Сенімнің үдесінен шықпақ парыз
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауынан туындаған міндеттерге байланысты мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдері өздері тарапынан атқаруылуы тиіс саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік өміршең, маңызды, іс-қимыл мәселелеріне қатысты пікірлерін білдіріп, ойларын айтып жатыр. Осынау қалыптасқан үрдістің жібін үзбей аудандағы БАҚ, Үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері атынан мен де өз пікірімді білдіріп, ойыммен бөліскенді жөн көрдім.
Байқасаңыздар, Жолдаудың бастапқы сөзінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын» деді. Олай болса, ел басшысының халыққа арнаған алғашқы жолдауынан туындаған міндеттемелер толық орындалатындығын, ондағы берілген тапсырмалардың талқыланбай сұралатындығын әрбір сала, қала, ауыл әкімдері мен бөлім, мекеме басшылары терең сезінеді деп білемін.
Иә, Президент өз Жолдауында сындарлы қоғамдық диалог құрудың Қазақстан үшін қаншалықты маңызы мен саяси мәнінің бар екендігін ашып көрсетті. «Әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын наразы материалдар кейде диалогтың жоқтығынан, шешім қабылдаудағы салғырттықтан болады» деп бүгінгі қоғамдағы кейбір наразы әлеуметтік топтар мен тиісті атқарушы орган өкілдерінің арасындағы түсініспеушілік пен келіспеушіліктің салдарын анық айқындап берді.
Түсініспеушіліктер кейде тиісті салаларға, қабылданғалы жатқан бағдарламаларға қатысты ақпараттың жетімсіздігінен де туындап жатады. Сондықтан жаңа реформалар бойынша жұмыс жасап жатқан жауапты органдар өз жұмыстарын БАҚ-да, әлеуметтік желілерде кеңінен жариялап отырса, пікірлер алаңын қалыптастырып, ашық есік күндерін жиі өткізсе, халық үшін беймәлім бағдарламалар ұғынықты, түсінікті болып, оң резонанс қалыптасар еді.
Себебі, бүгінде қоғамның кез келген әлеуметтік тобының ақпарат алуға және оны таратуға қолы еркін жетеді. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін қолындағы смартфон арқылы ғаламторға кедергісіз кіріп, әлеуметтік желілерде желдей есіп жүрген жағымды да жағымсыз ақпараттарды пайдаланып, таратып, олардың дұрысына да бұрысына да қарамай, соған өзінше үн қатып жатады. Кейде желіде желдей ескен жалған ақпараттардың жарға жығатынын жұртшылық жете түсіне бермейді. Ал, түсініспеушіліктер осыдан келіп туындайды. Желіге жүктелген бір ғана қате ақпарат, пікір кейде «Самарқанды суға алдырып» жататынын білеміз ғой.
Қоғамның бүгінгі ауанымен кешегі ахуалын тіптен салыстыруға келмейді. Оны өзімізде күнделікті тұрмыста көріп, біліп, сезініп жүрміз. Енді біз, қарапайым қазақстандықтар бұндай өзгерістің басқы, ең алғы тетігі қайдан тамыр тартып жатқанын бір сәт ой елегінен өткізіп көрдік пе? Әлеуметтік желілер, интернет ресурстар, еркін ақпараттық қол жетімділік бізге қалай келді, қалай өмірімізге еркін, тез, жылдам дендеп енді? Әрине, кейбіріміз оны жаһандық даму үрдісінен деп білуіміз мүмкін. Ол рас. Дегенмен қазақ қоғамның бүгінгідей еркін ақпараттық бет-бейнесін басқа емес тікелей мемлекеттің өзі жасап берді.
Иә, мемлекет қазақстандықтардың еркін ақпараттық қол жетімділігін, интернет, әлеуметтік желі, пікірлер еркіндігін күн ілгері бағдарлап, стратегиялық жоспарына енгізіп, бүгінгі бет-бейнемізді қалыптастырды. Өткенімізге сәл шегініс жасасақ.
Осыдан 10 жылдай уақыт бұрын, яғни 2010 жылы 19 наурызда Елбасы Н.Назарбаевтың №957 Жарлығымен «Ақпаратты Қазақстан-2020» атты мемлекеттік бағдарламасы қабылданған еді. Ескерте кетейік, 2018 жылы бұл бағдарлама президенттің №681 Жарлығымен күші жойылған болатын. Дегенмен осы уақыт аралығында үздіксіз, үдерісті түрде 8 жыл жұмыс жасаған осынау мемлекеттік бағдарлама барлық қазақстандықтардың ақпаратқа еркін қолжетімділігін қамтамасыз етіп үлгерді.
Бағдарламаның 2 тарауының 4 тармақшасы тұрғындардың ақпараттық ресурстарға тең құқылы кепілдендірілген қолжетімділігін қамтамасыз ету болса, 5 тармақшасы азаматтарды, қоғамдық институттарды, бизнес пен барлық деңгейдегі мемлекеттік билік органдарын ақпараттық қоғам жағдайында өмір сүруге дайындау болатын.
Осы арқылы мемлекет тұрғындармен диалог және кері байланыс тетігін құруды жоспарлаған еді.
Осы бағдарламаның 5 тарауының 5 тармақшасында мемлекеттік органдардың және халықтың әлеуметтік проблемаларды кеңінен талқылауы үшін интернет желісінде әлеуметтік алаңдар қолданылатын болады делінген.
Ал 7 тармақшасында азаматтардың барлық деңгейдегі әкімдерді және жергілікті өзін-өзі басқару органдарын қоса алғанда, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін электрондық бағалау тетігін іске асыруды енгізу анықтау жоспарлары жасалған болатын.
Байқасаңыздар, мемлекеттік атқарушы орган өкілдері үшін бүгінгі таңда бетпе-бет келіп отырған әлеуметтік желі, теріс резонанс қалыптастырғысы келетін блогерлер мәселесі – осыдан 10 жыл бұрын жасалған стратегиялық жоспардың бүгінгі көрінісі. Жаңа айттым ғой. «Ақпаратты Қазақстан-2020» бағдарламасының 5 тарауының 5 тармақшасында «Мемлекеттік органдардың және халықтың әлеуметтік проблемаларды кеңінен талқылауы үшін интернет желісінде әлеуметтік алаңдар қолданылатын болады» деп, тайға таңға басқандай көрсетіп беріп тұр. Олай болса, біз әлеуметтік желілердегі, БАҚ беттеріндегі өзіміздің саламызға қатысты кейбір шетін мәселелерден шошымай, қорықпай, наразылық білдіріп ренжімей, оны тиісті, қалыпты жағдай деп қабылдап, соған сәйкес өзіміздің жауабымызды беріп немесе сол мәселелерге қатысты күн ілгері жедел әрекет етіп, әлеуметтік желідегі парақшаларымыз арқылы өзіміз ақпарат беріп отыруымыз керек. Яғни интернет желісіндегі әлеуметтік алаңдардың мүмкіндігін дұрыс пайдалана білуіміз шарт. Бұл мемлекеттік орган өкілдерінің, басшылардың іскерлігін, коммунативтілігіне баға беретін тәсіл. Мәселен, бір ауылда көшеге аяқ су келмей қалды делік. Сол арықтың жоғарғы бойын жағалай жүрсеңіз арық қоқыс тасталып, көміліп немесе арам шөп өсіп бітеліп қалуы ықтимал. Бітелген тұстағы бір-екі үйдің иесіне жолығып, түсіндірме жұмысын жасаңыз. Су жолына қоқыс, бөгде зат тастап, бітемеу туралы ескертіңіз. Жұмысыңызға келіп, өзіңіздің мекеме парақшаңызға мән-жайды жазып, тұрғындарға түсіндірме жасалғанын бір-екі ауыз сөзбен баяндай салыңыз. Сіздің дәл осылай жасаған әрекетіңізді көшенің екінші шетіндегі тұрғындар оқып, білсе, ертеңгі күні ауласына аяқ су келмей жатса «Мемлекеттік мекеме қайда қарап отыр?» дегізбес үшін керек тәсіл емес пе? Аяқ су, қоқыс, жұмыссыздық, ұрлық кез-келген проблемалық мәселелер арқылы тарап, қоғамда теріс резонанс қалыптастыратын ақпараттардың алдын-алу үшін осы тәсілді қолдану тиімді. Бұл менің ойлап тауып отырған тәсілім емес, әрине. Бұл мемлекеттің ойлап тауып отырған тәсілі.
Биылғы Жолдаудың «Қуатты өңірлер – Қуатты ел» атты 5 тармағында жергілікті билік тұрғындар үшін әрдайым ашық болуы тиіс. Бұл аксиома әлі де бүгінгі күннің шындығына айналмай отыр.Пилоттық жоба ретінде тұрғындар тарапынан жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін енгізу қажет деп санаймын. Мысалы, егер сауалнама немесе онлайн-дауыс беру нәтижесінде тұрғындардың 30 пайызынан астамы қала немесе ауыл әкімінің жұмысын тиімсіз деп есептесе, бұл Президент Әкімшілігінің арнайы комиссия құрып, туындаған мәселені зерттеуіне және тиісті ұсыным енгізуіне негіз бола алады, – деді президент. Түсінген адамға бұл бұрынғыдай арқаны кеңге салатын заманның ауылы алыстады деген сөз.
Елімізде ақпараттық талдау орталықтарының қызметі қалыптасқан. Біздің облыста да ішкі саясат басқармасына қарасты осындай орталықтың жұмыс жасап келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Ол орталықтарда социологтар шоғыры қалыптасқан. Барлық аудандарда штатты түрде қызмет етіп жүрген супервайзерлер мен эксперттер бар. Аталған бағдарлама аясында қаржылай қолдауға ие бұл құрылымдар өздеріне бекітілген аймақтар бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына, телеарналар, газет-журналдар мен әлеуметтік желілерге контент-анализ жасап, аймақ басшысына апталық, айлық, тоқсандық, жылдық есептер береді. Сауалнамалар жүргізеді. Сол арқылы тиісті басшыларға, әкімдерге, олардың жұмыстарына баға беріліп келе жатқаны рас. Бұны кейбір бөлім басшылары мен ауыл әкімдері сезінбеуі, білмеуі мүмкін. Енді биылғы Жолдау аталған орталықтардың қызметіне қарқын беретіні сөзсіз.
Ірі ақпараттық талдау орталықтарында интернет-ресурстар, әлеуметтік желілер, БАҚ-дың сайты мен электронды нұсқасына контент-талдау жасайтын заманауи аппараттар бар. Бұл аппарат адамның қол, ой, еңбек күшінсіз-ақ ғаламторға жалғанса болды, өзіне бекітілген аймақтағы барлық ақпаратқа талдау жасап отырады. Әлеуметтік желілер, сайт, БАҚ-ға мемлекеттік қызметке кері әсерін тиігізетін, қоғамға теріс-резононс қалыптастыратын ақпараттар жарияланса, сол мезетте-ақ материалдар тізімі түзіліп, сауалнама жүргізуші, социологтар мен эксперттерге ұсынылады. Сондықтан барлық бөлім, мекеме басшылары мен ауыл әкімдері әлеуметтік желі парақшаларына баса мән беріп, жасалып жатқан жұмыстарын жариялап, жасалғалы жатқан жобаларымен бөлісіп, тұрғындармен, халықпен еркін пікір алмасып, тұрақты ашық диалог орнатуды басты жұмысы деп білгені жөн.
Осы арқылы біз Президенттің Жолдауында жарияланған азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырып, мемлекет, ел, халық білдірген сенімнің үдесінен шығамыз.
Нұрболат Пірімбет