Қазақ боксшылары қарсыластарымен бетпе-бет кездесті
5 шілденің кешінде Алматыда кәсіпқой бокс кеші өтеді. Басты жекпе-жекте Қанат Ислам мен Доминикан Республикасынан келген Хулио де Хесус жұдырықтасады. Боксшылар бір күн қалғанда бетпе-бет кездесіп, көз арбасты.
Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы бокс жанкүйерлеріне есігін ашады. Бокс кешінде 10 бірдей боксшымыз алыс және жақын шет елдерден келген қарсыластарымен жекпе-жекке шығады.
Қанат Ислам 2017 жылдың қыркүйек айынан бері жекпе-жек өткізген жоқ. Астанада канадалық боксшы Брендон Кукпен жұдырықтасып, 9 раундта техникалық нокаутпен қарсыласын жеңген болатын. Одан кейінгі жекпе-жегін былтыр 23 маусымға белгілеген. Алайда отандасымыз жаттығу кезінде жарақат алып, жекпе-жек өтпей қалған-ды.
Отандасымыз Алматыдағы бокс кешінің басты жекпе-жегінде Доминикан Республикасынан келген боксшы Хулио де Хесуспен (27-1, 24 КО) жұдырықтасады. 36 жастағы қарсыласы кәсіпқой бокста 28 жекпе-жек өткізіп, тек біреуінде ғана жеңіліс тапқан. Ал 24 кездесуінде уақытынан бұрын жеңіске жеткен.
Қанат орта салмақ дәрежесі бойынша шаршы алаңға шығады. Алдағы жекпе-жектерінде де осы салмақта бақ сынайды.
- Білсеңіздер, өмірде түрлі жағдай болады. Жарақаттан ұзақ сауықтым. Қазір жекпе-жектерге дайынмын. Қарсыласымды құрметтеймін және жекпе-жекке дайынмын. Бұрын 69 келіде өнер көрсеткенмін. Ал "Астана - Арланста" жүргенімде орта салмақта жұдырықтастым. Бұл салмақта жұдырықтасуға дайынмын. Қазір өзімді жайлы сезінемін. Бұл дивизиондағы бәсекеге дайынмын. Жақсы дайындық пен биік рухтың арқасында. Бастысы алға ғана жүріп, мақсаттарға жету. Бұл бәсекелі салмаққа үлкен жекпе-жектер үшін келдік. Чемпион болуға дайынмын! Эгис Климаспен осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Ол қазір Қазақстанда және бокс кешіне келу керек. Онымен жұмыс істеп, биік шыңдарға жетеміз, - дейді Ислам.
Қазақстандық спортсүйер қауым бокс кешін QazSport арнасынан тамашалай алады. Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 18:30-да басталады.
massaget.kz