Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дала төсіндегі ат дүбірі

Дала төсіндегі ат дүбірі

Көкпар – қазақтың қанына сіңген ұлттық ойыны. Ата-баба салтымен ұштасып жатқан ат үстіндегі бұл ойынды бидайкөлдіктер жаңғырта түскен секілді.
Жігітті төзімділікке, ептілікке, батылдыққа, батырлыққа баулитын өнердің бекзаты – көкпар. Оған тақымы тастай, білегі құрыш, жігері қылыш шабандоз ғана тәуекел жасап, топқа түседі. Ал, жүздеген дүлдүлді тақымдаған білектілер қиқулап салымға таласқан сәтте делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар, сірә! Яғни, ғасырлар бойы қазақтың бойына, қанына сіңген асыл өнер. Бүгінде жыл өткен сайын осы бір ұлттық ойынның көкжиегі кеңейіп келеді.
Айта кетейік өткен аптада өткен дүбірге толы көкпарға ауданның «Құрметті азаматы», аудандық кеңес мүшесі, Иіркөл кенішінің директоры Мұқанбетжан Бекмырзаұлы демеушілік жасады. Дүбірлі додаға ауданға қарасты ауылдардан тақымы мықты 55-ке тарта шабандоз қатысты. Сайын далада еркін шауып, талай салым салған көкпаршылар тартысты ойын өрнегін көрсетті. Ұлттық құндылықтарды насихаттау әрі жастар арасында достықты нығайту мақсатында өткен шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары А.Жандарбеков сөз алды.
– Жылқы десе арқасы қозбайтын қазақ жоқ шығар. Баптай келген жүйріктеріңіз сүрінбесін. Өздеріңізді, тақымдаған тұлпарларыңызды сақтаңыздар. Әрқашан келесі бәйге мен көкпарға аман-есен жете беріңіздер, – деп шабандоздарға сәттілік тіледі.
Одан кейін ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, сайысқа қатысушыларға ақ жол тіледі.
Таңертең басталған аламан кеш қарайғанша қызу, тартысты өтті. Жүлдеге темір тұлпар тігілді. Ұлттық ойында көкпаршылар бар өнерлерін салды, оны жұртшылықтың ұрандатып салған дауысынан-ақ аңғаруға болады. Білекті жігіттер жерде жатқан серкені тақымға қысып, өз командасына ұпай жинап, айқын басымдылық көрсетті.
Сайыстың қорытындысы бойынша командалық есеппен бас бәйгеге тігілген темір тұлпарды Жаңақорған ауданынан келген құрама иеленді. ІІ орынды Шиелі ауданынының шабандоздары иеленіп, 500 мың теңге көлемінде жүлде алды. Ал сайысты үшінші орынмен қорытындылаған Нартай ауылынан қатысқан құрама 150 мың қаржылай сыйлықты қанжығалады.
Мұнан соң теңге алу сайысында I орынды жаңақорғандық Айдар Исрайл иеленсе, қос шиелілік спортшы Бағдәулет Ғаниұлы II орынды, Айсұлтан Ремен III орынды жеңіп алды. Аударыспақ сайысы бойынша жаңақорғандық Ораз Оспан I орынды жеңіп алса, бидайкөлдік Нұрсуханбет Оразов II орынды иеленді. Ал үздік үштіктен Нартайлық Айсұлтан Ремен көрінді.
Иә, қырға қиқу оралып, сайын даланың сәні болған сәйгүліктер бауыр жазып, бір көсілді. Ат дүбірімен делебесі қозған жанкүйерлердің аптығы басылар емес. Ұйымдастырушыларға деген алғыстарында да шек жоқ. Айта кетейік ұлттық ойын соңында ауыл жанашырлары М.Бекмырзаұлына ат мінгізді.

Ш.Тілеубаев
19 қазан 2022 ж. 903 0