бәсекеге еліміздің 9 облысынан келген 60-қа жуық спортшы қатысты. Боз кілемде бағын сынаған балуандардың осалы болмады. Әрқайсысы өз өңірінің мықтылары. Бірі жүлделі орынның иегері болса, енді бірі елдің намысын қорғап жүрген чемпиондары. Екі күнге созылған додада күрес техникасын жетік меңгерген спортшылар суырылып шығып, жеңістің төрінен орын алды. Дүбірлі додада топ жарған спортшыларға аудан әкімінің алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Турнирдің қорытындысы бойынша 46 келі салмақта шиелілік Әлихан Тойбек, 50 келі салмақта қарағандылық Уәлихан Ахмедиев, 55 келіде Абай облысынан келген Нұрбек Төлеутаев, 60 келі салмақта жаңақорғандық Нұрлыжан Алдаберген, 65 келіде шиелілік Қуаныш Қазынабек І орынды иеленді. Сонымен қатар 70 келі салмақта қарағандылық Досжан Хасенов, 76 келіде шиелілік Қайрат Сәрсенбекұлы, 82 келі салмақта Абай облысынан келген Айзат Жұмашаев, 82 келіде қызылордалық Сұлтан Бейбарыс мықтылығын танытып, өз салмақ дәрежелері бойынша алдыңғы шептен көрінді.
Дархан БАЙТІЛЕС