Головкин келесі қарсыласын таңдады
Астана, BAQ.KZ. Орта салмақта бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) келесі жекпе-жегінде чемпиондық атағын қайтара алуы мүмкін. vesti.kz сайтының мәліметінше бұл туралы қазақстандық боксшының промоутері Том Леффлер LA Times басылымына берген сұхбатында айтқан.
Леффлердің сөзінше, Головкиннің келесі қарсыласы осы аптада анықталады. Бұл 20 қазан Лас-Вегаста орта салмақта WBA Regular белбеуінің иегері Риота Мурата (14-1, 11 КО) мен америкалық Роб Брант арасындағы жекпе-жекке қорытындысынан кейін белгілі болады.
Промоутердің айтуынша, жапониялық боксшы жеңсе, «Головкин - Мурата жекпе-жегі жақсы нұсқа. Токиоға аттану қызық болмақ». Сонымен бірге, ол бұл кездесу ESPN арнасында трансляциялануы ықтимал екенін атап өтті.
«Мұнда әңгіме Головкиннің белбеулерінде емес, жекпе-жектің өзі қызық. Көптеген БАҚ пен жанкүйерлер Геннадий белбеулерін сақтап қалу керек еді деген ойда, бірақ, қазір ол барлық атақтан жоғары. Бізге жасалған қолдаудың негізі ол бәрібір чемпион болу керек дегенде жатыр», - дейді Леффлер.
Baq.kz