«АҚИҚАТ АҢЫЗДАН БАСТАЛАДЫ...» – дейді сексеннің сеңгіріне шыққан археология ақсақалы профессор Мадияр Елеуов
Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Қазақстанның оңтүстік әсіресе, Қаратауға қатысты өңірлерінде археологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, ескерусіз қалып, есепке алынбаған 2000-нан астам жаңа ескерткіштерді ашқан археолог профессор Мадияр Елеуовтың есімі елімізге кеңінен мәлім. Олардың ішіндегі маңыздыларының бірі – Есімханның ескерткіші еді.Бейнеті мен зейнеті мол кәсібін Есімханның ескерткішін ашудан бастаған ғалым ақсақал ғылыми айналымға енгізген ескерусіз қалған, әртүрлі тарихи кезеңнен сақталған археологиялық ескерткіштердің қазіргі жалпы саны екі мыңнан асып жығылады.
... Жамбыл аймағынан бастау алған қарт Қаратау Сыр дарияның орта ағысында орын тепкен Шиелі өңірінің теріскей жағын жағалай келіп, «Қарамұрын» шоқысымен жапсарласып бітеді. Осы Қаратаудың бір сілеміндей болып Шәулімше жотасы жатыр. Ілгері уақытта тау болса керек, кейін шөге-шөге аласарған. 1940 жылы осы Шәулімшенің етегінде 40 кепе пайда болды. Оның тұрғындары дарияның арғы бетіндегі Қарғалы, Кепелі және Қызданай деп аталатын елді мекендерден келген тарақтылар болатын.
Келе-келе жан-жақтан келіп қосылғандардың есебінен ауыл аз да болса ұлғайып, жеті жылдық мектеп ашылды. Мекенге Сырдарияның арғы жағалауында алғаш құрылғанда (1935 ж.) берілген «Еңбекші» атауы қайтарылды.
Мадияр осы ауылдан 7-сыныпты бітіріп, Шиелі кентіндегі №47 орта мектепті тәмамдап, әскерге алынды. Отан алдындағы борышын Қара теңізде 3 жыл теңізші жауынгер (матрос) болып атқарып, ауылға аман-есен оралды. Елге келген соң шаруашылықтың сан түрлі саласында шопан көмекшісі, қарапайым колхозшы, т.б. қара жұмыстар істеді.
Тынымсыз жұмыста жүргенімен қолынан кітап түспеді, қажет оқулық, кітаптарды оқып жүріп, емтиханға дайындалды. Алдында бір-екі рет сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне емтихан тапсырып, конкурстан өте алмай қалған-ды. Енді қалайда түсу керек. Оның бір ұтқаны әскерде жүріп партия қатарына қабылданғаны еді. Коммунист болғаны бар, үздіксіз дайындалғаны бар сол жылы жүрегі қалаған университеттің тарих факультетіне оқуға түсті.
1975 жылы университетті үздік бітіріп, деканаттың ұйғарымымен жоғары оқу ордасында қалып, археология және этнология кафедрасында лоборант, ассисент, аға оқытушы, доцент қызметін атқарды.
Мадияр Елеуов 1991 жылы археология саласы бойынша ғылым кандидаты, 1999 жылы ғылым докторы диссертациясын қорғады. 2008 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, 1999-2001 жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия мемлекеттік университетінде археология және жалпы тарих кафедрасының меңгерушісі, 2001 жылдьң аяқ кезінде Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті археология және этнология кафедрасының меңгерушісі әрі 2001-2008 жылдар аралығында аталған университетте Археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметін атқарды. 2007 жылдан бастап «Археолог» Халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. Ұлттың ұмытқанын, жұрттың жоғалтқанын, көрінген төбенің астында тарих жатқанын айғақтап, іздеп тауып, соларды ғылыми айналымға енгізу мақсатында тынымсыз еңбек етті. Ерен де қауырт істері мен төгілген маңдай тері өз жемісін берді. Шу мен Талас өңірін аралап, Оңтүстік Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық елді мекендері мен қалаларының пайда болуы, қалыптасуы, даму тарихы зерттелді. Ұлы Жібек жолының Қазақстан арқылы өткен бөлігі мен Қазақстанның ортағасырлық керуен жолдарын табысты зерттеп, бұрын беймәлім болған талай тарихтың сырын ашты.
Республикаға және алыс-жақын шетелдерге кеңінен танымал тынымсыз археолог, ізденгіш тарихшы Мадияр Елеуов Қазақстанның «мәдени мұрасына» жататын тарихи жәдігерлердің үлкен жанашыры. Профессор Елеуов елеусіз ескерткіштерді ашу, қорғау және сақтау ісіне сүбелі үлес қосып келеді.
2002-2007 жылдары ол басшылық еткен «Тұран» археологиялық экспедициясы Жамбыл, Қызылорда облыстарының Қаратауға қатысты өңірінде кең көлемде археологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, осы уақытқа дейін есепке алынбаған 1000-ға жуық ескерткіштерді ашып, оларды ғылымға енгізді. 2008 жылы Мадияр Елеуовтің басшылығымен «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы Созақ ауданында археологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, бұрын белгісіз болып келген 277 ескерткішті ашып, Созақ ауданының тарихи-мәдени ескерткіштері қатарын көбейтті. Мадияр Елеуов Қазақстанның ортағасырлық қалалары мен керуен жолдарына арналған 230-дан астам ғылыми мақаланың, 4 монографияның және археологиялық зерттеулерге арналған «Археологиялык зерттеулердің әдістері» атты қазақ тілінде шыққан алғашқы оқу құралының авторы. «Шу мен Талас өңірлерінің ортағасырлық қалалары» (1998 ж.), «Ескерусіз қалған ескерткіштер» (2005 ж.), «Қаратаудың ортағасырлық керуен жолдары» (2007 ж.), «Қарақұр ескерткіштері» (2008 ж.) атты монографиялық еңбектерінде ортағасырлық Қазақстанның өзекті мәселелері қарастырылған. Сонымен қатар осы еңбектерде тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін сақтау, қорғау және оларды насихаттау мәселелері көтерілген. Профессор Мадияр Елеуов өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап 2010 жылға дейінгі аралықта Шиелі ауданының көлемінде археологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, осы уақытқа дейін ғылымға белгісіз болып келген жалпы саны 70-ке жуық әртүрлі тарихи кезеңдерден сақталып келе жатқан археологиялық ескерткіштерді ашып, ғылыми айналымға енгізген. Олардың қатарында ортағасырлық қалалар мен елді мекендер және Қаратау мен Сырдарияны жағалап жүрген керуен жолдары бар. Мұның бәрі «Шиелінің археологиялық ескерткіштері» атты кітабында баяндалады.
Оның еңбегі лайықты бағасын алып келеді. Жоғары оқу орындарында атқарған табысты еңбегі үшін 2006 жылы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен», 2009 жылы жоғарғы оқу орнының «Үздік оқытушы – 2009» белгісімен марапатталды. Тарихтан тағлым алған, бүкіл өмірін соған сарп еткен азаматқа 2010 жылы Президент Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
Сонымен қатар, Шиелі ауданының құрметті азаматы, жерлесіміз археолог, ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов өзінің кіндік қаны тамған туған жері Шиелі ауданына, оның тарихи-өлкетану музейіне анда-санда болса да атбасын бұрып тұрады. Сондай бір кездесуде өлкеміздің тарихын зерттеуде маңызды тарихи құндылық болып табылатын археологиялық жәдігерлер мен қолжазба кітаптарды сыйға табыстаған болатын.
Ғалымның музей қорына өткізген эскпонаттарының арасында Сыр бойының орта ағысындағы ортағасырлық қалаларда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған керамикалық ыдыстар (хумдар, тегенелер, құты көзелер, әртүрлі көлемдегі құмыра, кеселер), қаптырама қыштар, тас диірмендер, шырағдандар т.б. археологиялық жәдігерлер мен өзінің жеке кітапханасынан алынған Қазақстан территориясындағы түрлі тарихи кезеңдерден сақталған археологиялық ескерткіштер де бар. Қазақ халқының этнографиясы жайлы құнды деректер болып табылатын ол кітаптардың ұзын ырғағы 280-нен асып жығылады. Олардың арасында кeзіндe қыпшақтaрдың, Aқ Ордaның, oдaн cоң Қaзaқ xaндығының aстaнаcы болғaн ортағасырлық Cығанaқ қаласынан алынған жәдігерлердің орны ерекше.
Сол қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер жас ұрпаққа өлкеміздің тарихын көрсетуде музей қорын түрлендіре түсті. Осындай құнды археологиялық жәдігерлермен музей қорын толықтыруға өзінің үлкен үлесін қосқан Мадияр Елеуовке жерлестері шексіз риза.
Сарайшықта алғаш рет археологтар қалпына келтіруді ұсынатын Алтын Орда кезеңіндегі Керуен-сарай табылды. Сарайшық елді мекенінен 20 шақырым жерде, жаңадан табылған Қарағайлы елді мекенінде жергілікті археологтар қыш ыдыстардың, сәндік әшекейлердің, мыс монеталардың сынықтарын тапты. Археолог Мадияр Елеуов бұл ауданда сауда жолының бойында үлкен қоныс болғанын айтадып. Қарағайлы елді мекенінің батыс жағында шамамен 4-5 төбе байқалды. Олардың біреуін зерттеу кезінде топырақ қабатының астында күйдірілген және кірпіштен салынған ғимараттың қалдықтары бар екендігі анықталды. Ғимарат екі бөлмеден тұрады, үлкен бөлменің өлшемі – 4,8х4,8 м, кіші – 4,8х2,4 м, қабырғаның қалыңдығы – 1,25 метр, сақталған биіктігі – 80 см. бөлмелердегі едендер керамикалық кірпішпен қапталған.
Ғимарат шамамен XIV-XVІ ғасырларға, Алтын Орда дәуіріне жатады. Бұл Сарайшық, Сарай Бату және Қажы Тархан арасындағы алғашқы ірі ескерткіш.
«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының археологтары өткен жылдан бері Ұлы Жібек жолының тармақтарын зерттеуде. Биыл 10-нан астам Алтын Орда елді мекені табылды.
Асыл мұратына жеткізген өзінің сүйікті ұлттық университеті археология ақсақалы атанған профессор Мадияр Елеуовтың 80 жылдық мерейлі мерекесін кең көлемді ғылыми конференция өткізіп атап өтті.
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Шиелі ауданының құрметті азаматы
Шиелі ауданының құрметті азаматы







