Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » САН-САЛАЛЫ ҰСЫНЫС ЖАСАЛДЫ

САН-САЛАЛЫ ҰСЫНЫС ЖАСАЛДЫ


Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар орталық мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар депутаттық сауалдар жасады. 
Депутат Ш.Өтемісов Үкімет басшысы Б.Сағынтаевқа жүгініп, газ нарығы субъектілерінің газбен жабдықтау жүйесі объектілерінің қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылығын жеткізді. 2014 жылы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның тұрмыстық баллондар мен газбен жабдықтау жүйелері объек­тілерін қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына бақылау жүргізу жөніндегі құзыреті алып тасталған. Салдарынан, газ нарығы субъек­тілерінің қауіпсіздік талаптарын сақтауына бақылау жүргізу мүлдем жойылды. Тек соңғы бір жылда газ баллондары жарылуының 91 оқиғасы тіркелді, олар кесірінен 9 адам қаза тапқан, 100 адам зардап шеккен.
Қазіргі уақытта Үкімет газбен жаб­дықтау жүйелері объектілерін қауіпсіз пайдалану мәселесін шешу үшін тиісті өкілеттіктерді тұрғын үй инспекцияларына жүктеуді жоспарлап отыр. Бұл ретте парламентші қауіпсіздік мәселелері газ тұтынушы жүйелер мен тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушы­лардың газ жабдық­тарына қатысты ғана емес, кешенді түрде шешілуге тиіс деп есептейді. Тұрғын үй инспекцияларының өкілеттіктері газ құбырлары, газ толтыру пункті және автогаз құю стансасы сияқты объектілерге жеткілікті болмайтыны сөзсіз. Яғни, проблема ішінара шешілетін болады және азаматтар үшін алғашқы қауіп көздері назардан тыс қалады.
Осыған байланысты депутат Үкіметке өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның, болмаса жергілікті атқарушы органдар жанынан газотех­никалық инспекциялар құруға бағытталған жедел шаралар қабылдауды ұсынады. Бұл құрылым тұрмыстық баллондарды және газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін қауіпсіз пайдалану талаптарының сақ­талуына бақылауды жүзеге асыруы керек.
«Нұр Отан» фракциясының мүшесі А.Смағұлов вице-премьер – Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеевке қайырылып, мал қорымдарының нашар жағдайын мәселе етіп көтерді. Депутаттың байламынша, бұл мәселеге мемлекеттік органдар тарапынан тиісті бақылау жасалмай отыр. Салдарынан соңғы жылдары елдің әртүрлі өңірінде малдың жаппай қырылу жағ­дайлары тұрақты түрде орын алып келеді. Қазіргі кезде Ақтөбе облысында – бруцеллез ауруы, ал Маңғыстау облысында үй жануарларының құтыруы салдарынан карантин жария­ланған.
Жергілікті атқарушы органдардың мә­ліметтері бойынша, республикада шамамен 3 мыңнан астам мал қорымы бар. Оның 2 мыңнан астамы – қарадүрсін биотермиялық шұңқырлар. Өткен жылы жергілікті бюд­жеттерден 787 млн теңге бөлініп, оған 227 мал қорымын салу жоспарланған. Әйтсе де, Ауыл шаруашылығы министрлігінің де­ректері бойынша, мал қорымының 70 пайы­зынан астамы талапқа сәйкес келмей­ді. Көпшілік мал қорымында қоршаулар мен тану белгілері жоқ. Мал қорымдарын ұстау жөніндегі талаптардың орындалмауы адамдар мен жануарларға қауіпті инфек­циялардың таралуына жол ашуы ықтимал.
Осыған байланысты біріншіден, мал қорымдарын заң талаптарына сәйкес келтіру, екіншіден, апатты және иесіз қалған мал қорымдарын анықтау және оларды тиісінше қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ мал қорымдарының орындары белгіленген арнайы карталар әзірлеу, үшіншіден, жануарлардың шикізаты мен өнімдерінің сапасына ветеринарлы-санитариялық бақылауды қатайту міндеті тұр. Бұдан бөлек, жекелеген өңірлерде мал қорымдарын мобильді пеш-инсинера­торлармен ауыстыру қажет-ақ. Белгісіз және есепке алынбаған мал қорымдарын анықтау мақсатында қашық­тықтан зондтауды қолдану жөнінде шаралар қабылдау да маңызды.
Ақжолдық депутат Б.Дүйсенбинов Үкімет басшысына жүгініп, әріптестері атынан Елбасының «Парламент пен Үкі­меттің жұмысы мемлекеттік тілде жүр­гізілуге тиіс» деген сөзіне қолдау білдірді.
Ол ел Президентінің нақты тапсырма­ларын құптай келе, оны бірқатар ұсыныс­тармен толықтыруды ұсынды. «Қазіргі кезде қазақ тілінен емтиханды тек Президентікке үміткерлер ғана тапсырады. Мемлекеттік тілді міндетті түрде игеруге тиісті лауазымды шенеуніктердің тізімін одан да кеңейтуді қарастыру керек. Екін­шіден, қоғамдық өмірдің әртүрлі сала­сында мемлекеттік тілдің қолданылу сала­сын кеңейту, сондай-ақ кадрларда қазақ­стан­дық қамтуды ұлғайту мақсатында әлеуетті инвесторларға (шетелдік ком­панияларды қоса алғанда) инвес­тициялық преференцияларды бергенде, жер қой­науын пайдалануға құқық алуға келісім-шарттарда мемлекеттік тілді міндетті түрде пайдалану талабын белгілеу қажет», – деді депутат.
Осындай үлгі дамыған елдерде бар көрінеді. Мысалы, Норвегияда «Мұнай туралы» заңның 6 және 37-баптарында: «Мұнайға қатысты қызметте мүмкіндігінше норвег тілі басым пайдаланылуға тиіс. Басқа тілдер қажетті немесе ақылға қоным­ды болған жағдайда қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланылуы мүмкін» делінген екен.
Дайындаған Айхан ШӘРІП
02 наурыз 2018 ж. 925 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

29 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031