ҮЗДІК АУЫЛ ӘКІМІ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫН АНЫҚТАУДА ХАЛЫҚТЫҢ ПІКІРІ ЕСКЕРІЛЕДІ
Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Жасұлан Шынтасов брифингте айтты. Брифинг барысында, Агенттіктің бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылып жатқан «Үздік ауыл әкімі» республикалық конкурсының ережесі мен талаптары таныстырылды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында басталған конкурстың мақсаты - жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға және жергілікті маңызы бар мәселелерді тиімді шешуге үлес қосқан, жұмыста жоғары практикалық нәтижелерге жеткен ауыл әкімдерін анықтауға және көтермелеуге бағытталған.
Байқау өңірлік және республикалық екі деңгейден тұрады. Байқау нәтижелері 2020 жылдың қыркүйек айында белгілі болады.
Конкурс өткізу барысында халықтың пікірі ескеріледі. Ол үшін ағымдағы жылдың маусым айынан бастап облыс әкімдіктерінің ресми сайттарында жергілікті әкімнің тиімді жұмыс істеуіне халықтың қанағаттануын бағалау үшін сауалнама орналастырылатын болады. Сауалнамаға азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша қабылданған шаралардың тиімділігі, көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға, халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек және қолдау көрсету, халықты жұмыспен қамту мен жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, жергілікті әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жергілікті қоғамдастықпен өзара іс-қимыл және т.б. сияқты бірқатар бағалау критерийі кіреді.
Сонымен қатар, Әдеп жөніндегі уәкілдер үміткерлердің мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауы мәселелері бойынша анонимдік сауалнама жүргізеді.
Сауалнама нәтижелері конкурстық комиссияның әрбір ауыл әкімін объективті бағалауына мүмкіндік береді.
Конкурс туралы толық ақпаратты ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және Қызылорда облысы әкімдігінің сайтынан, сонымен қатар 8/7242/705626 телефоны арқылы білуге болады.