Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КҮМБІР-КҮМБІР КҮЙ МҰРА

КҮМБІР-КҮМБІР КҮЙ МҰРА

Өз заманында Қаратауды ен жайлаған ел мен Сыр бойы­на бірдей танымал дарын иесі Әлшекейдің күй мұрасын жаңғыртуда ғалым Рахманқұл Бердібаев, айтыс ақыны Манап Көкенов, күйші композитор Төлеген ­Момбеков, ел арасынан шыққан Ибаш Өткелбаев, Әбдіқадір Әбдіхалықов, бел баласы Дәнебектер қатарында күні кеше дүниеден озған ­Тынысбек Танашұлының еңбегі айрықша зор. Күйшілік өнердің екі үлкен ағымына жататын дыбысталуы мен құрылымдық жағы да өзгеше, шертпе күй мен төкпенің төгіп салар иірімдері жымдасып жататын Әлшекей мұрасы, Қаратау мен Сыр өңіріне бірдей дәстүрлі күй мектебінің бастауында тұрғаны өнер танушы ғалымдар тарапынан айтылып жүр. Арнайы музыкалық білімі жоқ құйма құлақ тума талант, өз өмірінің 70 жылын Әлшекей мұрасына арнап, аяғы жеткен жерге барып, сөзі жеткен жерге айтудан жалыққан емес.

М.Әуезовтің «Қазақтың ар-ұяты мен намысы тек күйде ғана қалды» деген сөзі қалай дөп айтылған, ә? Күйші ағамыздың ұзақ жылғы өмірінің өзегіне айналған Әлшекей мұрасын жаңғыртуды мақсат еткен жолына қалай түсті екен деген сауал ылғи да ойымда жүретін. Кәсіби мамандығы бөлек, өнермен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын есеп қызметкері. Әуесқой күйшіліктен әріге бармаса да ешкімнің дау айтпасы анық. Жоқ олай емес. Әруақты күй атасының өлмес өнерін жаңғыртудағы еңбегі ерен. Мұрагерлік мұраты болатындай туыстық тұтастығы бар ма? Шыққан тегі кім? Өскен ортасы кімдер? Әні-міне деп созбақтап жүріп жүздесіп, әңгімелесудің сәті түспеді. Осы олқылықтың орнын ортамызда шежіре тарқатып, сөз ұстап жүрген, ол кісіге туыстық, рухани жақындығы болатын Туматай Тұрарбек ағамыз толықтырды. Марқұмның жаназасында суырылып алға шығып, мұсылмандық жол, қазақы дәстүрге сай түп тамыры, тегі мен руына қатысты біраз жайларды көпшілікке жария еткен де осы кісі еді. Сол кісінің айтуынша Тынысбек Танашұлы 1937 жылы осы күре жол бойындағы Сүттіқұдық маңайындағы Ақшығанақ ауылында өмірге келген. Сол тұстары егін салып мал бағудан жақсы аты шығып жүрген Елтай колхозындағы жауырыны қақпақтай, еңсегей бойлы жараулы жігітті жеңгелері «Көк көз» деп атайды екен. Шегір көз ұзын сарының жасырынып балаға түкіретін қасиеті де болған сияқты. Тіл-көз тиген нәресте сәбилерге өтіп бара жатып «сү-үү-фф-иит» деп бір қарағанынан-ақ, ыстығы көтеріліп сұлқ түсіп жатқан бала түске дейін ойнап кететін деген еміс-еміс сөз қалыпты. Бақсы-құшнаш десе төбе шаштары тік тұратын өкімет өкілдері жеделдетіп әкесі Танашты Отан соғысы басталған алғашқы күндері-ақ алғашқылардың қатарында соғысқа аттандырыпты. Сол бойына хабарсыз кеткен қайран әкеден алтынның сынығындай болып қалған жалғыз ұл осы – Тынысбек. Тылсым қасиет қонған әулеттің тұяғы болатын Тынысбектің нағашы жұрты да осал емес. Білетіндердің айтуынша жасынан ән салып, өнер иектеген әуей-әгугәйі сірә сол тараптан жұғысты. Қалай болғанда да, өмірі өнерімен мазмұн табар тағдыр күтіп тұрыпты алда. Ал әзірге өз қолына алып тәрбиелеген нағашысы Шәуленбектің тегіне өтіп, Дүйсебеков болып жазылған балалық шағы, соғыстан соңғы жылдарғы тойына тамақ ішу олжа, иіні жылтырап киім кию арман болатын қиын-қыстау жылдарға тұспа-тұс келіпті. Бір ұл, бір қызбен қалған жас жесірге көз салушылар да, сөз салушылар да көп. Мұқағалидың «Су сұрасам сүт , айран берген, Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем. Қарғаның валетіндей едірейіп, Қасыңа мына біреу қайдан келген?.. » дейтін тағдыр анасы Рәзияны да аттап өтпепті. Көп ұзамай атақты Әлшекей күйшінің 40 жыл үзеңгілес серігі болған Нұрман жырауға тұрмыстанады. Заманындағы салдық дәуірдің соңғы сапында жыраулық өнердің тұмса бұлағынан қанып ішкен Нұрман жыраудан алған тәлім-тәрбие, енесіне еріп келген құлындай баланың болашғына мүлде жаңа бағыт беретінін ұғынар жаста емес еді Тынысбек. Иықтан шаш қойып, гитара асынған түбіт мұрт бозбала Сүттіқұдықтың орысы-кәрісі аралас бар баласын үйіріп, радиодан тыңдаған бойы қағып алатын «хит» әндерге салып қисық көшенің шаңын бұрқыратып жүрген 14-15 жастағы кезі. Мұны аңғарып, бақылап жүретін әкесі Нұрман жырау күндердің күнінде: – Байқаймын балам, кәрі құлақ алдамаса, сенің бойыңда өнер бар сияқты. Естігенді қалт жібермей қағып алар құймақұлақсың. Бұл мені қуантады. Құдай берген қабілетті, мына сым шиқылға қор қылмасаң деймін? Айнала атырапқа аты шыққан Әлшекей деген күйші бабаң болған. Дер шағыңда сол кісінің күйлерін үйренсең өміріңе азық, атыңды шығарар өнердің үлкені сол, шырағым, – депті. Әлшекейдің өмірінен көп әңгіме естиді. Анау көлбей жатқан Қаратау қойнауындағы бұлақтары бұрқ-бұрқ қайнап жайылатын «Бектібай сазы» күйшінің өмірге келген жері екен. Күйшілік өнер нағашысы болатын әйгілі қобызшы Рүстемнен қонды дейтіні жадына жатталған. Жылқысын қобызбен жусатып, аруанасын қобызбен идіріпті дейтін ертегіге бергісіз әңгімелер бірте-бірте баурай бастайды. Жарықтық баба жастау кезінде кісі қарасы жиналған жерде жұлқынып домбыра тартады екен. Отырып тартқанына айызы қанбаса, делебесі қозып күй қысқан кездері ат үстінде шығып кететін дейді. Шалқалап шертіп, жантайып төгіп жұрттың есін алар серілердің перісі еді дегенді қызыға тыңдап жүріп күй тартып үйренуге ықыласы ауады. Бірақ кімнен үйренбек?.. Әлшекейдің халық алдына шығып өнер көрсететін ең үлкен сахнасы, Шиелі, Жөлек базары болған дескен аузекі әңгімелер шындыққа бір табан жақын. Сыр бойының атақты Бұдабайының да, жезтаңдай әншісі Нартайдың да, дарияның төменгі ағысындағы кіші жүздің шайырлары мен жыршы сүлейлерінің де көбіне-көп бас қосатын жері осы Жөлектің хан базары еді деген тарихи дерек бар. Соған қарағанда, Әлшекейдің кемеліне келіп толысқан, күйшілік өнерінің шарықтаған кезі осы Қаратаудың арғы-бергі саласы мен Сыр бойын мекен еткен осы өңірлерде өткені анық. Шертпе күйдің хас шебері Сүгірге ұстаздық еткен деген әңгіменің де шығу төркіні осы тұс. Артынша Сырдың құмында қыстап, Қаратаудың ен жайлауын еркін жайлайтын мамыражай заман келмеске кеткен астаң-кестең төңкеріс, жаңа өкімет орнап қалыпты тірліктің тынысы тарылған заман орнайды. Жасы ұлғайған шағында кәмпескеге ілініп қуғынға ұшырауы да бірін екіншісіне аңдытып, құрықтан қарауыл қойған кер заманның кесірлі саясаты. Ақыр соңында тағдыр тәлкегіне ұшыраған дәулескер күйшіге туған топырағы да бұйырмайды. Жырақтағы жат жерде дәм-тұзы таусылып, Тәжікстанның Қорғантөбе ауданында сүйегі қалыпты. Тоғыз ұлдан тараған ұрпақтары әке мұрасына еге бола алмаған, қорыққан. Қуғынға ұшыраған тап жауы, бай-бағланның тұқымы дейтін жапса жаласы, жақса күйесі дайын, байтал түгіл бас қайғы заманда 80-90 күйін білетін еді дейтін бел баласы Дәнебектен де іліп аларлық ештеңе қалмапты. Түп көтеріліп, әулет-зәузатымен Тәжік асып ұмыт қалған күйші мұрасы жайында алғаш қозғау салған халық ақыны Манап Көкенов. Сол кісінің бастамасымен 1978-1980 жылдары күйші мұрасы қолға алына бастағанда, айтылар сөздің тұздығы етіп Әлшекей күйлерін келістіріп орындайтын жанына осы Тынысбекті қосып алған. Дәл осы уақыт Тынысбек ағамыздың да күй мұрасын тереңінен ұғынған, осы жолдағы өз орнын сезініп мақсатын (миссиясын) айқындаған кез. Көкірегіндегі жылт еткен көмескі сәулені үрлеп бағыт бағдар берген Нұрман жыраудан, Өткелбайұлы Ибаштан үйренген Әлшекейдің күй мұрасын жаңғыртар аманат арқалаудың уақыты келді деп түйсінген... Ибаш демекші (Ибәділлә) осы мақалаға соавторлық құқы бар Тұрарбек достың айтуынша Тынысбек ағамыздың Әлшекей күйлеріне көзін ашып ұстаздық еткен бірден-бір адам. Әлшекейдің күйі тұрмақ аты да аталмайтын 1950-55-ші жылдары жайлаудағы малшыларға мәдени қызмет көрсететін қызыл отауда кітапханашы болатын Есіркеп Қоңқабаев осы Өткелбай баласы Ибашпен сыйластықта болатын замандасы екен. Ибаш зәуде бір арқасы құрысып, күйқұса болған шақтарында маңдайшасына желбіретіп қызыл жалау ілінген киіз үйге келіп, өнерге жақын ақындығы бар Есағаңа оңаша келіп домбыра шертіп шерін тарқатады екен. Реті келгенде «Әй Ибаш, өлім барда қаза бар, қашанғы жүрерсің, алда-жалда ана жаққа кетіп қалмай тұрғаныңда білгеніңді талапты жастың біреуіне үйретіп кетпейсің бе?» дейді екен. «Тіліңе теріскен шықсын сенің» деп қасарысқанмен ойланып қалатын көрінеді. Бірақ, қанша өтініп сұраса да Әлшекейдің күйлеріне аяқ баспайды. Есіркеп те қашанға дейін шыдар екенсің деп артын күтіп, ол келсе бәйек болып бар жағдайын жасайды. Осыны білетін әкесі Нұрманның сілтеуімен бозбала Тынысбек қызыл отауға барғыштауды жиілетеді. Кітап оқиды, домбыраға қосылып ән салады, әсіресе Нұрманның жырларын құйқылжытып айтатынына Есағаң дән риза. Ибаштың бөтен адамның көзінше күй тартпайтынын біледі, ол келсе Есіркеп ағасының иек қаққан ымдауымен жылт етіп сыртқа шығып, киіз үйдің сыртында жүресінен түсіп құлағын түріп отыра қалады. Өстіп тың тыңдап жүріп-ақ екі-үш күй жаттап алады. (Мұны Тыныс ағаның өз аузынан естідім). Есағаң мұны сездірмей, әлгі кісінің бабын тауып шәй-су әзірлеген бар жағдайын жасайтын көрінеді. Маңдайы жіпсіп, бусанып бабына келді-ау деген шағында қолына домбыраны ұстата қояды ғой. Ибаш күйші домбыраны ұстап бір-екі рет аударып, мойнынан сипай пернелеріне саусақ жүгірткен аз кем отырыстан соң иығын қомдап дүр сілкінген сәттен бастап бар дүниені ұмытқандай көзді тарс жұмады екен жарықтық. Салалы саусақтарын жүгіртіп шанағын қағып-қағып жібергенде домбыраға жан бітіп, сөйлей жөнеледі сосын. Осындай жағдай бірнеше рет қайталанған бір күні: – Әй Есіркеп, мен келгенде бір сары бала отырады кітап қарап, сосын ілезде ізім-қайым жоқ болады. Төбесі тесік НКВД-ның салпаңқұлағы болып жүрмесін?! – дейтін көрінеді шақшиып. –Байқаған екенсің ғой, қорықпа! Нұрман жыраудың домбыраға әуес баласы ғой. Күй тартып үйренгісі келеді. Не болды сонша қарғадай баладан осыншама үркіп антұрған-ау! – Ә-әә, олай болса шақыр баланы дегенді ести сала, сыртта тыңдап отырған ол шақырмайақ кіріп келеді. – Біраз болды айналшықтап жүрсің, ал не үйрендің? – дейді ғой бабында отырған Ибекең жарықтық. Бұл да сөзге келместен жадына тоқыған бірер күйді үзіп-жұлқып өз әлінше құйғыта жөнеледі. Мұндайды күтпеген Ибаш көзіне жас алған қуаныштан: «Әй антұрған Қоңқай, құй анауыңнан толтырып!» деп кесеге қол созыпты. Сол күннен бастап, өзін жатырқамай, бабы келгенде Әлшекейдікі деп атын атап, түсін түстемейақ ыммен ұғындырып, күй де тартып, қысылмай әңгімесін де айтатын болыпты. Ескіліктің сарыны, бай-құлақтың күйін тартқаны да саяси салмақты айып болып тағылып абақтыға жабылатын әй, қу заман-ай! Онсызда Әлшекейдің сенімді серігі болған дейтін артында қоңырауы бар сенімсіз элемент. Өкіметтің кітапханасын саяси қалқан етіп қызыл отауды сағалайтын себебі осы екен. Ал заман түзеле бастаған жылымықта қарсы алдына жайғасып көзбе-көз ілесе отырып Әлшекейдің бас аяғы 18-20 күйін үйреніп шығыпты. Т ы н ы с б е к Д ү й с е б е к о в е с е п - қ и с а п саласындағы негізгі мамандығын атқара жүріп өзі үйреніп өміріне серік қылған өнерден қол үзбепті. Нұрман жыраудың да үмітін толықтай ақтағаны анық. Желкілдеп өсіп келе жатқан құйма құлақ бозбаланың талпынысына қанат байлаған Есіркептің еңбегі, Ибаштың өнегесі еш кетпепті. Ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, салалық министірліктің ең жоғарғы марапаттарын алып, жеңіл көлік мінгізген қошемет құрметтерін көрген зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі қалған өмірін 100 ден аса күйі болған Әлшекей Бектібайұлының бай мұрасынан өзі үйренген нұсқаларын нотаға түсіртіп насихаттауға біржола арнады. Өзі айтады екен: «Бірімізді біріміз жетелеп, мен – Әлшекейдің, Әлшекей – менің атымды шығарған абыройға кенелдім» деп. Рас қой. Ерекше дарын иесі, дәулескер күйшінің асыл мұрасы Нұрман әкесі айтқан өмірлік рухани азығы болыпты. Сонау кеңестік дәуірде (1978-80ж.ж) айтыс өнерінің ақ кірпік ақсақалы Манап Көкеновтің бастамасымен республикалық телеарналарынан өнер көрсетіп, қазақ радиосының алтын қорына Әбдіқадірден бөлек, өз жанынан Әлшекейдің 7-8 күйілерін жаздырып қалдырды. Халық күйлерінің қоржынын толықтырған қомақты олжасы, баға жетпес қазынасы боларлық үлкен жұмыстарға атсалысқан еңбегі болған абыройға қанағат қылып мың сан шүкіршілік айтыпты. Орны толмас өкініштері де жоқ емес. Өкіметтің жұмысы, одан қалды балашағаның қамымен жүріп әкесі Нұрман жыраудың 2000 жолдық қолжазбасынан көз жазып қалған көрінеді. Есіркеп Қоңқабаевтың орталық мұрағатқа өткіздім деген құнды қолжазбаның күні бүгінге дейін дерегі шықпағанына қатты қайғырыпты. 1966-68 жылдары Ақтөбеден іздеп келген өнерпаз жігіттің (есім сойы ұмытылған) бабаның бел баласы Дәнебектің үйінде апталап жатып үн таспаға жазып алды деген 70-80 күй ұшты-күйлі жоғалды. Сұрастыра келгенде, ол жігіттің жүрек талмасынан қайтыс болып кеткені жайлы жайсыз хабар тиген. Барына еге болып ұрпаққа аманаттауды ең басты мақсатым деп білді. Зейнетке шыққаннан кейін баба мұрасын насихаттауға бар уақытын сарп етіп, күш қайратын жұмсады. Күтілген нәтижесі болмаса да, көп ізденген еңбекпен ұйымдастырылған Әлшекей шығармашылығын насихаттаған аудандық деңгейдегі 5 жыл қатарынан өткен мәдени іс шараның ұйымдастырылуы солардың бірі. Облыс аудандарынан бөлек, әрі кеткенде Ақтөбе мен Атыраудан келіп қатысатын 3-4 домбырашымен Әлшекей мұрасының ұшпаққа шықпайтыны анық көрінген. Үлкен мақсат қойып, кең ауқымды жұмыстар ұйымдастырылмаса өз деңгейіндегі нәтижеге қол жетпейтіні белгілі болды. Осы биік мақсаттар үдесінен шығу үшін алдымен өз бастамасымен бабаның атымен аталатын қор ашылды. Шөбересі болатын Оңғар інісінің басшылығымен, белгілі сатирик Көпен Әмірбеков бастаған інілердің қолдауымен, бас дирижер Айтқали Жайымов бастаған белгілі музыка майталмандары 1 жылда 12 күйдің түрлі музыкалық аспаптардың орындауына жеке-жеке әзірлеген партитурасын жазып шықты. Үздіксіз жалғасқан дайындық жұмытарынан соң 2017 жылы ұлт аспаптар оркесторының орындауымен Астананың конгресс холында үлкен концерт өткізілді. Осы жолы еліміздің бас сахнасы төріне шығып, өзінің жеке орындауындағы Әлшекейдің «Шерлі» күйін асқан шабыт, ынта-ықыласымен орындап шығу бақытына ие болды. Одан кейін де күйші мұрасын насихаттаған Республиканың Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе, Қостанай облыстары мен Алматыда өткен Әлшекей күйлерін орындаудан Қазақстанның түкпіртүкпірінен келген талантты домбырашылар қатысып бақ сынаған байқаулардың басы қасында болады. Осы уақытта Әлшекейдің 20 шақты күйі ғылыми айналымға түсіп орындалып жүргені көңілге демеу. Қазақ Ұлттық Консерваториясының профессоры Біләл Ысқақовтың, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері белгілі күйші Ерболат Мұстафаев, ҚР мәдениет қайраткері күйші, өнер зерттеушісі Мұрат Әбуғазының репертуарына еніп, мәдениет жанашыры осы салада облыстық деңгейлерде басшылық қызметтерде жүрген Еркін Нұрымбетовтің «Толқын» атты кітабы шықты. Осыны арман қылып Әлшекей деп күй тартып, Әлшекей деп күңіренген жасы келген адамның бар мұраты орындалған сансыз шүкір айтқан аузында тәубасы болыпты. Олай болса, марқұм Тынысбек Танашұлының өмірге келгендегі өз миссиясын толық орындаған рухани бай, бақытты да мазмұнды ғұмыр кешкені анық. Мен ол кісіні алғаш рет 1991 жылы көргенмін. Жаңақорған ауданында қызметтегі кезімде, Красная звезда совхозының бас бухгалтері болатын осы кісінің үйінде болғаным бар. Әлшекей жайлы 1-рет осы жолы естідім. Бір-екі күйін ойнап ол кісінің өмірі жайлы жайлы әңгіме айтқаны есте. Әңгіменің байыбына барып, ынта қойып ықылас танытпады деп ойлады ма, әлде қолпаштауым кем болды, көп ұзатпай ол кісі де домбырасын сүйей салған. Мәдениет бөлімінде басшылықта жүрген 7-8 жыл бұрын «Көптен сахнаға шықпай арқасы құрысып жүр» деп қолқа салған осы Тұрар достың өтінішімен шақыртып бірді-екілі сахнаға шығарғаным бар. Сахнаға сылбыр қимыл, баяу жүріспен шыққан Тынысбек ағамыз дүйім жұрт жиналған залға көз салып, бас изеген сәлемнің ишарасын жасар-жасамастан сол тұрған бойында, орындыққа аяғын қойып Әлшекейдің бір күйін, ұлыма арнаған төл шығармам деп «Өрлеу» атты күйін ширақ орындап шықты. Отыруға арналған орындыққа аяғын қойған ерсілеу көрінген тұрысқа көпшіліктің қаншалықты мән бергенін қайдам, сексендегі қарияның сахнаға шыққанына аямай қол соқты бірақ. «Ағай-ау, айтып түсіндіріп қоймайсыз ба?... » деп ұйымдастырушы қыздарым келіп шыжбыж болды да қалды. Кабинетке кіріп шәй суын беріп отырып: «Жарықтық Тәкем-ау, мұныңыз не? Сахна мәдениеті деген болады, орындық аяқ арту үшін қойылған дүние емес қой...» деп әбден түсіндірген боламын. «Жоқ, олай емес» деп уәж айтпай, келіскен сыңайдағы шырай танытқаны бар болсын... Келесі жолы да дәл солай! «Қисық мойын қырсық шал, қатырдың-ау?!.» деп иегімді уқалап мен отырмын залда. Конференсье қыздың жетектеп апарып құлағына құйған ақылына пысқырмады да ғой сөйтіп! Ай, жарықтығым-ай десеңізші, тек өз дегенімен ғана жүретін осындай «қисық» мінезін де көргенбіз!?.. Дәл осы қайтпайтын қайсар мінезі болмаса, 70 жыл арқалаған Әлшекей мұрасына осыншама адалдық танытар ма еді?! Соңғы демі шығардағы ұлы Сағындыққа қарата айтқан соңғы сөзі де: «күшім бар көзім тіріде үлгере алмадым...» деп қатар жатқан екі ауданның бірінен бабаның атынан музей ашуға әрекет жасауды аманат етіпті. Күй – тәңірдің күбірі дейтін сөз бар, сірә періштелері сыбырлады ма екен?..

Исабек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

16 маусым 2026 ж. 45 0

Қоғам

АҚ ХАЛАТТАҒЫ МЕЙІРІМ
16 маусым 2026 ж. 47

PDF нұсқалар мұрағаты

№45 (9412).

16 маусым 2026 ж.

№44 (9411).

13 маусым 2026 ж.

№43 (9410)

09 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930