Тауқыметті жеңген әке
Маусым айында халықаралық мәні ерекше, барша отбасыға ортақ екі мереке бар. 1 маусым — Балаларды қорғау күні болса, 18 маусым — Халықаралық әкелер күні. Әдетте ана мен бала туралы көп айтамыз. Көп баланы жалғыз өзі асыраған қайсар ана, науқас сәбиінің денсаулығы үшін күрескен батыл ана, жоқшылықты жеңіп, балаларымен мұратқа жеткен оптимист ана. Иә, ана мен бала мәселелері әрдайым маңызды болған, ХХІ ғасырда бұл тақырыпта айтылатын әңгіме таусылмайды. Ал, әкелер ше?
Жыл сайын 18 маусымда әлемнің сексеннен астам мемлекеті Әкелер күнін атап өтеді. ЮНИСЕФ Балалар қоры ұсынған «Көптеген көрсеткіштер бойынша кластерлік зерттеу» мәліметтеріне (2016) назар аударсақ, елімізде тек анасымен тұрып жатқан балалар 13,1 пайыз. Олардың 9,2 пайызы туған әкесі тірі бола тұра қатынаспайды. Жалпы әке мен бала арасының алшақтап кету себебі неде? Иә, қоғамда «балаға ана жақын, еркек атаулының перзентке деген сүйіспеншілігі жоқ» деген пікір қалыптасқан. Әкелердің барлығы шынымен де балаға суық, басына күн туғанда отбасына жаны ашымайтын қатыгез бе?
Біз жарынан ерте айырылып, нарық халықты қысқан қиын кезеңде төрт баласын жалғыз өзі мәпелеп өсіріп, бүгінде солардың қызығын көріп отырған құрметті әке Шаяхмет Құсайынұлының өмірінен эпизодтар ұсынбақпыз.
Қайсар әке қатерлі ісікпен қалай күресті?
Ⓒkz1990 жыл. Одақ ыдырауға бет алып, құрамындағы республикалар бөлінуге көшкен. Ел экономикасы жағалауға шығып қалған балық сияқты кенезесі кеуіп, өлермен халге түскен. Тапшылық халықтың басына қамытын кигізе бастаған. Совет милициясына бүкіл өмірін арнап, адал қызмет еткен, әрі ақын, әрі жазушы Шаяхмет Құсайынұлының отбасына да сынақ мерзімі жеткендей. Өмірлік жары, талантты әнші, дарынды ақын Күлпара тұп-тура 37 жасында қатерлі ісік ауруынан жатып қалады.
Дәрігерлер де диагнозды кеш қойыпты: ісіктің әбден асқынған түрі. Милиционер Шаяхмет Құсайынұлының зейнет жасына жеткен кезі. Ауру әйел мен шиеттей төрт баланың тағдыры қыл үстіне ілінген сәт. Төрт баланың үлкені Назгүл он жетіде еді. Мүгедек ананың жан қиналысын көрген сайын балалар да шырылдап жылайды. Тұрмыс тауқыметі арқаға аяздай батып, отбасындағы бар ауыртпалық мойнына түскен үлкен қыз қиындыққа шыдай алмай, асығыс түрде тұрмысқа шықты. Кішкентай үш баланы құшақтап Шаяхмет жалғыз қалды.
ⒸКүлпараны меңдеген дерт ұзаққа созбасы анық, әйелінен айырылса азаматқа қиын-ақ. Шаяхмет қайда барса да елдің оның отбасы туралы айтқан сөздерін естиді: «Жалғыз еркектің қолынан не келеді дейсің? Аурудың түрі жаман, әйелін сақтай алмас, балаларын жетімдер үйіне өткізетін шығар», «Шаяхметтің өзі де жетім өсті емес пе? Әке-шеше, туған-туыстан ешкімі жоқ, балаларын жалғыз өзі қалай бағады дейсің? Бұл енді ауырлықты көтере алмай, отбасын тастап кететін шығар» деген сөздер Шаяхметтің құлағына жетіп жатты.
«Жоқ» деді Шаяхмет іштей. «Қалайда Күлпараны аман алып қаламын». Ол енді қатерлі ісікті емдеудің бар амалын іздестірді. Дәрігерлердің кеңесімен келіншегіне бірнеше рет операция да жасалды. 1991 жыл туғанда дүкендерден азық-түлікпен қатар дәрі-дәрмек те көзден бұл-бұл ұшып, өндіріс орындары жабыла бастаған. Шаяхмет қысылтаяң шаққа қарамастан қажет деген дәрілерді аяғынан тозып жүріп іздеп тапты. Алайда ауру асқынып кеткендіктен Күлпараға емнің қонуы қиындады.
ⒸКСРО Ішкі істер министрлігінің үздігі» деген төсбелгісімен зейнетке шыққан экс-милиционер өзі бозбала шағында бастаған жазу өнерін тастамаған. Енді міне, зейнетке шыққан соң газеттерге мақала жазуды тіптен жиілетті. Тәуліктің бір бөлігін ауруханадағы Күлпараның жанында өткізсе, бір бөлігін жазуға арнайды. Ауру әйелдің ем-домымен қоса балаларды асырау нарық заманында кімге оңай дейсіз?
Ол кезде кенжесі Аяна екі жаста еді. Күлпараға операция жасалмас бұрын дәрігердің айтуымен Аяна емшектен шығарылды. Бүлдіршіндерге мезгілінде тамақ беру, кірін жуу, үй шаруашылығын реттеу, үлкен балалардың мектептегі сабағын қадағалау, бәрі-бәрі бір еркектің мойнына түсті. Тіпті науқас әйелін көтеріп жатқызу, жуындыру да өз мойнында. Көмек берер ешкім жоқ. Бір үзім нанды бала-шағама қалай тауып берем деп қиналған жұрт, әркім өзі басымен әуре болған шақта сырттан көмек күтудің өзі артық.
Шаяхмет аурухана мен үйінің ортасында зыр қағып жүр. Ол дәстүрлі медицинадан көмек болмаған соң қатерлі ісікті емдеудің халықтың тәсілдерін іздестіруге көшті. «Бір тауда көк қарғалар ұя салған жартас бар. Көк қарғаның етін берсең ем болар» деді бір танысы. Шаяхмет жүздеген шақырым жердегі әлгі тауға барды. Құс та оңайлықпен ауланған жоқ, ұясына қол салғанда білегінен бастап, саусағының ұшына дейін жырым-жырым етіп тырнап тастады. Қолы ауырғанына қарамай, құстың бірнешеуін ұстап, үйіне әкелді. Әйеліне етін пісіріп берді. Бірақ ауру жан жазылмады.
ⒸТағы бір танысы айтты: «Тұздыкөл деген жерде қызыл бақа бар. Соны күнге кептіріп, үгітіп, жегізсең, шипасы тиер». Сырқат меңдеген жарын қалайда аман алып қалу жолында Шаяхмет бұдан да аянбады. Айтқан емін жасады. Алайда өзгеріс байқалмады.
«Қара уылдырық мың да бір ем» деп кеңес берді бір досы. Дүкенде уылдырық тұрмақ күнделікті азық-түлік түрлері де азайған шақ. Уылдырықты іздей-іздей, бір мемлекеттік мекемінің базасына да барды. Қызметкерге жалынып жатып, әрең сатып алды. Бірақ Күлпараның беті бері қараған жоқ.
Күлпараның халы мүшкіл, талайдан бері нәр татпаған. Шахмет «Тәбеті қашқан адамға улы жыланның сорпасын беру керек» деген қарт адамның кеңесіне құлақ түреді. Ауыл маңындағы алма бақта жорғалап бара жатқан сұр жыланмен арпалысып жүріп, өлтіреді. Үйіне әкеліп, жетіге бөліп, пісіреді.
Жыланның сорпасын алып, ауруханаға барған Шаяхмет оны науқасқа ішкізудің амалын ойластырады. Әбден әлсіреп, халы кеткен Күлпара жылан сорпасын іше қоймасы анық. Өзі де қатты қалжыраған Шаяхмет әйелінің көзінше көк жасыл түсті сорпадан бір стакан құйып алып, жұтып жібереді. Сол сәтте бойын ыстық жалын кернегендей бүкіл бойы дуылдап, суық тер бұрқ етеді. «Бірден тамақ ішуге деген тәбет пайда болды. Жарымның, балаларымның қамымен жүгіріп жүріп, мезгілімен ас ішпегелі қашан? Содан әйеліме айттым: «Күлпара, міне, мен жыланның сорпасын іштім. Тамаққа деген тәбетім артты. Мүмкін сен де татып көрерсің?» Аурудан қиналған ол «келістім» дегендей ишарат білдірді. Бір стакан сорпаны аузына тақадым. Сонымен не керек, жыланның сорпасы дәтке қуат боп, Күлпара содан кейін үш ай тамақ ішуге жарады. Бірақ аурудың шегі жетіп тұрған соң бұл да оны өлімнен құтқара алмады. 1991 жылы жазда мен жұбайымнан айрылдым».
Төрт баламен қалған Шаяхмет «Бұл да болса Құдайдың маған жіберген сынағы болар. Осы сынақтан мүжілмей, езілмей өтуім керек. Ең бастысы балаларымды асырап, жеткізуім қажет» деп өзіне өзі серт етеді. Бірақ...
Әйелі мен балаларын ойлап, өзін өзі күтуге мұршасы жетпеген Шаяхметтің жүйкесі сыр берді. Ауыр еңбекпен күні-түні дамыл таппаған, айлар бойы дұрыс ұйқы көрмеген азамат кенеттен сал ауруына шалдығады.
Ол сонда да мойымады. Одан сайын жігерлене түсті. Бірде ауруханада аяғы қозғалуға жарамай, төсек тартып жатқан Шаяхметке мәскеулік практикант жас дәрігерді ертіп аға дәрігер келеді. Аға дәрігер «Бұл азаматты төңіректегілер өледі деп есептеуде. Бірақ ол өлмейді. Өйткені көзінде от бар. Оның көзіндегі жігер әлі ұзақ өмір сүретінін көрсетеді. Оның аяқтан тік тұрып кетуіне сен жәрдемдес» деп тапсырады практикантқа. Қаралы оқиғадан кейін сал боп жатып қалған Шаяхметтің жүрегіндегі үміт сәулесі дәрігердің сөзінен кейін лапылдаған отқа айналып, тұла бойына күш құйылғандай болады. Жас дәрігер де күні-түні науқастың қасынан шықпай, қажетті ем-домды түгел жасайды. «Әдетте сал болған адамның жазылуы қиын. Бірақ менің бар ойым үйдегі балаларым үшін орнымнан тұрып, тіршілікке араласу еді. Болашаққа деген сенім мен үміт мені аурудан айықтырды» дейді Шаяхмет Құсайынұлы.
«Саған аманат»
Әйелін жер қойнына тапсырған соң өзі де ауру азабын бастан өткерген Шаяхмет ес жинайын деп үйде жатпады. Балаларды жетімсіретпей, толыққанды асырап, жеткізу үшін бірден жұмысқа кірісті. Алдымен жазушылар Одағының шаруашылық бөліміне жұмысқа тұрды. Көп ұзамай Жазушылар Шығармашылық үйінің директоры болды. Көлік тапшы кезең болса да Шаяхмет Құсайынұлы Алматыдағы жұмысына шалғай Есіктен уақытылы келіп, істе тиянақтылық көрсетті.
Бала тәрбиесімен қатар Шаяхмет Құсайынұлы шығармашылығын да тастамады. Кешке жұмысынан келіп, балалардың тамағын береді, сабақтарын тексереді. Анасын жоқтатпайын деп, неше түрлі дәмді тағам пісіруден де жалықпайды. Мәнті, лағман, палаудың неше түрін кәнігі азпаз сияқты дәмді әзірлейді. Енді ше? 17 жасында Кеңес Одағының теңіз флотында, Владивосток аймағында қызмет еткенде әскерилер арасында аспаз болды емес пе? Балаларын ұйқыға жатқызған соң өзі жастыққа бас қояды. Бірақ ел қатарлы таңға дейін жақсылап ұйықтап, демалу дегенді Шаяхмет әлдеқашан ұмытқан. Түнгі он екіге дейін ғана көз шырымын алады. Содан кейін таңғы алтыға дейін жазу үстелінде отырады.
Сырқат әйелінің балаларын оған аманаттап тапсырғанын суреттеген «Саған аманат» деген шығармасы да осы кезде дүниеге келді. Балаларға арналған әңгіме, өлең, очерк, повестермен қатар өзі бозбала шағынан қалам сермеген детектив жанрындағы шығармаларды да жаза берді. «Із кесу», «Қылмысты құтылмайды», «Ерекше тапсырма» атты детектив жанрындағы кітаптарының жалғасы ретінде құқық қорғау тақырыбындағы туындыларды да дүниеге әкелді.
Шаяхметтің Алматыдағы жұмысы орнықты болғанмен төленетін жалақы мардымсыз еді. Күнделікті шай-пұлдан артылмайды. Жас жеткіншектерге киім-кешек қажет, мектеп керек-жарақтары тағы бар. Оның бәріне бозторғайдың көз жасындай болмашы жалақының жетпесі анық. Балаларының қарны тоқ, киімі бүтін болғанын ойлаған ол мынандай бекем қадамға барды. Одақ ыдыраған кезде басқа тауарлар сияқты ауруханалар мен емханаларда дәке тапшы еді. Ташкенттің Шыршық қаласында дәке өндірісі әлі де қарқынды екенін естіген Шаяхмет дәке саудасын қолға алады. Жұма күні кешке жұмыстан шыққан соң пойызбен Өзбекстанға жол тартады. Жексенбі күні дәу қап дәкемен Алматыға оралады. Жаңадан тәуелсіздігін алған республикалар арасындағы экономикалық сауда-саттық жолға қойылмай тұрған шақ. Облыстағы аурухана, емхана атаулы Шаяхмет Құсайынұлына дәкені тапсырыспен алдыратын болды. Бірақ Шаяхметке Өзбекстаннан тауар тасу оңай болған жоқ. Әр жолы түрлі кедергілер кездесіп, тіпті қарақшылардың шабуылына ұшырағаны бар.
«Бала үшін не істемедім дейсің? Ұл-қыздарым анасыздық зарын тартпасын, жетімсіремесін деп, бар қажыр-қуатымды аямадым. Ташкентте қарақшылар шабуыл жасағанда өзімді өзім қорғауға тура келді. Сондай сәттерде әскери қызметте алған «самбо инструкторы», «бокстан екінші разряд иегері» деген тәрізді біліктілігім көмектесті. Қазақша күрестен де құралақан емеспін».
«Анасы жоқ деп кім айтады?»
ⒸБалаларым қатарынан қалмасын, тапшылық көрмесін деп барынша тырыстым. Ел «Байқұстар анасы қайтыс болған соң аш жүр, киімі де жұпыны» демесін деп, балалардың дұрыс тамақтанып, жақсы киінуін өзім қадағалаймын. Әсіресе оқушы қыздарымды мектепте «киімің жоқ» деп ешкім түртпектемеуін ойлап, сапалы киімнен таңдап тұрып, сатып аламын. Бір күні Шынар деген қызыма (ол кезде он бір жаста) мектептегі мұғалімі: «Сені анаң жоқ деп кім айтады? Түске дейін бір көйлек, түстен кейін бір көйлек киесің» депті. Балаларымның киімі бүтін, тамағы тоқ, оқу үлгерімі жақсы болып, толыққанды отбасының баласы сияқты болғанына мұғалім де таңданса керек».
«Сіз анасының орнын жоқтатпаймын» деп қанша тырыссаңыз да қыздарға әйел тәрбиесі керек қой?» дегенімде, Шаяхмет Құсайынұлы былай деп жауап берді: «Ел «шешесі жоқ болған соң жыртық, мыж-мыж киім киіп жүр» деп айтпасын деп кішкентай кезінен балаларымның киімдерінің сөгілген жері болса тігіп, түймесі түссе өзім қадап, үтіктеп беретінмін. Үш қызым да үй шаруасын тиянақты орындауды, ас пісіруді менен үйренді. Кейін келін атанғанда да үй шаруасына ұқыпты екендігін көрсетті. Бүгінде құда-құдағиларым тәрбиелі қыз өсіргеніме риза».
«Әкем пісірген наурыз көже»
«Тоқсаныншы жылдардың басы. Қызым Шынар Есік қаласындағы Р.Тоқатаев атындағы мектепте 4 сыныпта оқитын. Бірде жұмыстан үйге келсем, қызым жылап отыр. Наурыз мейрамы қарсаңында мұғалім көже жасап әкеліңдер деп, оқушыларға тапсырма беріпті. «Ең дәмді наурыз көже» деген байқау болады екен, соған Шынардың сыныбы қатысатын көрінеді. Алайда мұғалім анасының жоқтығын ескеріп Шынарды көже жасаудан босатыпты. «Сенің анаң жоқ, көжені жасамай-ақ қой» депті. «Қызым, жылама! Наурыз көжені мен жасаймын» дедім. Сөйтіп түні бойы қазанға көже пісірумен болдым. Жұрт жеті түрлі дәм қосса, мен тоғыз түрлі дәм салдым. Көжеге құрт езіп, араластырып, ішіне сүр қазы да салдым.
Қызым мектептен қуанып қайтты. Менің көжем бас бәйгені алыпты. Мектепке келген комиссия көжені татып көріп, таң қалып, «Неткен дәмді көже! Бұны кім пісірді?» деп сұрағанда Шынар «Бұл әкемнің пісірген көжесі» деп жауап беріпті. Мұғалімдер «Бұл көже ерекше дәмді, комиссия ішсін» деген екен.
Балаларым кешке дастархан басына жиналғанда айтатынмын: «Мен барда жетімдік көрмейсіңдер. Анам жоқ деп налымаңдар. Сендер тәрбиелі, білімді боп өссеңдер мен үшін қуаныш сол». Шаяхмет әкелік міндеті — ұрпағын материалдық жағынан қамтамасыз ету ғана емес, қоғамда өз орнын алатындай, өнегелі адам болуы үшін олардың тәрбиесіне барынша көңіл бөлді. Төрт баласын асырау қамымен бірнеше жұмысты қатар істеп, тер төгумен қатар ұлын тәртіпті, қызын ибалы етіп өсірген ұлағатты әке. Ол балаларына «үлкенді сыйла», «бейпіл сөйлеме», «бос жүріске салынба» деген тәрізді ақылды да ұдайы айтып отыратын.
«Біздің жалғыз әкеміз бар. Ол — сіз»
Шаяхмет Құсайынұлы баласының алды үйленіп, кейінгілері қалаған мамандықтарын игеріп бөлек кеткен шақта жалғыздықты сезіне бастайды. Балаларының құдалығы мен үйлену тойын қазақи рәсімдермен атқарып, жеке отау тіккізген соң үйде жападан жалғыз қалған Шаяхметтің көңілі құлази бастайды. «Ұл-қыздарым үйленіп, отау тіккенде олардың қоржынына дейін достарымның әйелдерін шақырып, дайындатып, ел «жетімнің жасауы», «жетімнің тойы» деп айтпасын деп, барымды салдым. Балалар қанат қағып, әркім өз бағытымен кеткен соң жалғыз қалған менің жаным жүдейтін болды» деп еске алады сол кезді Шаяхмет Құсайынұлы. «Балаларым ержете бастағанда-ақ «Әке, сізге келіншек алып берейік» деп айтып жүретін. Мен қарсы болатынмын. «Жоқ, маған әйел керек емес, сендер өмірден өз орындарыңды тапсаңдар мен үшін бақ сол» деуші едім. 1990 жылдан 2003 жылға дейінгі он үш жылды балаларыма арнаппын. Бәрінен жалғыздық қиын екен. Тамағымнан ас өтпеді. Түнде елегіземін. Жалғыз қалуға болмайды» деп шештім.
Осылайша жиырма алты кітаптың авторы, жазушы Шаяхмет Құсайынұлы «Жолбарыс жүрек» деген кітабы шыққан жылы Нұрғайша есімді келіншекті кездестіреді. Қаратау тау-кен университетінің ұжымы жазушымен шығармашылық кездесу ұйымдастырады. Шаяхмет Нұрғайшамен осы әдеби кеште танысады. Нұрғайша да өмірдің қиын өткелдерінен өткен жан, қосағы ішімдікке салынып, қос ұлын жалғыз өзі бағып жатқан кезеңде тағдыр Шаяхметтей азаматты жанына серік етті.
Шаяхмет Нұрғайшаның екі ұлын да бөтенсітпей, бауырына басады. Есікке көшіріп әкеліп, өзінің балаларымен таныстырып, «Бір-біріңе бауыр, қамқор болыңдар. Бәрің менің баламсыңдар» дейді. Шаяхмет енді Нұрғайшаның екі ұлының білім алып, өмірден орын табуына атсалысады. Оларға білім беріп, үйлендіреді. Ұлдар өмірден өз орнын тапты-ау деген кезде Шаяхмет қос ұлды шақырып алып былай дейді: «Сендерді қанатымның астына алып, бағып-қағуды өз мойныма жүктеген едім. Сол міндетті орындадым. Енді өз әкелеріңді тауып, араласамын десеңдер қарсы емеспін». Сонда Данияр деген жігіттің айтқаны: «Біздің жалғыз әкеміз бар. Ол — сіз».
ⒸОсылайша өзінің үш қыз бір ұлымен қоса екінші жарының қос ұлын тәрбиелеп өсірген Шаяхмет әке бүгінде он алты немере, үш шөбере сүйіп отырған қадірменді ата. Тұңғышы Назгүл — педагог, ұлы Еркебұлан — қос дипломды заңгер, Шынар — экономист-бухгалтер болса Аяна — Алматы қаласында дәрігер болып жұмыс істейді. Ал кенжесі Алуа әке жолын қуып, шығармашылықпен айналысуда.
ⒸБаспасөздегі әріптестері оның қашанда өткір тақырыптарды қозғайтын қарымды қаламгер екенін білсе де қайтпас қажыр иесі, қайсар әке екенін біле бермеуі мүмкін. Халықаралық Жазушылар Одағының, Қазақстан Жазушылар Одағының және Журналистер Одағының мүшесі, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы, ақын Шаяхмет Құсайынұлының өмір жолына қарап отырып, біз нағыз ұлағатты әкенің болмысын көргендей болдық...
Шарафат Жылқыбаева
«Қамшы» сілтейді