Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұрымды бапкерлер

Бұрымды бапкерлер

Әйел затының жаратылысы нәзік дегенімізбен, бүгінде қайсар да, қайратты аруларымыз үшін кез келген сала жат емес. Тіпті бұрымдылар меңгермеген мамандық жоқ десек, артық айтқандық болмас. Соңғы жылдары спорт саласында да қыздардың үлесі артып келеді.



Әлемде ең көп тараған кез келген спорт түрін алып қара­саңыз, барлығында да аруларды ке­зіктіресіз. Әйел затына тән емес дейтін шайбалы хок­кей, ауыр атлетика, күрес, регби, бокс, ережесіз жекпе-жек сынды спорт түрлеріне де қыздарымыз «ауыз салып» үлгерді. Десе де қазіргі таңда қыздардың қолы жетпеген бір ғана спорт түрі бар. Ол – грек-рим күресі. Иә, әйел­дер де бозкілемде белдеседі, бірақ «қуанышымызға қарай», қыз­дардың еркін күресі «әйел­дер күресі» деп аталып кетті де, грек-рим күресі ескерусіз қалды. Әйтпесе, аруларымыз бұл жерден де табылар еді.

вава

Сондай-ақ кейінгі жылдары әйелдер де бапкерлікке бет бұра бастады. Бұрындары жаттықтырушылық жұмыс тек ерлерге ғана тән мамандық деп есептеліп, бұл салада әйелдерді елестетудің өзі мүмкін емес еді. Бірақ «Заманына қарай – ада­мы» дегендей, бұл күн­дері әйелдердің де шәкірт тәр­бие­леуге әлеуеті жетіп жатса, неге өз білгенімен бө­лісіп, жат­­тықтырушы болмасқа? Рас, әлемдік спортта әйел жат­тық­ты­рушылар бұрыннан бол­ға­нымен, тек санаулы спорт тү­рінде ғана еңбек ететін. Бұл әлем­­­дік үрдіс елімізге де же­тіп, бұрымдыларымыз ерлермен қатар қиындығы көп футбол, дзю­­до, бокс, теннис, шайбалы хок­­­кей секілді спорт түрлерінен де жат­тықтыра бастады.
Мәселен, біраз жыл бұрын футболдан Қазақстан әйелдер құ­рамасының тізгінін даңқты фут­болшымыз Рәзия Нүркенова ұстаған еді. Еліміздегі әйелдер футболын жаңа деңгейге көтеруді мақсат еткен жаттықтырушы арманына жете алмай, 2020 жылы әлемді шарпыған індеттің салдарынан дүниеден өтті.
Қарағанды қаласында туған Рәзия Төлеуқызы карьерасын «Қарағанды-Олимп» командасында бастап, ерекше талантымен мамандардың көзіне түсті. Алдымен ол Қазақ КСР құра­масына қабылданып, кейіннен кеңес одағының құрамасында да өнер көрсетті. Кеңес одағы ыды­раған соң Александр Соловьев пен Виталий Шаш­ков сынды бап­керлерінің шақыруымен Ре­сейдің Самара қаласындағы жергілікті ЦСК ВВС командасында доп тепті. Осы клубта жү­ріп отанда­сымыз үш рет Ресей чем­пионы атанып, бірнеше мәрте жүлдегерлер қатарынан көрінді.
2000 жылдары карьерасын аяқтағаннан кейін бапкерлікке бет бұрды. Шәкірт тәр­биелеуде жолы болған отандасымыз жат­тықтырушылық карьерасында Ресейдің жасөспірімдер және жас­тар құрамасына 16 ой­ын­шы даярлады. Сонымен қатар бүгінде есімі Ресей жан­күйерлеріне жақсы таныс Ва­лентина Орлова мен Анастасия Поздееваларға Ресей ұлттық құрамасының жейдесін кигізіп, өзі халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. 2006-2013 жыл­­дар аралығында Ресейдің жас­­өспірімдер құрамасын жат­тық­тырып, тәжірибесін одан әрі шыңдай түсті.
Рәзия Нүркенова бапкерлік қызметте жоғары табысқа қол жеткізуіне ФИФА нұсқаушысы, Нидерланд әйелдер құрамасының бас бапкері, 2010-2013 жылдары Ресей футбол одағында әйелдер құрамаларының техникалық директоры болған Вера Паув ма­ңызды рөл ойнағанын айтады. «Оның жетекшілігімен еу­ропалық әйелдер футбо­лының заман талабына сай әдістемелік жаттығулары жө­нінде терең білім алып, бап­керлік деңгейімді көтердім», деген еді Қазақстан футбол феде­рациясының бас­пасөз қызметіне берген бір сұх­батында.
Сондай-ақ саналы ғұ­мырын спортқа арнап, өміріндегі барлық же­тістікті спортпен бай­ланыс­тыратын тұл­ғалар көп. Соның бірі – Гүлжан Исанова. Көпшілік дзюдошы ре­тінде жақсы танитын Г.Исанова спорттық ман­сабын аяқтап, бүгінде Қазақ­стан әйелдер құрамасының жат­­тықтырушысы ретінде еңбек етіп жүр. Жылдар бойы татамиде жи­наған тәжірибесін жас бу­ын­ның бойына сі­ңі­руді қолға алған.

вав

1983 жылы Шы­ғыс Қазақ­стан облысы, Зайсан ауда­нында дүниеге келген Гүл­жанның дзю­до спортында ба­­ғын­дыр­маған бе­­лесі жоқ. Атап ай­­­­­­тар болсақ, Азия ой­ын­­­­да­­ры­ның екі дүркін (2006, 2010), Азия чем­пио­­­на­­тының үш дүркін қо­ла жүл­­дегері (2007, 2008, 2011), Қазақ­­стан спар­такиа­дасы­ның же­ңім­пазы (2008), Азия чемпионы (2009), Азия чем­пио­­­натының күміс жүлдегері (2012), Еуро­па кубогінің жеңімпазы (2012, Прага), әлемдік Гран-при се­рия­сы­ның алтын жүл­де­­ге­рі (Ал­маты, Таш­кент). Бей­жің (2008) және Лон­дон (2012) Олим­­­­­пиадалары­ның және Бра­­зи­лия­дағы әлем чем­пиона­тының қа­ты­сушысы (2013). Қазақстан бі­рін­шілігінің бірнеше дүркін чем­пионы.
«Спортқа 18 жасымда келдім. Алғашында самбо күресімен айналыса бастадым. Одан кейін колледжде оқып жүргенде менен бір курс жоғары оқитын Қуаныш деген студент «Гүлжан, мен дзюдодан жақсы жаттықтырушыны білемін. Сол кісіге апарайын. Сен дзюдомен айналыс. Сол кісіге бар» деп, үгіттеді де, мені Семей қаласындағы Тұр­­мыс Халелов ағайдың үйір­месінде дзюдоны бас­тадым. Бірінші жаттығу кү­­ні­нен-ақ дзюдо маған өте қатты ұнады. Жаныма жақын болғандықтан бірден дзюдоны таңдадым», дейді бір сұхбатында.
Кейінгі кейіпкеріміздің таң­даған спорт түрі тіпті қызық. Анна Яковлева – кезінде ағылшын арис­тократтары көше төбелесінің мәдениетті түрі ретінде ойлап тапқан регби спортынан Қа­зақстан ұлттық әйелдер коман­дасының бас бапкері. Ол 16 жасынан бастап ұлттық құрама сапында ойнап, төрт рет Әлем кубогіне қатысқан. Сондай-ақ регби-7 мен регби-15 түрлері бойынша бірнеше дүркін Азия чемпионы.

вава

Анна бірер жыл бұрын Азия­дағы ең үздік ТОП-15 рег­бишінің қатарынан көрінді. Және де Азия федерациясының регби елшісі болып, Азиядағы әйелдер регбиін дамыту жөніндегі жұ­мыс тобының қатарына қосылды.
Жас болса да мұ­хиттың арғы бетінде жергілікті қыз-жі­гіттерге шай­балы хоккейдің қыр-сы­рын үйретіп жүр­ген Бұлбұл Қар­тан­байдың есімі бү­гінде көп­ші­­лікке жақ­сы таныс. Ол елі­міздің тарихында тұңғыш рет әйелдер арасындағы Ұлттық хоккей лигасында («NHL») өнер көрсетті. Сондай-ақ АҚШ-тағы жас­өс­пірімдер хоккей клу­бының бі­­рін жат­тықтырып жүр. Атап айт­қанда, Нью-Джер­си шта­тындағы «High School» базасында жаттығатын «Princeton Tiger Lilies team 14U AA Black» командасына жетекшілік етеді.

ппп

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы ал­ғашында бокс, күрес түрлерімен шұғылданып, 12 жасында шайба мен таяқты жанына серік еткен. Бұлбұл бес жыл мектеп командасында ойнап жүріп 2017 жылы Алматыда өткен Универсиадаға қатысты. Ерекше талантының арқасында 18 жасында ұлттық құрамаға да шақырту алды.
Бұлбұлдың айтуынша, мұхит асып, Америкаға бару туралы ой оған 16 жасында Словакияда өткен жастар арасындағы әлем чем­пионатына жүргенде келеді. Содан бастап жатса да, тұрса де шетел асуға аңсары ауады. Сөй­тіп, жүргенде танымал жат­тықтырушы Сэми Джо Смолдың көзіне түседі. Бұл­бұл ағылшын тілін жетік меңгер­гендіктен, бір-бірін жақсы түсініп, емен-жарқын тілдеседі. Хок­кейші қыздың талантын байқаған жаттықтырушы оны Канадаға шақырыпты.
«Канадада «Calgary Coyote» командасына қосылдым. Алға­шында жат елде ойнау қор­қы­нышты еді. Бірақ артқа ше­гінбеуім қажет екенін түсіндім. Шетел деп келген соң өзің­нің ғана емес, еліңнің намысын қорғауың керек. Басты мақсатым – «NHL»-ге қосылу еді. Канада арқылы Америкаға бардым. 2019 жылы жазды Минессоттада өткіздім. Кейіннен Нью-Йорк, Нью-Джерси командаларының іріктеуінен өттім. 16 тамыз күні маған екі команда хабарласып, келісімшарт ұсынды. Қуа­ны­шым­да шек болмады», дейді Бұлбұл.
Қысқы спорт түрлерінің ішінде фристайл-могулдан ел құ­­рамасын жаттықтырып жүр­ген Елена Круглыхина да аталған спорт түрінде жер­лестеріміздің жоғары нәтижеге қол жеткізуіне өз үлесін қосып келеді. Сол жетістіктерінің ар­қасында ол қатарынан екі мәр­те Қазақстанның ең үздік жат­тықтырушысы атанып үлгерді. Өздеріңізге мәлім, Круглыхина жаттықтыратын Юлия Галышева 2018 жылы Олимпия ойындарында қола жүлде жеңіп алған болса, 2019 жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет фрис­тайл-могулдан әлем чемпионы атанған еді.

ппп

Міне, бұл бапкерлік өнерде бағы жанған санаулы ғана жат­тықтырушылардың бір парасы. Көп адамның көзіне көріне бермейтін тәлімгерлік жұмыстың ауыр жүгін арқалап келе жатқан еліміздегі арулардың саны мұ­ны­мен түгесілмейді.
08 наурыз 2023 ж. 210 0