Топ-баннер
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ КОАЛИЦИЯСЫ ӨКІЛДЕРІ АҚМАЯ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ КОАЛИЦИЯСЫ ӨКІЛДЕРІ АҚМАЯ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ


Бүгін «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы өкілдерінің жұмыс сапары Шиелі ауданында жалғасып, Ақмая ауылы тұрғындарымен ауқымды кездесу өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Руслан Рүстемов, өңірлік коалиция жетекшісінің орынбасары Мұрат Тлеумбетов, аумақтық коалиция жетекшісі Мұрат Тұрабаев және коалиция мүшелері қатысты. Кездесу ауыл тұрғындарының белсенді қатысуымен ашық диалог форматында ұйымдастырылды.
Жиында Жаңа Конституция жобасының адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту, әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын нығайту сынды негізгі бағыттары кеңінен түсіндірілді.

Сенат депутаттары өз сөздерінде ұсынылып отырған өзгерістер елдегі саяси реформалардың логикалық жалғасы екенін атап өтті. Жаңа нормалар азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді күшейтуге бағытталғаны айтылды. Сонымен қатар, Конституция жобасында әлеуметтік кепілдіктердің сақталуы, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамыту, еңбек құқықтарын қорғау мәселелері де қамтылғаны жеткізілді.

Кездесу барысында Ақмая ауылының тұрғындары жол, ауыз су, инфрақұрылым, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шараларына қатысты сұрақтар қойды. Кейбір тұрғындар ауыл жастарына арналған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстарын білдірді. Коалиция мүшелері көтерілген әрбір мәселе тиісті мемлекеттік органдардың назарына ұсынылатынын және заңнамалық деңгейде қарастырылатынын атап өтті. Жиын соңында коалиция өкілдері Жаңа Конституция – елдің ұзақ мерзімді дамуы мен тұрақтылығының кепілі екенін айтып, тұрғындарды алдағы референдумда белсенділік танытуға шақырды.

#референдум2026
#жаңаКонституция
#15наурыз
24 ақпан 2026 ж. 87 0