Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАЗДА ТАБЫС ТАПҚАН ЖАС

ЖАЗДА ТАБЫС ТАПҚАН ЖАС

Шілденің шыжып тұрған күнінде Шиелінің шаңдақ көшелерімен жүріп келе жатқан бозбаланы көрсеңіз – білгейсіз, бұл жай ғана серуендеп жүрген жас емес. Бұл – жазғы демалысын ұйқы мен телефонға емес, еңбек пен табысқа айырбастаған жас жігіт. Ол – Нұрасыл Жандосұлы. «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбазы.
Ол бүгінде Көкшетау қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы университетте 3-курсты тәмамдаған. Болашақ биология пәні мұғалімі. Жазғы демалысында туған жері Шиеліге оралып, «Жасыл ел» жасағының көшбасшысы атанған жалынды жас.

ТЕК ДЕМАЛЫС ЕМЕС
Көпшілік үшін жаз – демалыс, тынығу, достармен қыдыру маусымы. Бірақ Нұрасыл үшін бұл – өзін шыңдау, тәжірибе жинау әрі аз да болса табыс табатын мүмкіндік. Ол – Шиелі ауданындағы «Жасыл ел» жасағының құрамында таңнан тұрып, кенттің көркін келтіріп, айналаны көгалдандыру жұмыстарына белсене қатысып жүргендердің бірі.
– Мен алғашқы табысымды өз еңбегіммен тапқым келді. Әке-шешеме салмақ салмай, өз қажеттіліктерімді өзім өтеуді мақсат тұттым. Сосын «Жасыл елге» жазылдым, – дейді Нұрасыл күлімсіреп.

ТАҢҒЫ ЕҢБЕК – ТЕКТІЛІК БЕЛГІСІ
Нұрасыл үшін күн таңмен бірге атқылайды. Сағат 08:30-да жұмысқа жиналған жас сарбаздар Шиелінің әр бұрышын гүлмен көмкеріп, ағаштардың түбін суарып, арамшөп жұлып, тіпті кейде бояу мен қоқыс тазалау жұмыстарына да араласады. Қасында өзімен бірге еңбек етіп жүрген студенттер мен мектеп түлектері – барлығы да елге қызмет етудің ләззатын осы жерде сезінуде.
– Біреулер «ағаш егіп, гүл суарғаннан не пайда?» дейді. Бірақ бұл – нағыз елге пайда келтіретін іс. Өз қолыңмен еккен ағаштың күзде жайқалып тұрғанын көру – нағыз мақтаныш, – дейді ол.

АЛҒАШҚЫ ТАБЫС
Нұрасыл үшін «Жасыл елдегі» еңбектің ең тәтті тұсы – ай соңында қолына тиген алғашқы табыс. Кейбіреулер үшін аз ақша – мағынасыз. Ал өз еңбегімен келген теңге – алтынмен тең. Нұрасылдың айтуынша, «Жасыл елде» тапқан жалақы тек материалдық құндылық емес, ол – сенім, жауапкершілік, тәуелсіздіктің бастауы.
– Ақшадан бұрын өзіме деген сенім пайда болды. Еңбек етсем – нәтиже барын түсіндім, – дейді.

КҮН АСТЫНДАҒЫ ҚАДІР
«Жасыл ел» – тек жұмыс емес. Бұл – тәрбие мектебі. Мұнда жасөспірім еңбек ету мәдениетін үйренеді, командалық жұмыстың маңызын түсінеді, елге қызмет етудің қадірін ұғынады. Нұрасыл бұл үш айлық жұмыс маусымы арқылы өмірлік тәжірибе жинап жатқанын айтады.
– Бұл жазда тек табыс тауып қана қоймай, өз-өзіме сенімді бола бастадым. Уақыттың қадірін түсіндім. Жастарға айтарым – жазды құр өткізбеу керек. Еңбек етсең – еліңе де, өзіңе де пайда, – деп түйіндейді.

КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК – ЕҢБЕКПЕН КЕЛЕР
Нұрасыл – жазғы демалысты бос өткізбеудің, еңбекпен шынығудың, табысқа алғашқы қадам жасаудың нақты үлгісі. Оның табандылығы мен жауапкершілігі – басқа жастарға үлгі боларлық. Ал «Жасыл ел» – еңбекке ынталы жастарға арналған нағыз алаң.
Ол бүгін – туған жердің тазалығына үлес қосып жүрген қарапайым бозбала. Ертең – еліне пайдасы тиер ұлт зиялысы болуы әбден мүмкін. Себебі үлкен жол кішкентай қадамнан басталады. Ал Нұрасылдың алғашқы қадамы – шын мәнінде, берік әрі мағыналы.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
08 шілде 2025 ж. 26 0

Қоғам

Форум – БАҚ назарында
08 шілде 2025 ж. 32

PDF нұсқалар мұрағаты

№48 (9315)

01 шілде 2025 ж.

№47 (9314)

28 маусым 2025 ж.

№46 (9313)

24 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031