Заманауи үстел теннисі орталығы салынуда

Ескерте кету керек, осыдан жеті-сегіз жыл бұрын аймақтағы ірі кәсіпорын – «Казцинк» өз қаржысына алты бірдей ірі нысан, жазда да, қыста да жаттығатын үлкен теннис орталығын салып берген болатын.
Халықаралық стандарттар бойынша бой көтеріп жатқан нысанның жалпы аумағы – 9 мың 600 шаршы метр. Облыс әкімі күн суытқанша орталық ғимараты толық салынып бітуі керектігін айтты. Мұнда екі спортзал болады. Бір уақытта 250 спортшы жаттығады. Жарыс өтетін жерде 18 теннис үстелі қойылады. Мүмкіндігі шектеулі жандар да осы жерде жаттығып, денсаулықтарын түзей алады.
– Бұқаралық спорт Кенді Алтайда жақсы даму үстінде. Бұл күндері облыста бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны 30 пайызға жуық. Дәл қазір өңірдің 15 елді мекенінде дене шынықтыру-спорт кешендері салынып жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамытуға қатысты тапсырмасы әркез басты назарда. Жақын арада осы мақсатта келелі кеңес өтпек. Теннис соңғы жылдары еліміздің кез келген өңірінде дами бастады. Оның нақты дәлелі – Рыбакинаның Токиодағы табысы. Бірақ оның финалға шығуға шеберлігі жеткенімен, психологиялық жағынан дайын болмады. Келешекте осы орталықтан Олимпиада жүлдегерлері шығатыны сөзсіз, – деді өңір басшысы.
Кешенді аралап болған соң, облыс әкімі жаттықтырушылардың біліктілігі мен шеберлік деңгейін арттыру қажеттігіне тоқталып өтті. Қазірдің өзінде үш деңгейлі арнайы бағдарлама жасалды. Жақын және алыс шетелдердің жетекші мамандарымен келісімшарт жасасу да ойда бар.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан» газетінің ардагері
https://egemen.kz