Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан спортының ахуалы қалай?

Аудан спортының ахуалы қалай?

Шиелілік спортшылар байрақты бәсекелерде ел намысын абыройлы қорғап, аудан атын әлемге танытып келеді. Жеңіске жеткен жерлестерімізді өз кезегінде бізде аудандық басылымның әр нөміріне жариялаймыз. Биыл аудан спортшылары республикалық жарыстармен қатар ҚР чемпионатында 19 алтын, 11 күміс, 33 қола, әлем біріншілігінде 1 алтын, 1 күміс, Азия біріншілігінен 3 алтын, 1 күміс, 2 қола медальды қоржынға салды.
Иә, әне-міне дегенше жыл соңы да таяп қалды. Осы ретте, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Аруна Өркенқызымен тілдесіп, жыл көлемінде атқарылған жұмыстарын бағамдап, аудандағы бұқаралық спорттың бүгінгі ахуалын сұрап білдік.
Оның айтуынша, бүгінде ауданда спорттың 24 түрімен, 32 мың адам тұрақты түрде шұғылданады. Бұл аудан халқының 39 пайызын құрайды. Оның ішінде – 1 стадион, 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 44 спорт зал, 96 жазықтықтағы спорт құрылғысында шиеліліктер спортпен шұғылданады. Бұдан бөлек, бұқаралық спортты дамыту мақсатында 83 спорттық іс-шара өткізілген. Оның ішінде, 68 аудандық, 12 облыстық, 3 республикалық деңгейде. Сондай-ақ сала маманы жыл басынан бері 1 спортшы облыс құрама сапында өнер көрсетсе, 3 спортшы ұлттық құрама сапында Қазақстан намысын қорғап жүргенін тілге тиек етті. Олардың қатарында, Ауыр атлетикадан Бектай Асылжан, Сансызбаева Айсамал Қазақстан Републикасының ұлттық құрама сапында Оңтүстүк Корея мемлекетінде өткен Азия біріншілігіне қатысып үздік бестіктен көрініп қайтты. Одан бөлек Азия чемпионы Захар Сибриков, Әлем чемпионы, ҚР чемпионатында 55 келі салмақ дәрежесінде алтын алған ­Бекжан Төлепов сынды саңлақ спортшыларды атауға болады, – деді.
Биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында бұқаралық спортты дамыту және саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында тамыз айында Шиелі ауданының тұрғындары арасында шағын футболдан аудандық турнир ұйымдастырылса, ауыр атлетикадан Ыбырай Жақаев атындағы 20 жасқа дейінгі жастар арасында республикалық турнир өткізілген болатын.
Одан бөлек бокстан жасөспірімдер арасында Ә.Шорабаев атындағы республикалық турнир, қазақ күресінен жасөспірімдер арасында Бала би баба атындағы республикалық турнир ұйымдастырылған. Ал 27 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Шиелі ауданында ауыл спортшыларының ХХХVI облыстық «Алтын күз – 2023» спартакиадасы өтті. Спартакиадаға 7 ­ауданнан 1000-нан аса спортшылар қатысып, жалпы командалық есепте 1 орын жеңіп алды. Сонымен қатар Шиелі ауданының 95 жылдық мерейтойы мен «Алтын күз – 2023» мерекесіне арналған ат бәйгесі, қазақ күресі, гір көтеру, қол күресінен спорттық жарыстар өткізілгені естеріңізде болар.
Қазіргі уақытта аудан спортшыларының белсенділігі жоғары. Қандай жарысқа барса да құр қол қайтпайды.
Мәселен, ауданда жыл басынан бері 3 спорт шебері, 1 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 41 спорт шеберіне үміткер, 38 І раязрядты спортшы бар. Олар қазақ күресі мен ұлттық ат спорты, футбол, волейбол, ауыр атлет сынды сан спорт түрінен орын алып, көптеген жетістіктерге жетті. Әрине, мұндай жемісті жетістіктердің артында ауданның спорт саласы мамандары мен бапкерлер қауымының еселі еңбегі жатыр.
Өздеріңізге белгілі мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ауыл-аймақ пен ­аудан орталығында спорт кешендері бой көтерген. Жақында ғана Шиелі кентінде жаңадан спорт кешені пайдалануға беріліп, Көкшоқы мөлтек ауданында орналасқан спорт алаңы түбегейлі жаңарып, ел игілігіне қайтадан пайдалануға берілді. Мұның бәрі түптеп келгенде бұқаралық спорттың дамуына даңғыл жол ашады. Иә, спорт саласының 11 айда бағындырған белесі бір төбе. Алдағы уақытта шиелілік спортшылардың мерейі қашанда үстем бола бермек.

Дархан БАЙТІЛЕС
27 желтоқсан 2023 ж. 738 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930