Танымал промоутер Головкин мен Альваресті Жапонияға шақырды.
Атақты промоутер Боб Арум орта салмақтағы WBA тұрақты чемпионы жапониялық Риота Мурата мен Геннадий Головкин арасында жекпе-жек ұйымдастырмақшы, деп жазды Prosports.kz.
Top Rank басшысы мұндай мәлімдемені Мурата 23 желтоқсан күні Йокогамада (Жапония) канадалық Стивен Батлерді жеңіп, титулын қорғап қалған соң жариялады.
Оның айтуынша, келесі жылы орта салмақтағы IBF чемпионы Головкин немесе WBA чемпионы Альваресті Жапонияға шақырып, Муратамен жұдырықтастыруды жоспарлап отыр. Жоспар бойынша бұл жекпе-жек 55 мың адамға арналған "Токио Доум" стадионында, Токиодағы жазғы Олимпиада ойындары алдында өтуі мүмкін.
"Біз "Канело" немесе Головкинді Токио Олимпиадасының алдында "Токио Доумда" Муратаға қарсы өте үлкен жекпе-жек өткізу үшін Жапонияға шақыра аламыз деп үміттенемін. Екі боксшы да Жапонияға келіп, Муратамен кездесуге келісетінін айтқан. Біз бұл жекпе-жекті ұйымдастырамыз", - деді Боб Арум.