Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Павлодар облысында 12 млрд теңгенің жеті спорт жобасы жүзеге асырылады

Павлодар облысында 12 млрд теңгенің жеті спорт жобасы жүзеге асырылады




Ертіс өңірінде спорт саласында алдағы екі жылдың ішінде жеті жоба жүзеге асырылмақ. Нысандардың басым бөлігі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынады, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің аймақтағы тілшісі.

Елбасы халыққа Жолдауында кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырды. Мақсат-міндетті орындау үшін өңірде ілкімді жобалар қолға алынды. Қазіргі уақытта облыс орталығындағы Усолка шағын ауданында халықаралық стандарттарға сай бассейн құрлысы жүргізіліп жатыр. 50 метрлік нысан жобасының құны 2 млрд теңгеден асады. Сонымен қатар, инфрақұрылымның айналасын абаттындыру қарастырылған.
Мердігер ұйым өкілі Бақытбек Тулапбергеновтың айтуынша, нысан құрылысында заманауи технологиялар қолданылуда. Мәселен, жаңғырық пен өзге дыбыстарды оқшаулау мақсатында арнайы акустикалық материал қолданылады. Целлюлоза мақтасы жарыс барысында дыбысты кедергілерді болдырмайды. Жаңашық технология негізіндегі дыбыстық оқшаулау жұмыстарымен бір топ шетелдік маман айналысуда.
«Халықаралық дәрежедегі объект болғандықтан, бассейн суы мемлекетаралық стандартқа сай болуы шарт. Жүзуге арналған су екі деңгейлі тазартудан өткізіледі. Мүгедек спортшыларға да жағдай жасалады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бір лифт, бір көтергіш пен жуына бөлмелері қарастырылған. Қазіргі уақытта құрылысшылар күшейтілген режимге көшті», - дейді Бақытбек Тулапьергенов.
Олимпиадалық резерв дайындығы кешенінің ұзындығы – 50 метр,тереңдігі – 2 метр 25 сантиметрді құрамақ. Көрермендер үшін 300 орындық трибуна қарастырылған.
Бассейннің маңында ескекті есу спортын дамытуға арналған арна да салынады. Былтыр өңірде 40 жылдан соң академиялық мектеп жаңғырды. Ал келесі жылы ұзындығы екі шарықымнан асатын арна салынады. Жоба құны – 1,5 млрд теңге. Айта кетейік, бұған дейін павлодарлық экологтар арнаның құрылысына қарсылық білдіріп, бірнеше қоғамдық тыңдау өткізген. Оның өзіндік себебі бар – есекті есу арнасы салынған күні өзеннің бойындағы 5 мыңнан астам ағаш оталады. Десе де, жергілікті биліктің шешімі осындай. Ал шаһардың басқа бөлігінде кезінде тұралап қалған «Спорт-сити» жобасы жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта мәнерлеп сырғанау, шорт-трек спорт түрлеріне арналған дайындық кешенінің іргесі қалануда. Келер жылы жабық жеңіл атлетика манежі, жабық футбол алаңы мен олимпиадалық дайындық резерві орталығының құрылысы абсталады.
Бүгінде облыс тұрғындарының 30%-дан астамы бұқаралық спорт түрлерімен айналысады. Яғни, 228 мың адам салауатты өмір салтына бет бұрған. Көрсеткішті арттыру үшін ауылдық спорт саласына көңіл бөлінуде. Бүгінде төрт аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары мен футбол алаңдары салынып жатыр.



09 қазан 2018 ж. 723 0