ТОҒЫЗ ЕЛДІҢ БАЛУАНДАРЫ ТАРАЗ ТӨРІНДЕ
Таразда еркін күрес балуандары арасында мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған XI халықаралық турнирдің жалауы желбірейді, деп хабарлайды zhanaqorgan-tynysy тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
23-25 қараша күні «Тараз-Арена» спорт кешенінде өтетін дүбірлі додада 10 салмақ бойынша кіл мықтылар күш сынасады.
2007 жылдан бері республика деңгейінде өтіп келген турнир 2012 жылы халықаралық мәртебеге ие болды. 2016 жылы Тараз Ресей, Моңғолия, Бразилия, Армения, Грузия, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен 150-ден астам спортшыны қабылдаған болса, 2017 жылы Жапония, Польша, Украина, Беларусь, Әзербайжан елдері де өз балуандарын жіберді.
Биыл тоғыз командаРесей, Украина, Моңғолия, Грузия, Беларусь, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан балуандары күш сынасады.
Айтулы шараны ұйымдастыруға ҚР Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы, Жамбыл облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Жамбыл облысының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы мұрындық болуда.
Турнирдің жүлде қоры 26 млн теңгеге жуық. I, II, III орындарды алған спортшыларға медальдар, дипломдар, демеушілердің ақшалай сыйлықтары табыс етіледі. Бірінші орынға 4 мың доллар тігілген. Әрбір салмақ санатында жеңіске жеткен спортшылардың бапкерлеріне 500 доллар сыйақы беріледі.
Айта кетейік, дүбірлі додаға жаңақорғандық балуандар да қатысады. Сондықтан, жерлестерімізге қолдау көрсетіп, жеңіске жетуіне тілекші болайық!