Ғасырлық кездейсоқ немесе 100 жылдық цикл
Жердің шар тәрізді дөңгелек екендігін алғаш Фернан Магеллан дәлелдеген еді. «Дүние дөңгелек» деген ұғымның да қалыптаса бастауы сол кезеңге тұспа-тұс келсе керек. Ал, сол дөңгеленген дүниедегі адам тағдырларының да Жер шары секілді бір сызықпен айналып, бұрын болған оқиғалардың айнымай қайталануын, тарихи жайттардың дәлме-дәл ұқсастығын ғылым әлі түсіндіріп бере алған жоқ.
Мұхиттың арғы жағындағы алып мемлекет АҚШ – қаншама тарихтың куәсі болған ел. Қазіргі президенті Дональд Трамп ел билігін қолға алған 45-ші президент. Бұған дейін ел басқарған 44 президенттің 44 түрлі тағдыры бар. Тарихтың қайталануы туралы тақырыпқа тереңдей түсу үшін Авраам Линкольн мен Джон Кеннедидің тағдырындағы ұқсастықтарға тоқталғанды жөн санадық.
Бұл екі ел билеушісінің тағдырларының ұқсастығы сондай, билікке келген уақыттан бастап өмірден өткен жылдарына дейін көп сәйкестік табуға болады. Сөзіміз нанымды болу үшін нақты фактілерді сөйлетейік. Линкольннің билікке қызығушылығы 1846 жылдан бастап оянған. Ол осы жылы алғаш рет президенттік сайлауға түседі. Ал, Кеннеди болса 1946 жылы өзін сайлауға ұсынады. Линкольн таққа 1860 жылы қол жеткізеді. Ал, 1960 жылы АҚШ президенті болып кімнің сайланғанын айтпасақ та түсінген боларсыз. Одан да қызығын қараңыз. Линкольннің хатшысы болған қыздың тегі Кеннеди болса, Кеннедидің хатшысы қызметін атқарған арудың фамилиясы Линкольн екен. Бұл да жай кездейсоқтық емес. Бұл екі президенттің де қастандықпен көз жұмғанын білеміз. Тарихқа сенсек, қос президентке қастық жасалатын күні хатшылары ешқайда шықпау керектігін ескертіпті. Оларды тыңдамаған ел билеушілері сол күні түнде оққа ұшқан. Екі президент те өз көлігінде әйелдерінің көзінше өлтірілген.
Ал, енді оларға жасалған қастандықтың ұқсастығына зер салыңыз. Қастандық жасаған қылмыскерлердің туған жылында да 100 жыл айырма бар. Линкольнді өлтірген қылмыскер 1839 жылы туса, Кеннедидің қанын мойнына жүктеген киллер 1939 жылы дүниеге келген. Екеуі де елдің оңтүстік өңірінде туылған екен. Бір қызығы, бұл екі киллер де қолға түскенімен, сотқа дейін тергеу абақтысында жатқанда кісі қолынан мерт болған. Екі президенттің де орнын басуға келген саясаткерлердің фамилиялары бірдей болған екен. Авраам Линкольннің орнын басқан Эндрю Джонсон 1808 жылы туса, Джон Кеннедидің ізбасары Линдон Джонсон 1908 жылы туған.
Қалай десек те, екі президенттің тағдырындағы шым-шытырық ұқсастықты кездейсоқтық деуге келмейді. Бұл сәйкестіктер құдды біреу басқару пультін алып, қайталап ойнату түймесін басып қойғандай әсер қалдырады. Бұл ұқсас тағдырлар айналыста жүрген эстафетадай көрінеді. 2060-2160 жылдары АҚШ президенті атанатын саясаткерлерді де осындай тағдыр күтіп тұрған болар, кім білсін?!
Ерболат АЙНАБЕК.