Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерлер – Шахмат сайысында

Ардагерлер – Шахмат сайысында

Жуырда Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Сұлтан Қалымбетовты еске алуға арналған «Елім деп соққан жүрегі» атты шахматтан ардагерлер арасындағы аудандық ашық біріншілік өтті. Аталған жарысты шахматтан бірнеше мәрте аудан, облыстық турнирлердің жүлдегері Құдайберген Жұмабеков ұйымдастырды.
Сұлтан Қалымбетов 1925 жылдың 20 қазанында Жөлек ауылында дүниеге келген. С.Қалымбетов 1941 жылы сұм соғыстың оты тұтанған сәтте небәрі 16 жаста еді. Өрімдей жас жігіт 17 жасында Совет Армиясы қатарына қосылуға сұранып, ұрыс даласына баруға бекінеді. Осылайша 1943 жылдың 13 қаңтарында майдан шебіне еніп кетеді. Оқ пен оттың ортасындағы жанкештілік, ел мен жерді азат ету үшін қасықтай қанын аямаған соғыс солдаттарымен қатар жаумен күреседі. №317 гвардия ИПТАП танкіге қарсы жойғыш артилериясының ІА-Украин фронтында гвардия старшинасы болады. Төрт жылға созылған соғыстағы қан мен тердің өтеуіндей 1945 жылы Жеңіс туы көтерілді. Аман қалған жауынгерлердің қатарында С.Қалымбетов те бар. Жан біткенді шырғалаңға салған соғыстың оты өшсе де 1945-1950 жылдары аралығында Совет Армиясы қатарында қауіпсіздік қызметінде Гвардия старшинасы болып әскери қызметін жалғастырады.
Соғыс жылдарындағы ерлігі жайында ІІІ орденді гвардия старшинасы И.Золбин «Стахановшы» газетінің 1944 жылы 5 қараша күнгі №33 санында «Ол Ақтоған колхозында 1925 жылы туған. С.Қалымбетов сұрапыл шайқастың бірінде жаралы пулеметшінің орнын басып, жаудың екі «Тигр», бір «Броневигін», 15 фашистті жайратты. Тағы бірде ол жаудың екі танкісін құртты. Қазір оның есебінде 5 танкі, 3 броневик, 4 автомашина, 2 пулемет және 100 шақты неміс бар. Жуырда С.Қалымбетов ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденін алды» деп жазған. Бұрынғы «Стахановшы» қазіргі «Өскен өңір» газетінің архивіне хатталып, сары қағазға айналған құнды тарихтың бір парағын ғана сөйлеттік. Соның өзінде қаншама ерлік, көзсіз батырлық жатқанын аңғаруға болады.
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» демекші сұм соғыстан елге дәм жазып, Сұлтан Қалымбетов 1950 жылы оралды. Көзін іле қалса қасіретті жылдар көз алдынан бейне бір суреттей сырғып өтетін. Басқа түскен сол бір қайғы-қасірет қайта оралмасын дегендей еңбекке етене араласып кетті. Өр рухты майдангер елге оралғаннан соң, 1951 жылдан бастап Шиелі ауданы, «Қызыл Ту» колхозында колхозшы, 1951-1984 жылдары қойма меңгерушісі қызметін атқарды. Шаршауды білмейтін соғыс ардагері еңбек майданында да бел жазбай жұмыс істеп, 1984 жылдан бастап өмірінің соңына дейін комендант болып қызмет етті.
Ұрпақ жадында мәңгілік сақталатын майдангерлердің есімі әрқашан есімізден шықпайды. Ұрыс даласындағы ерлігі үшін І-ІІ дәрежелі Отан соғысының орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Сыртқа киер костюмінің омырауы медальға толған С.Қалымбетовтың елге жасаған қызметі де ескерусіз қалмады. Оның айғағы деп кеудесіне таққан «Еңбек ардагері» медалін айтуға болады.
Турнирдің алғы сөзін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил алды. Одан кейін аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Орынбайқызы сөз сөйлеп, шахмат интелектуалдық туриниріне қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аталмыш ойын 63 жастан асқан аудан ардагерлері арасында өтті. Оған 6 адам қатысып, өзара бақ сынасты. Ақыл-ойды жаттықтырушы спорт түрінің ұйымдастырылуы ардагерлердің бір мезгіл серпіліс жасауына сеп болып, ойын қыза түсті. Осылайша әзіл-қалжыңы аралас ардагерлердің көңіл-күйі көтеріліп, Сұлтан Қалымбетовтың ерлікке тән еңбегін айтып, марқайып қалды. Ойын сәтті жүріп, Бақыт Рахметов І орын алса, Қуандық Өтешовке ІІ орын бұйырса, Құдайберген Жұмабеков пен Шәки Әбдімомын ІІ орынды иеленіп, кубок, алғыс хаттармен марапатталды.

Ш.Тілеубаев

13 мамыр 2022 ж. 855 0