Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Киберспорт — бұл спорт! Неге?

Киберспорт — бұл спорт! Неге?


Елімізде кибер ойындарды ресми спорт түріне қосқанымен елімізде көп адамдар керағар пікірде. "Киберспорт спорт түріне жата ма?" деген сұраққа жауап іздемес бұрын "спорттың" не екенін зерттеп алайық. "Спорт" сөзі ескі француз тіліндегі desport - "ойын" сөзінің қысқартылған түрі. "Спорт - белгілі ережелер немесе дәстүрлерге сай көбінесе жарыс күйінде өтетін әрекет. Спорт жалпы алғанда физикалық мығымдығы өте маңызды болатын (жеңіске немесе жеңіліске әкелетін) әрекетті сипаттағанымен, ақыл-ой немесе құрал-жабдық сапасы да маңызды рөл атқаратын ақыл-ой спорты және мотор спортына қатысты айтылады. Адам баласы спортпен денсаулығын жақсарту, моральді және затты қанағаттану үшін, өзін-өзі дамыту үшін шұғылданады" деп түсініктеме береді Уикипедия. Киберспорт — бұл спорт! Неге? Спорт сөзінің түп мағынасына сүйене отырып кибер ойындарды спорт екеніне көз жеткіземіз. Бірінші кезекте бұл - жарыс рухы және үздік болуға ұмтылыс. Кәдімгі спорттағыдай бұл жерде де командалар, ойыншылар, жанкүйерлер, жарыстар, бірыңғай ережелер мен тәртіптер бар. Олимпиада бағдарламасында пневматикалық тапаншадан ату спорты бар. Әрине, бұл жарыс жүгіру, күрес секілді кәдімгі спорт түрлерінен едәуір айырмашылығы бар. Бірақ төрт жылда бір келетін дүбірлі доданың бағдарламасына енген. Онда неге киберспортты спорт санамасқа? Комьютерден аттың не, пневматикалық тапаншадан аттың не - айырмашылық жоқ секілді. Сіз қалай ойлайсыз? Мысалы, киберспорттың басты тәртіптерінің бірі саналатын Counter-Strike ойыны командалық болып есептеледі. Кәсіпқой деңгейдегі спортшылар әр ойынға тактика құрып, айла-тәсілдер ойластырады. Мұның бәрі түптеп келгенде интеллектке тәуелді. Футболдағыдай жеңіс те, жеңіліс те команданың бірігіп атқарған жұмысына байланысты. Тарих Ең бірінші мұндай спорт түрінен сайысқа түсетін командалар "Doom 2" ойынымен бастаған. Ары қарай даму мақсатында ғаламторда жақсы істейтін "Quake" ойыны көпшілікке танымал бола бастады. 1997 жылы кеңінен тарала бастаған ойынның WCG, ESL деген бөлімдері де құрылды. Бір қарағанда баланың ермегі іспетті көрінетін компьютерлік ойындардың бүгінгі таңда аяқ алысы жаман емес. Белгілі бір командалар құрылып, нақты бір мақсат жолында ұйымдасқан адамдар экранның келесі бетіндегі қарсыласын жеңу үшін түрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланады. Киберспорттың пәлсапасы Әр спорт түрінде өзінің мақсаты болады: гол соғу, шайба салу немесе жүгіру қашықтықтығын бәрінен бұрын бағындыру. Ал киберспорттың әр тәртібінде тек өзіне ғана тән ерекшеліктері бар. Оның үстіне киберспорт жеке ойыншыға да, командаға да байланысты болады. Барлығына қол жетімді Расында солай. Бұл спорт түрінде ойыншының жасына, жынысына, әлеуметтік статусына, ұлтына қарамайды. Ресми кәсіпқой киберспортшы 17 жастан бастау алады. Ал ең кәрісі 52-де. Дәстүрлі спорт түрлерінде кәсіпқой деңгейде жету үшін кем деген бірнеше жыл уақытың кетеді. Киберспортта сүйікті ойыныңда үздік болсаң жеткілікті. Жастар арасында танымал спорт Технология заманында компьютер ойындарымен ешкімді таңғалдыра алмайсыз. Тіпті, кейбір сәтте шындық па, әлде виртуал ма - ажырату қиын. "X" буыны бала кезден компьютерге жақын. Сол себепті киберспорттың уақыт өткен сайын танымалдығы артатыны сөзсіз. Киберспорт индустриясының дамуы Киберспорт 10 жылдан бері ойын нарығында жақсы дамыды. Алайда дәл қазір киберспорттың бұл нарықтан шығып, спортқа әрі бизнеске ауысатын уақыт жетті. Қазірдің өзінде ойыншылар мен командалар ірі турнирлерге қатысып, әлемдік танымалдылыққа ие болып келеді. Қаржысы мол Сөзсіз, кибер ойындар - көптеген спорт түрлеріне қарағанда көп қаржы тарта алатын нарық. Қазірдің өзінде киберспорт өзге спорттардың басым көпшілігін жүлде қоры бойынша да, түсіретін пайдасы бойынша да оқ бойы озық тұр. Dota 2 ойынынан өтетін бір ғана The International турнирінің жүлде қоры 25 миллион долларды құрайды. Киберспорттың әлем бойынша спорт қатарына енгені бізге қандай пайда береді? Сенесіз бе, біздің киберспортшылар ТМД елдерінде ғана емес, әлем бойынша сұранысқа ие. Елімізде кибер ойындар инфрақұрылымының әлі дамымағанына қарамастан қаракөз балаларымыз әлемдік деңгейде топ жарып жүр. Солардың бірі әрі бірегейі - AVANGAR командасы. Құрамында кілең отандық ойыншылар өнер көрсететін бұл ұжым бірнеше халықаралық жарыстарда жеңіске жетіп, әлем назарына ілінді.  Біздің ойыншылардың жеткен жетістіктерінің ішінен CS:GO ойынынан 2017 жылы Польшада өткен PGL Major Krakow 2017 - әлем чемпионаты мен 2019 жылы өткен CIS Minor Championship — Katowice 2019 турнирін атап өтуге болады. 2018 жылдың 25 маусымында Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі киберспортты ресми түрде спорт деп танып, Qazaq Cybersport Federation атты киберспорт федерациясының жұмысына кіріскенін мәлімдеді. Қазақстанда бұл федерацияның 9 филиалы жұмыс істеп, халықаралық жарыстарға қатыспақ. Ал әлем бойынша киберспортты спорт түріне қосқандардың ішінде 24 мемлекет бар. Көп уақытттан бері Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) киберспортты Олимпиада бағдарламасына қосу жайлы бір шешімге келе алмай жатыр. Дегенмен киберспорттың танымалдығының артып жатқанына байланысты жақын уақытта сүйікті ойыныңызды Олимпиададан көріп қалуыңыз ғажап емес.

Massaget.kz
23 мамыр 2019 ж. 1 029 0