Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШЕКАРА ТҮЙІНІ ШЕШІЛМЕК

ШЕКАРА ТҮЙІНІ ШЕШІЛМЕК


Қоңыр күз келісімен қазақ-қырғыз арасы да салқындай жөнелді. Шекара тарс бекітіліп, тауар айналымының тасымалы күрт төмендеп, бұл жағдай екі ел ара­сындағы транзиттің тынысын бітеп тастаған. Бірақ арамызды Алатау ғана бөлген, «ұқсап» деген сөзді «ұқшап» деп айта салатын ағайын елмен араздасып жатуға да уақыт жоқ мына заманда. Дау-дамайды артта қалдырып, ынтымақтаса өмір сүру керек. Минскіде Қырғыз президентімен кездескен Нұрсұлтан Назарбаев осыны айтқан. Көрші ел басшылығына жаңа президенттің келуімен Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы қатынастардың жаңа кезеңі басталмақ. Оның алғашқы қадамы да жасалды.

Елбасы айтқандай, қос ел үкіметі екіжақты ынтымақтастық мәселелерін тізіп шыққан жол картасына қол қойды. Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Асқар Мамин мен Қырғызстан премьерінің орынбасары Толқынбек Әбдіғұлов бастаған Үкіметтік делегациялар арасында өрбіген кең ауқымды келіссөздер барысында шекара мәселесі де қарастырылды. Жиынтығы 50 шара күн тәртібінде тұр. Осы негізде енді шекара, көлік, фитосанитариялық және ветеринарлық бақылау, кедендік және салықтық әкімшілендіру салалары бойынша өзара қарым-қатынастар шешімін табуы тиіс. Құжат бойынша екі ел үкіметі тез арада атқарылуы керек 16, қысқа уақытта іске асатын 5 және жүйелі түрде баппен жасалатын 29 шараны қолға алады. Үкімет басшысының орынбасары Асқар Маминнің айтуынша, аталған шаралар қырғыз эконо­микасының ЕАЭО талаптарына бейімделуін қамтамасыз етеді. Енді екі ел жол картасы негізінде, атқарылатын барлық кедендік шараларды жаңа тәсілде істеп көрмек. Тағы бір дерек, қазақ-қырғыз шекарасы арқылы өтетін экспорттық-импорттық және транзиттік тауарларды Еуразиялық экономикалық комиссия өкілдері кірпік қақпай қадағалайды.
– Жол картасының шараларын толықтай әрі уақытылы орындау ортақ нарықты ашықтық, заңдылық және өзара пайда тұрғысынан қалыптастыруға, сондай-ақ тату көршілік және достық қарым-қатынастың дәстүрлі арнасында өзара тиімді сауда-экономикалық байланысты күшейтуге септігін тигізеді, – ­деді Асқар Мамин.
Қос президенттің келісімі бойынша үкіметтер жол картасын қабылдады. Сол бойынша 2017 жылдың 3 желтоқсаны сағат 00:00-ден бері Қазақстан шекара қызметі Қазақстан – Қырғызстан шекарасының барлық өткізу орын­дарында күшейтілген шекара бақы­лауынан күнделікті шекара бақылауына көшірілді. Жағдайдың бір ретке келгені екі ел үшін де тиімді. Мәселенің саяси қырына қатысты жауапкершілікті Сооронбай Жээнбеков өз мойнына алатынын айтқан. Саяси тұрғыдан шикілік шыға қоймас дейміз. Ендігі кезекте екі мемлекет эконо­микалық түсініспеушіліктерін алаңсыз шешіп алуға мүмкіндік мол.
– Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтерінің арасындағы келіссөздердің қос тараптың экономикалық ынты­мақтастығын жарастыруға арналған жол картасы құжатына қол қойылуымен аяқталуы өте құптарлық оқиға болды.
Бұл – Минскідегі Нұрсұлтан Назарбаев пен Сооронбай Жээнбеков кездесуінің жемісі. Қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайдың шектен тыс саясиланып кетуі, содан кейін шекара бақылау бекет­теріндегі күшейтілген режимнің алынып тасталуы қоғамдық резонанс тудырды. Бұл ретте жол картасының экономикалық мәселелерді есепке алған 50 шарадан тұратынына назар аударғым келеді. Жол картасы екіжақты қаты­настардың дамуымен қатар, қырғыз эконо­мика­сының ЕАЭО талаптары мен нор­маларына сай болуына да мүмкіндік жасап береді, – деді Президент жанын­дағы ҚЗСИ бас ғылыми қызметкері Леся Қаратаева.
Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, қабылданған жол картасынан Қыр­ғызстанның ұтары көп. Көптеген құры­лымдар бойынша қырғыз экономикасы 90-жылдардағы Қазақстан эконо­микасына ұқсайды. Сондықтан қабыл­данған құжат көрші елді «көлеңкелі» экономикадан құтқарып, салық базасының аясын кеңейтіп, ресми ЖІӨ-ның артуына әсерін тигізеді. Сан түрлі бағалаудың басын қосар болсақ, дәл осы жол картасының арқасында қырғыз экономикасының өсімі 10 пайызға дейін жоғарылайды деп отыр мамандар. Жағдайдың оңалып, жоспардың жүзеге асуына қос тарап та мүдделі. Енді игі істер екі ел президенті мен үкіметінің тікелей бақылауымен іске асатын болады.
Абай АЙМАҒАМБЕТ
05 желтоқсан 2017 ж. 1 660 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930