АҚҚУДЫҢ КИЕСІ
Әркімнің туған жері өзіне ыстық. Оны еш жермен ауыстырмасы да анық. Сол сияқты менің де туып-өскен жерім осы күнге дейін жиі-жиі түсіме кіреді.Рас, жазы ыссы – аптап, жаңбыр жаумаған жылдары жердегі шөптердің қарайғаны сондай, тап бір құтты жалын шарпып өткендей қап-қара болып жатады. Оның үстіне желін айтсайшы. Үйіріп соққанда қарайып семіп қалған қара жусанды түбірімен жұлып алып аспаннан бір-ақ шығарып, екі-үш күн қатарынан соққанда, құдды кішігірім «торнада» жүріп өткендей. Жазы сондай болғандықтан, қысы да тап соған келетін. Ыстығына аязы, дауылына бораны сәйкес келетінін ауылдың қариясынан бастап жас баласына дейін өздері-ақ тон пішіп отыратын.
Оның есесіне қысы соншалықты қатты болып, қары мол болған жылдары біздегі көктем естен кетпестей құлпырып кететін. Қыстай сай-салаға нығыздап тығылған қар еріп, бөгеттерді толтырып, одан да асып айналадағы сорлардың бетіне құйылып, Шалқар көліндей шалқып жататын. Бұл жердің табиғатымен етене таныс емес адамдар не деген айдын көл деп таңданыс білдіретін. Сол жылғы қызғалдақтар мен түйежапырақты көрген адамдар бұл жердің табиғатына таңданбасқа шарасы қалмайтын. Шөптің түр-түрін көресіз. Әншейінде байқала бермейтін қоңырбас деген бір апталық қана өмірі бар мортық шөп өседі. Сол жылғы қоңырбастың биіктігі жаңа туған төл көрінбестей биік әрі тығыз, құдды жерге қоңыр кілем жайғандай құлпырып кетті. Бетті өпкендей самал жел ескенде әлгі өмірінде шөп қатарына жатқызылып көрмеген қоңырбастың басының шайқалғанын көргеніңде теңіз бе деп қаласың, ал ертеңгі шықтан кейінгі шайқалғанын көргенде алтын бидайлы алқапта келе жатқандай сезінесің.Сол жылғы қоңырбастың ырғалуы сондай, кейбір айтқыштар қыста малға жем есебінде береміз деп жинап алдық деп жатқанын естігенбіз. Бұл шамасы 1980-1981 жылдары болуы керек. Бірақ менің есімнен кетпей жүргені басқа жағдай еді…
Газшыларға арнап салынған поселкеде тек сырттан көшіп келгендер тұратын, ал қазақтар сол поселкіні айналдыра өздері жеке үй сала бастады. Бірі «қазақ ауылы» деп аталса, орыстар тұратын бөлек «тас ауыл» деп аталып кеткен-ді. Осы тас ауылдағы Петр Пракович деген орыс – сол алдыңғылардың қатарында келгендердің бірі. Бар-жоғы Волгоградтың техникумын бітірсе де негізгі газ айдайтын цехтың бастығы болып тағайындалды да, сол жұмысында осы мекеме жабылғанша істеді. Петрді бөле-жара айтып отырғаным, қалған орыстары болсын, басқасы болсын (тек қазақтар емес) ары кеткенде 2-3 жыл жұмыс істеп астарына машиналарын мініп, басқа қаладан үй алып, қызметтерін өзгертіп көшіп кетіп жататын. Әрине, Петр да алғашқылардың бірі болып көлікті болды. Бірақ көшіп кету оның ойында жоқ.Өзінің шамасын біліп, осы жұмыстан артық маған не жұмыс керек деді ме екен. Әлде қазақтардың өзіне деген жылы көзқарасын қимады ма? Әлде қазақтың дарқан даласы ма екен, ол аңшы болатын… Әйтеуір, бір құдіретті күш оны бұл өңірден жібермей-ақ қойды. Жұмыстан қолы қалт етсе жаз болса машинасымен, қыс болса шаңғысымен аңға шыққанды жақсы көрді. Бір ерекшелігі анда-санда шыққаны болмаса өзі дара жүргенді жақсы көретін, сондықтан көбіне жалғыз шығатын. Оның аңшы екенін жұрттың бәрі біледі, себебі үйінің айналасы кішігірім жануарлар бағына айналған-ды. Әсіресе, бала-шаға осы үйдің маңында. Түлкінің мыршайы, қоянның көжегі, қасқырдың күшігі, жабайы қабанның торайы, киіктің лағы, құстардың түр-түрі дейсіз бе осы үйден табылатын.
Күзге қарай қашатыны қашып, өлетіні өліп дегендей, тек төзімділері ғана қалады. Сол төзімділердің ішіндегісі қасқыр болып шықты. Қыс түссе түнімен ұлып, ауыл иттерінің мазасын алады. Қасқыр келіп қалды дей ме екен, бүкіл ит у да шу болып, ауылды басына көтере берген соң талай рет асыраған қасқырларын аттырып тастаса да, келесі көктемде тағы асырайтын. Петр Праковичтің бұдан бір пайда табайын деген ойы жоқ, тек асырауды қызық көретіндігі еді.
Сол жылғы көктем сулы болғандықтан, ауылдан 10-15 шақырым жердегі Берден сорының беті айдын көлге айналып шыға келді. Осы жер құстардың келіп-қайтар жолында болса керек, сор үстінен өтетінін Петр бұрыннан да бақылап жүретін-ді. Оны көптен аққуды асырап, қолға үйретсем деген бір ой мазалай бастады. Тап соның сәті бүгін келгенін іштей сезінген Петр Берден сорына тағы келді. Сордың бетіндегі су метр-метр жарымға дейін көтерілгендіктен аққулар топ-тобымен ортасында еркін жүзіп жүрді. Аққудың әдемілігіне, ешкімнен сескенбей еркін жүзіп жүргендегі тәкаппарлығына таңдана-тамсана күні ұзаққа қарап отырудан өзіне бір ләззат алатын. Атуға болмайды, жаралап, тіпті өлтіріп алуы мүмкін. Ал тірідей ұстаудың бірнеше тәсілін жасап көргенімен, онысынан ештеңе шықпады.
Бүгін күндегісінен де ертерек келді. Өзінің көптен ойлап жүргені бар еді, соны жүзеге асырмақ ниетпен судың деңгейін қарады. Су едәуір түсіпті. Күткені де осы. Тездетіп өзімен бірге жүретін балықшының етігін киіп алды да сорға түсіп көрді. Су тізесіне жетер-жетпес, ал су астындағы тұз жентектеліп, тастай болып қатқан екен. Екі-үш қадам жүріп еді, тұз бұның салмағына шыдас беретінін сезгеннен кейін енді аққуларды бетке алып, еркін адымдай бастады. Құстар сескенетін емес, сол бұрынғысындай кербездене жүзуін жалғастыра берді. Тек бұл таяқ тастам жерге дейін жақындағанда ғана бір қауіптің болатынынан сезіктенді ме қанаттарын қомдап, сілкініп, ұшуға талпыныс жасап су бетінде ұзақ жүгіріп барып, алдынғылары зорға дегенде судан көтеріліп ұшқанмен, артында біреуі қанатын қанша қаққанмен көтеріле алмады. Көктен іздегенін жерден бергеніне балаша қуанған Петр қолындағы әдейі құс аулауға арнаған торды аққудың үстіне жауып та үлгерді. Тобымен ұшқан аққулар сол ұшқаннан ұшып кете бермей, сол жерге екі-үш рет шүйлігіп келіп, ештеңе істей алмайтындықтарына көздері жетті ме, жоғары самғап ұшып кете барды.
Петр аққуды ұстағанда бұл аққудың көгілдірі – баласы шығар деп ойлаған-ды. Қолына ұстап көргеннен кейін аққудың нағыз өзі екеніне, тіпті аналығы екеніне көзі жетті. Оның ең соңын ала ұшуын да өзінше «Балапандарын құтқару үшін әдейі істеген болар» деп топшылаған-ды. Тек машинасына келіп оны багажға орналастыра бастағанда ғана байқады, екі қанатының асты тұзға толып тұр екен. Ұша алмай қалуының себебін енді түсінді.
Жануарлар бағын тағы бір құспен, оның ішінде көптен армандап жүрген құс төресі аққумен толтырғанына мәз болған Петр оған айрықша жағдай жасады. Әдейі тор жасап, ауласының ішіндегі көзге түсетін жерге қойды. Оның өйтпеске амалы да жоқ еді. Себебі аққуды тамашалауға жиналған ауыл балалары мен үлкендері оның қой дегеніне қарамастан ауласын таптап кетер еді. Бірақ бұл тамашалау онша ұзаққа бармады.
Келесі күні кешке таман сол үйдің үстіне екінші бір аққу келіп, айнала қалықтап ұзақ ұшып жүреді. Сыңарының мекені екеніне әбден көзін жеткізген болуы керек, ешкімнен сескенбестен барынша төмен ұшып, тек құс төресіне тән құлаққа жағымды бір дыбыс шығарып, қайта жоғары көтеріліп, көзден ғайып болды. Торда қамаудағы аққу да сыңарымен сөйлескендей қанатын кеңге жайып, торды сөгіп жіберердей бұлқынып, аспанға қарап мойнын созып, сыңарының кеткенін сезді ме, аянышты бір дыбыс шығарды да, мойынын екі қанатының астына алып сұлық түсіп жатып алды. Сол жатқаннан келесі күні түс ауғанша тапжылмады. Бір қызығы кешке қарай басын көтеріп, алдында тұрған суға шомылғандай, таранып сыланғандай болды. Осы кезде әлгі аққу осы үйдің төбесіне тағы келіп,бір құлаққа жағымды әдемі дыбыс шығарып қалықтай ұшып, бірнеше рет айналып өтті. Тордағы аққудың шығарған дыбысын естігенде, сыңсыған, мұңая салған бір әннің әуенін естігендей боласың. Бүгінгі көрініс күндегіден ұзақтау болды. Сыңарының бостандыққа шығатынынан күдер үзгендей, қанатын кеңге жайып қалықтап ұшып жүрген әлгі аққу бір мезетте аспанға көтеріліп, сол келген жағына қарай ұшып кетті. Осындай көріністі екі-үш күн қатарынан тамашалаған ауыл көрермендерінде аяушылық сезім пайда болды. Петрге – «Обал ғой, мына аққуды бостандыққа жіберсейші» деп ақыл айтқандар да болды. Петр «Бір-екі күннен кейін жіберемін, Настям қимай жүр» деп жауап беріпті. Себебі оның Настя деген кенже қызының туғаннан жүрек ауруының бар екенін, балалармен ойнай алмай көбіне үйде отыратынын бүкіл ауыл білетін-ді.
– Е, есті жігіт қой, жіберетін шығар деп, – ауылдықтар көңілі сабасына түскендей болды.
Бүгін ауа райы күндегіден де тамылжып кетті. Әр үйдің ауласындағы жеміс ағаштары гүлдерге көмкеріліп, ауылды бір хош иіске бөлеп тұрды.Жұмыстан кейін ешкім үйде отырғысы жоқ, малы бары малына кетіп, малы жоғы ауласында жүреді. Бәріне ортақ әңгіме асыранды аққу жайында. Соның жағдайын сұрайды, екінші сыңарының көрінбегеніне «Е, күдерін үзген шығар» деп топшылайды. Бұрынғыдай емес, Петрдің үйінің айналасына да күндегідей адамдар жиналмайтын болған-ды. Бірен-саран келген балаларды қожайын қуғыштайды. Себебі тордағы аққудың нәр татпастан мойынын екі қанатының астына тығып алып, дыбыссыз жатқанына да екі-үш күн болған. Петрден маза кеткен. Аққуды бостандыққа жібермекші болып еді, оның ұшпақ түгілі басын көтеретін де дәрмені болмай шықты.
Бір кезде Петрдің үйінің айналасы қайта дүрлікті. Балалар «Аққу ұшып келе жатыр» деп ауылды бастарына көтеріп, біріне-бірі сүйіншілеп жүгіріп жүр. Ересектер де сол үйдің маңында. Қалықтап ұшып келген аққу әдетінше ауылды айналып екі-үш рет өткенімен, тордағы сыңары бұрынғыдай қанатын қағып әндетіп, қарсы алмады.Бұл кезде ішқұсадан аққудың жүрегінің соғуы тоқтаған, оны Петрден басқа ешкім білмейтін-ді. Жоқ, бұны қалықтап ұшып жүрген сыңары да білген екен.Бұрынғыдан да зарлы қаңқылымен шүйлігіп ұшып келіп, ең болмаса өлгеніне көзімді жеткізейін дегендей тордың үстінен зуылдап ұшып өте шықты. Төмен ұшқаны сондай, үй арасында тартылған электр сымына ілініп қалатындай көрінді. Қайтадан аспанға түлкіге салған қаршығадай тіп-тік көтеріліп, қайта шүйлігіп келді де сыңарының енді бас көтермесіне көзін жеткізгендей, ауыл сыртындағы қорымға қарай ұшып кетті.Қорым төбенің басында, ауылдан онша қашықта емес еді. Аққудың солай қарай тегіннен-тегін ұшып кетпегенін сезді ме, әлде құс төресі енді не істер екен деді ме, ауылдың үлкен-кішісі қалмастан солай қарай жарыса жүгіріп бара жатты. Бейіттің арғы беті кең жазық болатын. Сол маңайға келгенде аққу көз жетпес биіктікке көтеріліп кеткенін көргендер, енді біржола күдерін үзген ғой деп топшылаймын дегенше, төбеден бір нәрсенің ысқырып төмен қарай түсіп келе жатқанын, артынша гүрс ете қалған ащы дыбысты естіді. Әлгі жерде мойнын ішіне ала аспаннан өзін-өзі құлатқан аққудың қансыраған өлі денесі жатыр еді. Осыны көрмекке ауылдан екі өкпесін қолдарына алып жүгіріп жеткен адамдар аңтарылып тұрып қалды.
Алғашында не істерін білмей абдырап тұрған адамдар Петр келгенде ығысып орын берді. Петр аққудың денесіне жақындағанда «Осыған кінәлі сен ғой» дегендей, қоршап тұрған адамдар бірте-бірте шеттей берді. Шамалыдан соң өлген аққудың қасында өзінен басқа ешкім қалмады.Үйінде өлген аққудың екінші сыңарын алып келген екен, екеуіне терең етіп ор қазып қатарластыра көмді.Көміп жүріп Петр жұп аққудың өліміне өзін ғана кінәлады. Үлкендердің айтқандарын уақытында тыңдамағанына, құлақ аспағанына өкінгендей, екі аққудан кешірім сұрағандай өзімен-өзі күбірлеп жүрді…
Бір қызығы сол екі аққу жатқан төбешікке жылда жазғытұрым екі ақ гүл шығады екен.
Ал Петрдің қызы Настя сол жылы жазда әткеншектен құлап, дәрігерлік көмек келіп жеткенше жүрегі шыдамай көз жұмды. Петр сол жердегі кәсіпшілік жабылғанша жұмысын істеді. Тек Кеңес Одағы ыдыраған кезде басқа ұлтың өкілдері келген еліне көшіп жатқанда жалғыз өзі қаражатының жоқтығынан көше алмай қалған-ды. Ерте кеткен бейкүнә қызын қимады ма, әлде аққулардың киесіне ұшырады ма, Петрге де топырақ осы жерден бұйырды.
Жұмабай Асарбаев.
Ақтөбе