ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ БАЛУАН «ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫ» АТАНДЫ

Өткен жексенбіде 5 мыңға жуық спортшының арасынан іріктелген 36 «Қазақстан Барысы» елордада кездесті. Олардың ішінде аты әйгілі Мұхит Тұрсынов, Еламан Ерғалиев, Ғалымжан Қырықбаевтар бар. Кіл жүйріктер белдескен бәсекеде бас жүлде Мақсат Исағабыловқа бұйырғаны белгілі болды.
Финалдық белдесуде Қызылорда облысының балуаны Маңғыстау облысының намысын қорғаған Нұрдәулет Жарылғаповпен белдесті. Исағабылов бұл белдесуде 1 минут 52 секундта жеңді. Мақсаттың салмағы 120 келі болды. Ал оның қарсыласының салмағы 148 келі болған еді.
Мақсат Исағабылов – 1994 жылдың 17 қарашасында дүниеге келген. Бұған дейін қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған.
Жеңімпазға ұйымдастырушылар 25 млн теңге, жеңімпаз белбеу және ауыспалы алтын тайтұяқ тағайындады.
«Өскен өңір» ақпарат