Қазақтың дана, кемеңгер ұлы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан «Тарихи тұлға тағылымы» мақаласын оқығанда ерекше сезімге бөленіп, тебіренбеген жан жоқ шығар. Бүгінге дейінгі отыз жылға жуық уақыт ішінде Елбасы салған сара жолмен мемлекетіміздің дара келбеті қалыптасты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласын оқи отырып, осындай ой түйдік.
Елбасының ел үшін жасаған тәуекелдерін жан-жақты кестелей өткен мақаладан Тұңғыш Президентіміз бен тұтас Қазақстанды бір-бірінен бөле-жара қарай алмайтыныңды түсінесің.Шынында да тарих жолы үнемі тақтайдай тегіс бола бермейді, қалтарыс-бұлтарысы, шиыр-шатпағы қатар жүреді. Сол сан сынақтың арасынан саңылау тауып, жұртын ерте білу ердің ерінің қолынан ғана келері сөзсіз. Кез келген қалыптасқан мемлекеттің бастауында, даму жолында өзінің белгілі тұлғалары тұрады. Міне, жаңа заманның тәуелсіз Қазақстаны жайлы айтылғанда ең алдымен Нұрсұлтан Әбішұлын мақтанышпен сөз етеміз. Ұлы Дала төсінде қайта жаңғырған егемен жас мемлекеттің өткенде кеткен еншісін қайтару үшін бар қажыр-қайратын сарп ете білген кемеңгер тұлғаның келбеті қанша уақыт өтсе де сәулелене береді.
"Нұрсұлтан Назарбаевқа әртүрлі мінезге ие адамдармен жарасым таба алады. Әрине, оның харизматикалық болмысы туралы аз айтылмайды. Мұндай сирек қасиет әркімге беріле бермейді, бұл – расында да ең әуелі табиғат сыйы, содан кейін адамның өзін-өзі үнемі дамытуына тікелей байланысты қасиет. Ұзақ жылдар бойы Елбасының еңбегіне шәкірті ретінде де, серіктесі ретінде де, үзеңгілесі ретінде де көңіл аудара жүріп, әр кез қабілетіне таңғалатынымды жасырмаймын. Ол көп оқиды, ұлттық әдебиетке ғана емес, шетел әдебиетіне де көңіл бөледі, барлық оқиғадан хабардар болып отырады, елдің тарихы пен мәдениетін жетік біледі, әсіресе экономикалық ақпаратқа жіті ден қояды", деді мақалада Мемлекет басшысы.
Иә, данышпан Абай атамыз: «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінерге жарар ол» деп айтқандай, елін сүйген Елбасыны халқы да құрметтеп, екінші Президенттің ұсынысымен мемлекет астанасы «Нұр-Сұлтан» деген нұрлы, шуақты, айбынды атауға ие болды. Енді санаулы күндерден соң Елбасы мен ел астанасының туған күнін қатар тойлаймыз.
Ендігі жерде әр қазақ Елбасы жариялаған, сақтаған, өркендеткен ең қасиетті құндылығымыз – Тәуелсіздікті бәрінен биік қойып, оны нығайтуға қалтқысыз қызмет етуі керек. Сонда ғана еліміздің еңсесі биік, рухы асқақ, болашағы жарқын болады.
Болат СЫЗДЫҚОВ,
Шиелі аудандық мәслихат хатшысы