«Қазақстан Барысы» республикалық турнирі өтуде
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласы, «Барыс Арена» мұз сарайында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі өтуде
Тоғызыншы рет өтетін бәсекеге еліміздің барлық өңіріндегі іріктеуден өткен 33 үздік балуан қатысады, оның ішінде күштік құрылымдар арасында өткен турнир жеңімпазы да бар.Бұған дейін балуандар «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында салмақ өлшеу рәсімінен өтті. Турнирдің ең ауыр салмақты балуаны Шығыс қазақстан облысынан Қажыбаев Ерасыл 151 келі болса, Батыс Қазақстан облысының балуаны Хамзин Ерназар 90 келі тартып, ең жеңіл салмақ көрсетті.
Жеңімпаз атанған балуанға алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы «тайтұяқ» табысталады. Екінші және үшінші орын иегерлері сәйкесінше күміс және қола белбеулермен марапатталады.
Сондай-ақ, әр белдесудегі жеңіске 100 мың теңге беріледі. Ал бірінші орын алған балуан 25 миллион (бапкері – 3,5 миллион) теңгенің сертификатына ие болса, екінші орынға 5,5 миллион (бапкері – 1,8 миллион), үшінші орынға 1,8 миллион (бапкері – 900 мың) теңге табысталады. Турнир сағат 13:00-де балуандардың жеребе тарту рәсімімен басталмақ.