Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ КЕСЕБАЕВА БАЛАЙЫМ ТУҒАНБАЙҚЫЗЫ КЕРДЕЛІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ БОЛДЫ

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ КЕСЕБАЕВА БАЛАЙЫМ ТУҒАНБАЙҚЫЗЫ КЕРДЕЛІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ БОЛДЫ

Елімізде 2022 жылғы 5 маусым күні республикалық референдум өткiзiлетіні белгілі. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, «AMANAT» партиясы республикалық штабының мүшесі Кесебаева Балайым  жұмыс сапарымен Керделі ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Маңызды кездесуге «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының штаб төрағасы Сыздық Болат Мүбаракұлы, штаб мүшесі Жағыпбаров Тұрмағанбет Әлиасқарұлы және облыстық мәслихат депутаты, облыстық штаб мүшесі Алмашева Манат Тамабайқызы мен 200-ге тарта ауыл тұрғындары қатысты.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Кесебаева Балайым алдағы өтетін Референдумге қатысудың мәні мен әр тұрғынның дауысы маңызды екенін түсіндірді. Референдум еліміз дауыс беру арқылы өз болашағын таңдайтынын және конституциялық реформа жаңа мемлекеттік үлгіні қалыптастырудың басты тетігі екенін атап өтті.
Сонымен қатар реформалар сәтті өтсе, халық ел басқаруға қатысады. Бір мандатты округтер бойынша Мәжіліс депутаттары сайланады, мәслихат депутаттарының келісімімен баламалы негізде облыс әкімдері тағайындалады.
Президентіміз ұсынған оң өзгерістер мен реформалардың іске асуына, Жаңа Қазақстанның қалыптасуына үлес қосу – әрқайсымыздың негізгі азаматтық борышымыз. Дана халқымыз айтқандай, қазіргі уақытта тірліктің де, берекенің де көзі – бірлікте. Осы тұрғыда біздер Қазақстанның демократиялы, әділетті және өркениетті мемлекет болып құрылуына үлесімізді қосатын боламыз – деді, Мәжіліс төрағасының орынбасары Кесебаева Балайым.

Кездесу соңында ауыл тұрғындары референдумды қолдайтындарын жеткізіп, ұсыныстарын айтып, көптеген сұрақтар қойып, өз пікірлерімен  бөлісті.

#ReferendumAMANAT
01 маусым 2022 ж. 584 0