Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қанат Ислам: «Головкиннің бойында қазақтың асыл қасиеттері бар»

Қанат Ислам: «Головкиннің бойында қазақтың асыл қасиеттері бар»


Kyzylorda-news.kz. Кәсіпқой боксшы Қанат Ислам 2 жылға жуық үзілістен кейін шаршы алаңға оралды. Отандасымыз 5 шілде Алматыда Qazaq Promotions ұйымдастыратын бокс кешінің басты жекпе-жегінде жұдырықтасуға шығады, деп хабарлайды Massaget.kz.
«Qazaq» деген лақап атпен танылған қазақ боксшысы 2017 жылдың қыркүйек айынан бері жекпе-жек өткізген жоқ. Астанада канадалық боксшы Брендон Кукпен жұдырықтасып, 9 раундта техникалық нокаутпен қарсыласын жеңген болатын. Одан кейінгі жекпе-жегін былтыр 23 маусымға белгілеген. Алайда отандасымыз жаттығу кезінде жарақат алып, жекпе-жек өтпей қалды.
Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында Qazaq Promotions ресми баспасөз мәслихатын өткізді. Кездесу барысында біраз сұраққа жауап беріліп, басты жекпе-жекте шаршы алаңға шығатын Қанат Ислам өз жоспарларымен бөлісті.
Халің қалай, Қанат?
Қазақ жанкүйерлері боксшының жекпе-жектерін сағынғаны рас. Өзі де боксты жаны сүйеді, шаршы алаңды сағынғанын жеткізді. Мансабын аяқтапты деген сөздер де жиі айтылды. «Бұрынғы қалпына келуі қиын» - деп айтып жүргендер де бар. Бірақ, Қанат бәрін жеңдім дейді.
«Жарақатымнан толықтай айықтым. 1 жыл дәрігерлермен, танымал мамандармен кеңесіп дайындалдым. Бокс - бұл өмір. Өмір секілді бұл спорт түрінде де түрлі жағдайлар болады. Қуанышы мен қайғысы бірге жүреді. Өзімде бәрі ойдағыдай. Дайындықты жоғары деңгейде өткізіп жатырмын. Жеке жаттықтырушым бар. Ұжым болып бір мақсатта жұмысты бастадық. Ендігі іс - қолымыздан келгенше, шамамыз жеткенше өнімді жұмыс істеу», - дейді боксшы.
Қанат Ислам Геннадий Головкин бақ сынайтын салмақ дәрежесі бойынша кәсіби мансабын жалғамақ. Яки, 160 фунт салмақ (72, 5 кило) дәрежесінде бақ сынайтын болады.
Бірақ бұрынғы қалпына жете ала ма? Әлде асып түсе ме? Бұл сауал да қойылмай қалған жоқ.
«Мұның барлығы адамның ойы ғана. Бәрі бастағы миға қатысты. Біреу біреуге «сен осындайсың» деп баға береді. Ал анау «мен негізі сондай екенмін» деп санасына қабылдап алады. Әр адам өзінің не істей алатынын жақсы білу керек. Өз деңгейімді жақсы білемін. Мен тәуекелге бардым. Ары қарай енді мансабымда жеңіс бола ма, жеңіліс бола ма, ол жағы беймәлім. Бокста бір соққы бәрін шешіп кетуі мүмкін. Әрбір күнімді бекер өткізбей, жаттығуға арнаудамын. Бір Жаратқанға, одан кейін өзімнің маңдай терімнің, еңбегімнің алдамайтынына сенемін. Қалған дүниеге сенбеймін», - деп ойын ашық жеткізді.
05 маусым 2019 ж. 636 0